Ұлықбек Есдәулет өлеңдері түрік тілінде жарық көрді

Ұлықбек Есдәулет өлеңдері түрік тілінде жарық көрді

Қазіргі қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, өлең-сөздің хас шебері, Мемлекеттік және халықаралық «Алаш» сыйлықтарының иегері, ақын Ұлықбек Есдәулеттің түрік тілінде "Siirler" ("Жырлар") деген атпен жыр жинағы жарық көрді.

Жинақ Анкара қаласындағы "BENGU" баспасынан шығып отыр. Өлеңдерді түрік тіліне аударған «ДА» платформасының Қазақстандағы өкілі, қаламгер, «Серпер» жастар сыйлығының лауреаты Мәлік Отарбаев, тәржімасын редакциялаған белгілі түрік ақыны Метин Өзарыслан. Жыр жинақтың алғы сөзін Еуразия Жазушылар одағының төрағасы, белгілі түрік прозашысы Якуб Омероғлы жазған.

Ақын жаңа кітабы жөнінде фейсбуктегі жеке парақшасында: «Менің жылқы жылы туғанымды ескеріп, кітап мұқабасын арғымақтардың суретімен безендіріпті. Кеше Бакуден телефон шалған ақын досым Акиф Ахмедгил осы кітаптың шыққанын естіп, электронды нұсқасын сұратты. Түрік тіліндегі тәржіманы ешқандай өзгертусіз Әзірбайжанда басқылары келетінін айтты», - дейді.

Өскеменде өткен ақынның 60 жылдық мерейтойында Якуб Омероғлы арнайы келіп, осы сүйінші хабарды қалың оқырманға жеткізген болатын. Әзірге ақынның қолында жинақтың тек 20 данасы ғана бар екен. Бұған дейін талантты ақынның Қытай, Монғолия елдерінде де бірнеше кітаптары жарық көрген болатын. Алдағы күзде Түркия елінде және Алматы, Астана қалаларында ақын жинағының тұсаукесер рәсімі болады деп күтілуде. 

Дайындаған: Шерхан Талапұлы

Сурет: Ұлықбек Есдәулеттің фейсбук парақшасынан

Н. Айдархан