«Қазақстан» ұлттық телеарнасында жастар поэзиясына арналған жаңа жоба

«Қазақстан» ұлттық телеарнасында жастар поэзиясына арналған жаңа жоба

16 тамыздан бастап «Қазақстан» ұлттық телеарнасынан жас ақындардың шығармашылығына арналған әдеби-танымдық «Поэзия әлемі» бағдарламасы көрерменге жол тартады, деп хабарлады «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясының Баспасөз-қызметі.

Отандық телеарналарда поэзияға, әсіресе, жастар поэзиясына арналған  жеке бағдарлама жоқ. «Поэзия әлемі» – бүгінгі қазақ ақындарының өмірі мен тыныс-тіршілігі, жеткен жетістіктері және олардың поэзиясымен таныстыратын бірегей жоба.

Оның мақсаты - поэзияны жаңа қырынан,  жаңа форматта таныту, өлең оқуда биік талғам қалыптастыру, ағартушылық бағытта жұмыс жасау, бүгінгі қазақ поэзиясының жеткен жетістіктерін көрсету, жаңа леп әкелген есімдерді анықтап, таныстыру.

Сонымен қатар, жеке ақынның өзіне ғана тән портретін жасап шығару және оның өміріндегі ең қызықты, ең қайғылы немесе ең шешуші сәттеріндегі мінез-құлқы мен болмысын ашып көрсету шығармашылық топтың алдында тұрған негізгі мақсат болды.

«Поэзия әлемінің өзге әдеби-танымдық бағдарламалардан ерекшелігі - жас ақынның өлеңдеріне арнайы бейнебаяндар түсірілді. «Поэзия әлемі» жобасының алғашқы кейіпкері – жастар әдебиетінің көш басында тұрған Маралтай Райымбек.

Өлеңсүйер қауым, «Қазақстан» Ұлттық телеарнасынан 16 тамызда сағат 12.55-те «Поэзия әлемі»  бағдарламасын көре аласыздар. 

Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова

Сурет: vk.com

М. Оңғарова