Ардақ Нұрғазыұлы. Өлген адам (III)

Ардақ Нұрғазыұлы. Өлген адам (III)

Басы

2-бөлім

Қабылдың сонда үйінде қалған жас əйелінің құрсағындағы бала əкесінің жүзін естияр болғанша көрмей өсіпті. Сонда Ыбырайдың бар айтқаны:

– Қаламның не теңі ол, қиянатшы неме, өлем қапсын, – деген екен.

– Сіз айтпасаңыз есімнен шығып та кетіпті, – деді жігіт менің сөзімді бөліп, – бұл күнде қалам жөніндегі сол күннің естен шығып қалғанынан ба екен, кейбіреулер біздің Айнабастауды да өзінікіндей сырттай малданып жүр. Əйтеуір, есеп айрысқан күн əлі туған жоқ. Оның ойына əлдене түсіп кетсе керек. Мен сөзімді ары жалғадым:

– Біраз жыл өткен соң шамырқанған даланың ыстығы үй ішіне ұмтылғанда, түс əлеті болатын. Əйел тентек ұлын үйді-үйді ақтарып таппай қойды. Ауладан да ұшырата алмады. Бала сол тұста қыстақтың ортасында мəуесі кең алапты отарлап жатқан алып қарағаштың жеті салалы бұтағының біріне асылып, құс ұясына қол салуға оқталған болатын. Баланың назары ағаш түбінен өтетін жолға ауды. Ол əсілі қыстақты батыстан шығысқа қарата кесіп өткен май топырағы қопсып жатқан жол болатын. Бала ағаш басында отырып үстіне шымқай қара киген адамға ақ киімді адамның қарсы келгенін көрді. Түскі ыстықта жан біткен үйді-үйіне тығылған. Маңайда жан баласы шалынбайды. Тек шегірткенің дауысы ғана дала тіршілігінің қуаң əуенін əкеледі.

– Қабыл қайтып оралады, жетім мен жесірдің көзі ашылатын күн туса керек, сен соны ойламаған да шығарсың.

– Мен дегенімді істедім, сол да жеткілікті.

– Енді күнің не болар екен, жазықсыз жазалатып едің.

– Қолынан келсе ол да тартқызсын. Бірақ ол өйте алмайды, үстемдік əлі менің қолымда, тек аяғын аңдып бассын! Бала екеуінің сөзін анық естіді. Олар үстеріне жамылған жалаң жамылғысын жұлып алып, бір-біріне төніп келісті. Бала Ыбырайды жəне өз үйлеріне келіп есендік сұрасып тұратын Қалиды таныды. Əлгі екеуі одан ары тіл қатысқан жоқ. Төне қарасып тұрды да, екі жаққа кетті, үстерінен түскен жамылғы ақ-қара болып жерде бірге жатыр. Бала шаңдайақтатып отырып үйіне жетті. Шешесі нан илеп жатқан еді, бала есіктен кіре дауыстады:

– Шеше, аяққаптан қайрағымды əперші, біздің үйге əкем келеді, əкем, — деді ол. Шешесі сонда тосын келген жаңалықтан мелшиіп тұрып қалған. Күн батар алдында аулада үйілген тезек жалындап жанып жатыр. Бала табаға нан салған шешесінің қасында тұр. Ағаш қақпа солқылдады да, аулаға Қали кірді. Иығына көтерген кетпенін түсіріп, от басына келді. Шалбарының балағын түріп алған, жалаң аяғы сауыттанған, батпақ.

– Жеңеше, Қабыл аға қайтып оралатын болды. Басшылар қалаға барып алдынан шығуға мені бұйырды. Ертең ертемен аттансам, күн бата оралармыз. Естіген заман сізге жүгірдім, — деді Қали. Əйел лаулаған от қасында баласын бауырына басып үнсіз тұр. Жүзін жалынға беріп, соған тесіле қараған. Ол сумаңдаған қызыл жалын ішінен бір бейнені көргендей болды. Баланы бауырына мықтап қыса берді.

