Рақымжан Отарбаев. Американың ұлттық байлығы (Әңгіме) #4

Рақымжан Отарбаев. Американың ұлттық байлығы (Әңгіме) #4

(Басы)

Ертеңіне орнынан маңдай әжімі батыңқырап, жағы суалып тұрды. Жеті мүшесі бір-бірін ауырсынғандай, шабан қимылдап киінді.

Басы қайқайып кеткен сүре шегеде ілулі тұрған мылтығы мен оқшантайына қарағысы келмей көзін алып қашты.

Жетес боз ала таңда аттанып кетіпті. Сыртқа бетте- ген. Наурыз кеп сере қардың көбесі сөгілгенімен, кемпіршуақ жеткізер емес. Ауада шыңылтыр аяз бар. Бітеуде тұрған уақ жандығына шөп салайын деп, айырын қолына алды. Қадиша: «Қораның ішін қи мен сабаннан тазартып, намаз оқығандай етіп кеттім», – деп еді. Рас екен. Дөңгеленіп қалыпты. Малын жайғап біткен соң да үйіне кіргісі келмей түртінектеп жүріп алды.

Әлгі шынжау сарының сайтанның сапалағындай сап ете түсіп, тып-тыныш тірлігін алақұйын етіп кеткенін қарашы. Заржақ неменің білмейтін сұмдығы жер астында. Баяғыда үгітші боп «Горбачев жасасын!»,

«Қайта құру жасасын!» деп ала қырды ат терлетіп шауып елдің зықысын алып еді. Мал баққан момын жұрт тап бір «Жасамасын!» деп қарсыласып жатқандай.

Горбачев тағынан тайғанда Жетестің де сөз ләмі лезде құбылып сала берген. «Біліп ем тап осылай боларын. Қарға саңғып кеткендей бас қондырысының өзі ұнамайтын. Райса өзіміздің қыз ғой, татар ғой. Байына билік бермеді. Күйеу бала ынжық екен. Арандап қалды», – деп бір садақада желдей есіп отырған.

Кешегісін айтсаңшы…

Ғаламдасамыз, шекараны жоямыз, бәріміз құшақтасып табысамыз дей ме, Алла, ит-ай, мұның құшағына кім зәру боп отырғанын?..

Бір ғажабы, қаншама «ақ шақыр» десең де, мұның аузына  іліккен  жаманаттың  келмей қалғаны  жоқ.

«Ішкені  ұнамайды,  бетіммен  жер  басып  біттім», – деп жүріп Ельцинді де орнынан алып тынған жоқ па? Қойнынан қағазын жылтыңдатып қоймап еді, бұған да тықыр таянған да…

Қызыл тайыншаны қамаған шибөрі көздеп атар кезде тым құрығанда қасқыр мен қарсақтай жалт беріп жоғалмай, қасқайып тұра берді-ау. Тек «мияу» деп дауыс шығарған. Бұл: «Әй, Қапар, әліңді біл, құмырсқа, жолыңды біл», – дегені-дағы. Артыңда Америкадай елің тұрса, келсең кел деп қасқия қалмағанда қайтеді?!

Оқ пәршелеп кеткен екі басты кесіп лақтырып, терісін кергішке кигізген. Қан-сөлі тамып тұрған етті көміп тастауға қимай итаяққа сүйей салған. Құтжол шоқ басқандай ыршып түссін. Қыңсылап қыр асып қашып, үй маңын көрмей жүріп алды. Жеті қазынаның бірі ғой, ит те болса бір жаманатты сезген-ау.

Жастай кепкен қос теріні қанжығасына бөктеріп Қанішкенге барған. Ондағысы қасқыр басына алты мың теңгеден «байғазы» береді, шибөріге соның жар- ты ақшасын қиса да, аз нәпақа ма деген ой. Ақсаймын деп жатып-тұратын агент байғұсты тері мен шуаш иісі қолқаны атқан құрқылтайынан тапты. Әншейінде мұны көргенде жайылып түсетін сорлы кірпідей жиырыла қалыпты. Қара тонның жағасынан басы көрінбей: «Жоғалт! Жоғалт көзін!» – деп сырт айнала берген.

