Қуандық Түменбай. Жапон құданың қалауы (әңгіме) #соңы

Қуандық Түменбай. Жапон құданың қалауы (әңгіме) #соңы

(Басы)

Сосын Тəкеши құда «Тсс-с!» деп қос қолын көтеріп бəрін тыныштыққа шақырып, жылтыр қалта сұрады. Манат жүгіріп барып жылтыр қалта əкелгенше, ол шырт-шырт еткізіп селт тұрған жəндікті əлденеше суретке түсіріп алды. Сосын жылтыр қалтаны ортан беліне дейін түріп, дəл тіл табысқан ескі таныстардай иіліп, жəй-жəй басып келді де, көзі бір нүктеден ауытқымай тұрған құрбақаның басына төңкере сап аузын буды. Қазақ құда жапон құдасының майдан қыл суырғандай мəттақамдығына таңғалды. Сосын арықта ұйысып өскен көк шиінді уыстап жұлып ап жылтыр қалтаға салды.

– Бұл Жапонияға жеткенше жеп баратын тамағы ғой, – деді күлімдеп. Келгелі таңғалмаған Ғалым құдай қосқан құдасының нəзік болмысына аузын ашып, көзін жұмды. «Ауылдағы кəрістердей емес, бəрін біліп істейді екен» деп бас шайқады. Жылтыр қалтаға салған қалауының сыртынан тағы бір жылтыр қалта кигізіп, оның сыртынан үлкен қалтамен орап ап, құда жолға шықты. Мəшинеге мінерде қолын жүрек тұсына қойып, əрқайсысына жеке-жеке келіннен бетер иіліп, қоштасты. Кір жайып жүріп иіліп-бүгіліп, суы мөлтектеген кірдің тасасында қысылып-қымтырылып тұрған жас келіндерге қолын көтерді. Сөйтіп, бүкіл ауыл жапон құданы жолға шығарып салды. Машина гүр еткенде Ғалым құданың іші шым етті.

«Сол құрбақаны тағы бір көретін екен. Кешке таман құрқ-құрқ етіп, қауындықтың көркі еді. Қадіріңді сыртқа кеткенде білеміз-ау. Қазақтың қауындығындағы бір құрбақа кеміді», – деп маңғаз басып, суы кеуіп, қауын пісікке бет бұра бастаған арықтардың арасын қарады.

– Қауынға су алғанда, арқасы көрініп жүрген балықты ұстамаушы едіңдер. Көрдіңдер ме, өздеріңдей жапонның құрбақаға дейін құр қалдырмағанын.

– Алса, құда ғой.

– Кит кимейтін, қалыңмал дəметпейтін, əйтеуір, кергіп мазаны алмайтын құдаға тап қылған Құдайға мың шүкір! – деп кейуана аға орындықты қозғалтып қойып, бір нəрсені ұмытқандай селк етіп келініне бұрылды.

– Қап, құдаға неге бір қалта күріш сап бермедіңдер? Қуыс үйден құр шығарып. 

– Китін алмаған құда күрішті қайтсін. Олардың есігінің алды мен там төбесі сыңсып өскен күріш. Олар адамнан кейін жылан мен құрбақаны құрметтейді. Апам құдасына барғанда құрбақасын танып, көз жасын сығып ап жүрмесе...

– Құдай соған жеткізсін. Құданың аулын да көрерміз, амандық болса. Шəй қойыңдаршы-ей, бір өзді-өзіміз боп рахаттанып отырып шəй ішейік. Арақ іше бергенше əлгі жапон құда секілді неге ағарған ішпейсіңдер? – деп қауындық жақтан қалған арақты көрсетпей қағып сап келген үлкен ұлдың аузының иісін сезіп қап секемдене сөйледі.

– Құдаң аузыңа түкіріп кеткен бе?! – деді баласы тілі күрмеліп. Кейуана «Көрсеткеніңе шүкір!» деп тағы қайталады. «Осылардың алдында алса» деп белгісіз біреуге наз айтқандай болды. Сары самауыр тезірек қайнаса екен деп, жерде жатқан сексеуілдің жігеріне де көмескі жанармен бір қарап қойды.

Дайындаған: Мейіржан Әуелхан

сурет: azh.kz

Massaget