– Жоқ, жоқ, мен сенбеймін, бəрі жалған, — деді əйел.

Қабыл қайтып оралған соң, жұрт бəрін де түсінді. Өткендегі сыршыл жан томаға-тұйық кем сөзді біреуге айланған-ды. Ау бастағы өзгеріс оған ілесіп келген ақ иттен көрінген. Қабыл жалғыз кетіп, қайтып оралғанда осы екі құлағын шұнтитып кескен, ұзақ күнде мыңқ етіп үрмейтін итті ертіп келген еді.

Қыстақтағылар Қабылды аз көретін. Таң атып, күн шығар сəт пен күн батып, көкжиек қызыл арайға бөленер мезгілде ғана ол қыстақтың кіндігіндегі əлгі алып қарағаштың түбінде отыратын. Көзін алысқа, аспаның жиегіне қадап үнсіз қалатын. Жанарында əлдебір жалындап жатқан оттың шұбатылған алауындай қызыл рең көрінеді, сонда оның қасында қарағаш түбінде құйрығымен жер соғып арпалысқан əлгі ақ ит айналсоқтап ұлиды да тұрады. Үні ұзаққа кеткен иттің дауысы адамның санасында үрейлі елестер туғызатын еді.

Жұрт Қабыл мен Ыбырайдың бетпе-бет келгенін көре алған жоқ. Қабыл баяғысындай ағаш түбінде қалды да, Ыбырай ұлыған иттің зарында құлағын мықтап басып, жастықтан басын ала алмады. Сол күннен соң қайтып тысқа да шыққан жоқ...

Бойына ақ сағым жинаған ай қырдан асып, қарауытқан дөңнің тасасына түсті. Зират үстіндегі уда-шу керістің үні толастап, тұншығып кеткендей болды. Біз өшіп бара жатқан үнге құлақ түре қалдық.

– Шаршаған ұқсайды, дауыс басылып қалды, — деді жігіт.

– Олар шаршағандықтан емес, — дедім мен, — енді жер бетінде басқа тіршілік оянады. Ал олар ертеңгі күнді зарыға күтуге кетті. Сол тұста ыңырсыған сиқырлы жел де шықты. Бұл зират арасындағы əр түп шидің өз əнінде бебеулеген үні болатын.

– Таң атайын деді ме?

– Таң алдының ессіз қараңғылығында отырмыз, көп ұзамай шолпан туады, — дедім мен. Шоғырлы зират арасынан көрінген қара көлеңке жақындай беріп танылды. Шылбырын сүйреткен ат иесін танып оқыранды. Жігіт орнынан тұруға ыңғайланып, сипалап жүріп, шөр арасынан қамшысын тауып алды.

– Мен айтпаған сияқты едім, қалай аңғардың? — дедім мен. Жігіт орнынан тұрып, анда-санда басын көтеріп қойып, жайылып тұрған атына көз салды да, бұрылып маған қарады.

– Сізді көргеннен түйдім! — деді жігіт, — бұл жолмен көп жүргенмін, күндіз мал өргізіп қабір біткенді тұяққа таптататын жандар түнде зират ішінде жүрсе, жай жүрмес, — деп қауіптеніп едім, соңынан, əуелгі ойыма күмəнім қалмады.

Ол атына қарай кетті. Мен орнымнан тұрып зиратқа қарай жүрдім. Ол атын жетектеп əлгінде біз отырған орынға келген болуы керек. Жапырылған шөптен басқа еш нəрсені көре алмаған соң, қарауытқан зират ішіне қарап тұрған шығар. Бірақ ол еш нəрсені көре алмайды. Жер бетінде адамдар əне солай, олардың көзі жарыққа үйренген. Қараңғылықтан жарыққа көз тастаудың ғанибет екенін аңғармаса керек.

ҚХР. «Іле жастары» журналы. 1995ж.

Е. Қайрахан