Бұл қаңғыс та бар сұмдықты біліп, ішіне бүгіп тұрған болды…

Пәнде  пақыр  қашан  да  өз  сорын  өзі  іздеп  табады ғой. Айдалаға лақтырып кетпей, екі теріні дүние көріп, үйіне кері алып кеп барқыттай ғып илегенін айтсаңшы…

Түс ауа тоқал тамына кіріп шай қойған. Бірер кесемен тоқтады. Көкірегінің басына түйіншек боп қадалып тұрып алды. Сосын бата жасады да қисая кетті.

Қисая  кеткенде  көзі  қайтадан  көкті  көздеп  тұрған дара ауыз мылтығы мен оғы ұядағы балапандай шүпірлеген оқшантайға түскені. Сол-ақ екен:

– Қараң батқыр, жалғыз өзімді жауға талатып, әлгі қатынның да келмеуін, – деп орнынан сілкіне тұрды.

Күн көкжиекке еңкейіп қалыпты. Қора жақтан қой маңырады. Шағыр мен жусанға бөртіп енді су дәметіп тұр. Қарқ ете қалып қанатын жайып аулаққа қарға ұшты. Баспамен өрмелеп тоқал тамының төбесіне шыққан. Аузы қара май жаққандай үңірейіп мұржа тұр. Кешқұрым түтін шықпағасын бұл да жетім екен ғой.

Өндіршек созып айдау жолға қарап еді, алыстан қыбырлап бір қарауытқан көрінді. Сар желдіріп келе жатқан Қадиша шығар. Сән қысып, барқыттай теріні етек-жеңі қырқыла бастаған пальтосының жағасына жапсырып… Қанішкенде қай бір тілеулес ел бар?! Әріп таныса бітті, ақ қағазға күн туады. Еңбектеп жүрген сәбиіне дейін теледидардың алдына жатып ұйықтайды. Солардың көзінше ат үстінде көлбең қағып… Бар дұшпанды соңынан малдай маңыратып келеді десеңші!

Өлейін десе жан тәтті, кірейін десе жер қатты боп торығып «УҺ!» деп жан-жағына көз тіккен.

Екі  қолының  астында  шибөрінің  екі  басы  жатыр. Тұла бойын лап етіп суық леп ұрды. Басы шыңылдап, баяғы бала күнгі бағана басында тұратын бірқұлақ радионың қырылдақ дауысындай түсініксіз шуыл бел алып барады.

– Балалар-ау ойнап жүріп төбеге лақтырып тастаған,

– деп буынын бекітіп еді. Енді көзі бұлдырап, мойны былқылдап қоя берді. Ептеп еңкейіп аяқ астына қараған, мыж-мыж боп жатқан екі бас сығырая қарап бұдан жүз аударар емес. Қап-қара тұмсығын көкке шүйіріп, сазара қалыпты. Тіпті, жер тырнап жылжып, балағынан ала кететіндей. «Африкадағы әумесерлер сазайын тартқан. Ендігі кезек, Қапар, сенікі. Тоқтай тұр, бәлем! Мияу», – дейтіндей.

Жаны қысылып жалма-жан айдау жолға қараған. Қадиша қаракермен лекітіп келеді екен. Етек-жеңі қырқылып қалған ескі пальтосының жағасы қызыл шоқтай жайнайды. Жаға емес, шибөрі мойнын айналып алас ұрып жүгіріп жүргендей. Қонар ұясына ұшқан қара қарға ма, әйтеуір аспанда қарауытқандар қаптап кетіпті. Бірқұлақ радио қайтадан қырылдап, бұ жолы вертолеттің дауысы анық естілді.

– Аллам-ау, – деді амалы таусылған аңшы үні тозып, мұржаға сүйене кетіп. – Шәуілдеген жаман шибөрі Американың ұлттық байлығы болсын. Мен сонда Қазақстанның кімімін? Өкпесіне тебер өгейімін бе? Бұ дүниеде жиғаным, о дүниеде иманым бұйырмай кететіндей сұрауым жоқ па? Оң қол қиянатқа жүгірсе, сол қол арашаға ұмтылмас па... Бұл ел – ел ме, әлде ашық-тесік жатқан мал қора ма?..

Көзінен екі тамшы жас езіліп түсті.

Батар күн пәни дүниенің қашты-қуды қызығын қимағандай, бір құлағын қылтитып, айналаны жез легендей жылтыратып тұр.

(Соңы)

Дайындаған:Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: azattyq.org

M. Auelkhan