Кофе ұрлаған бала

Кофе ұрлаған бала

1961 жылдың қысы оған өте суық болды. Жүргізуші әкесі көлік апатына ұшырап бір аяғынан айырылып, балдаққа сүйеніп қалды. Бұл әкесінің ендігіде қызмет істемейтіндігін, үйдің де экономикалық қайнарының үзілгенін аңғартады. Әкесі қызметінен қол үзген соң тұрмысқа деген сенімі мен батылдығынан айырылып, әр күні шерін арақпен шығаратынды тапты. Ол азырақ тентектік істесе болды, әкесінен сөгіс естіп, таяқ жейтін.

12 жасқа толған жылғы Жаңа жыл мерекесі түні. Үй-үйде шырақ жайнап, дәмді тағамның хош иісі мұрын жарады. Бірақ оның шешесі қарызға ақша таба алмай, күні бойы түнеріп жүрді. Әкесі ашудан жарылардай болып, оларды боқтады-ай кеп. Дағдарған шешесі балаларды көшеге шығып ойнап келуге жіберді. Қарны әбден ашқан үш бала бір дүкен алдында сарғайып піскен тағамдардың тұрғанын көздері шалды. Үлкен ұлға лезде бір ой сап ете түсті, ол інісі мен қарындасын үйге қайтарып жіберді де, өзі әдемі қорапталған кофе қорабынан көз алмай қарап тұрып, әкесін қуантуды ойлады. Сосын лып еткізіп кофе қорапшасын мақталы киімінің ішіне тыға қойды, қап-ай, дүкен қожайыны байқап қалды да, «Ұрыны ұстаңдар!» деп айғай салды. Ол жалт бұрылып қашып, зытып беріп, дүкен қожайынын көз жаздырып кетті. Үйіне келіп, әкесіне кофе қорапшасын беріп еді, әкесі қатты қуанды. Оны ашқан заман, кофенің хош иісі бұрқ ете түсті, бірақ дәмін татуға үлгермей жатып, дүкен қожайыны жетіп келіп, істің шын сыры ашылды. Әкесі оны өлімші етіп сабады.

Бұл Жаңа жыл мерекесі жүрегінен кетпестей орын алды. Кейін ол солтүстік Мичиган университетіне оқуға түсті. Жол қаражатын үнемдеу үшін демалыста да үйіне қайтпай жұмыс істеді. Қиыншылыққа толы орта оны шыңдады. Мектеп бітірген соң, сатушы қызметкерден бастап, жұмысқа кірісіп, біртіндеп бір серіктестіктің орынбасарына айналады.

Бір күні оған шешесі қоңырау шалды. Шешесі әкесінің оны сағынғанын, көргісі келгенін айтады деп ойламаған еді. Дәл сол кезде ол бір тұтынушыларымен қарбалас келіссөз өткізіп жатқандығын, қазірше бара алмайтынын айтты. Екі жұмадан кейін үйіне қайтқасын ғана әкесінің дүниеден өткенін бір-ақ білді. Кейін әкесінен қалған дүниелерді жинастырып отырып, сырты жолақтанған бір кофе қорапшасын байқады. Ол 12 жасында ұрлап алған әлгі кофе қорабы еді. Қораптың бетіне «Балам берген сыйлық, 1964 жыл, Жаңа жыл мерекесі» деп жазылыпты. Ішінде хат бар екен. Онда: «Сүйікті ұлым, әке болу тұрғысынан қатты жеңіліске ұшырадым. Саған жақсы тұрмыс жасап бере алмадым. Менде де арман бар, менің ең үлкен арманым кофехана ашып, демалыс күндері сендерге кофе дайындап беру еді. Бұл арманым іске аспады. Балам, сенің сондай бақытқа кенелуіңді үміт етемін» деп жазылыпты.

Осылайша сол кездегі жеген таяқ қастерлі естелікке айналды. Хатты оқыған соң ол қатты қасірет шекті. Келіншегі Шули: «Әкеміздің кофехана ашу арманын біз жүзеге асырайық»,-деп шабыттандырды.

Сонымен ол кофеханаға қатысты мәліметтерге назар аудара бастады. Ол бір кофе дәнін өндіретін компанияның сатылатынын естіді және бұл серіктестікке әуесі қатты ауды. Сонымен жылдық еңбекақысы 7500 долларлық қызметінен кетіп, осы кофе дәні компаниясының сату жұмысын қолға алды, бірақ ол арманынан әлі алыс жүрген-ді, оның үстіне сол серіктестіктің бастықтары оны мойындамады. Сонымен ол амалсыз қызметінен тағы шегінді. Кейін жан-жаққа шапқылап жүріп, қаржы жинады, бірақ оны қолдап түсінген ешкім болмады, кейбіреулер оны бұл ойдан қайтуға, істей алатын жұмыстарды жасауға насихаттады. Сонда да ол алған бетінен қайтпады. Екі жылдан кейін ауыр азапты күндерді бастан кешіре отырып, ақырында жеткілікті қаржы жинап, өзі жұмыстан кеткен кофе өндіру компаниясының барлық жарнасын сатып алды. Мінеки, бұл әйгілі "Старбакс" компаниясы еді, ал оның қожайыны болса, әкесінің арманын іске асырған осы кедей бала Говард Шульц болатын.

Бүгінде "Старбакс" компаниясында 150 мыңға жуық қызметкер жұмыс атқарады, айналымдағы қаржысы 10 миллиард АҚШ долларынан асады, таза пайдасы 1 миллиард АҚШ долларын құрайды.

Дайындаған: Сұңқар Ақбоз

Сурет: theguardian.com

M. Auelkhan