Әмірхан Балқыбек. "Ақынның апологиясы"

Әмірхан Балқыбек. "Ақынның апологиясы"

2008 жылы Әмірхан Балқыбектің "Қасқыр құдай болған кез" атты кітабы жарық көрді. Кітап үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім - "Қасқыр құдай болған кез", екінші бөлім - "Ауа түстес жыр", үшінші бөлім - "Кесе түбінде төңкерілген Фудзияма" деп аталады. Төмендегі туынды кітаптың үшінші бөліміне топтастырылған. 

Ақынның апологиясы

(Акутагава Рюноскэнiң iзiмен)

I

Дауыс: «Асқақ ұшсаң, абайлап қон» деген сөздi бiлесiң бе?

Мен: Иә. Бұл көне шумердiң сөзi. Мен оны әрбiр жазуға отырар сәтiмде iштей қайталаумен келемiн.

Дауыс: Онда неге дандайсып, тоқмейiлсiп кеттiң?

Мен: Қарапайым журналист-әдебиетшiнi бұлай кiнәлай қоюдың жөнi болар ма екен? Мен тiршiлiк нәпақамды тек мақала жазумен тауып келе жатқанымды ешқашан ұмытқан емеспiн. Ал айына әдеби тақырыпқа екi-үш мақала жазып, дайындауға тиiс адамның дандайсуға, бiле бiлсеңiз, уақыты да жоқ қой. Мақала жазу, бұл ендi, қара жұмыс. Ит сiлiкпең шығады.

Дауыс: Сол мақаласымақтарыңның бiрi «Сюрреализм сарынындағы сандырақ» деп аталатын емес пе едi?

Мен: Иә. Жастау кезiмде осындай мақала жазғаным есiмде.

Дауыс: Сен сонда Гарсиа Маркестiң «Жүз жылдық жалғыздығы» қазақ топырағында дүниеге келуi керек едi деп көкiмеп пе ең?

Мен: Рас. Ондайым болған. Сосын «Жүз жылдық жалғыздықты» немесе сол ыңғайдағы романды қазақ қаламгерi жазып жатса несi айып?

Дауыс: Мiне, дәл осың дандайсу болатын. Сенiң өзiңнiң «Жүз жылдық жалғыздыққа» қандай баға бергенiң жадыңда ма?

Мен: Неге болмасын. Мен оны «Тәураттың» бүгiнгi заманның бейнесiне түсiрiлген көшiрмесi дегемiн.

Дауыс: Ха-ха-ха-ха! Баламашылым... Сондағы шал Буэндиа мен кейуана Урсуланы жұмақтан қуылған Адам Ата мен Хауа Ананың колумбиялықтың қиялында дамытылған әдебиеттегi iзбасарлары деген пiкiрiңнен әлi де қайтпайсың ғой?

Мен: Неге қайтуға тиiспiн?

Дауыс: Ал сен Гарсиа Маркестiң сол романды жазуға жиырма жылдай уақытын сарп еткенiн, миында пiсiрiп, ұзағынан толғап пiшкенiн бiлемiсiң?

Мен: Оқығанымды ұмыта қоятындай халге әлi жете қойғаным жоқ.

Дауыс: Гарсиа Маркес бiраз уақыт өркениеттен бейтарап қалып қойған байырғы тайпалардың арасында болды. «Жүз жылдық жалғыздықтың» жазылуына сол түрткi болған-ды.

Мен: Онда мұндай романды ең алдымен Христофор Колумб жазуы керек едi ғой.

Дауыс: Олай болса, маған мынаны айтшы. Сен Маркестiң Колумбиясы туралы не бiлесiң?

Мен: Жарытып ештеңе бiлмейтiнiмдi жасыра алмаймын. Бұл жерде ендi күмiлжуге тура келедi.

Дауыс: Егер сенiң Колумбияны бiлгiң келмесе, сенiң Қазақстаныңды қайдағы бiр колумбиялық неге бiлуi тиiс?

Мен: Түсiнбедiм. Мен мұндай сөздi қашан айтыппын?

Дауыс: Миғұла неме! ХХI ғасыр қазақ әдебиетiнiң дәуiрi болады деп жар салғандардың бiрi сен емес пе едiң? Әлде ұмытып қалдың ба?

Мен: Иә, екi-үш жерде айтқаным рас. Бiрақ ол сөздiң сонау мұхиттың арғы жағындағы Колумбияға не қатысы бар?

Дауыс: Миыңды есек теуiп кетпесе, түсiнуге тиiстi едiң ғой, бейбағым. Жоғарыдағы мәлiмдемең, iшiнде Колумбия да бар, бiздi бүкiл әлем тануға тиiс дегенге саяды емес пе?

Мен: Бұлталақтай алмаймын. Солай екенi рас.

Дауыс: Ендеше өзiңнiң қолыңнан келмейтiндi өзгеден талап етуге қандай хақың бар?

Мен: Ал сол колумбиялығың «Жүз жылдық жалғыздықты» Қазақстанды бiлмей-ақ жазып шыққан жоқ па едi?

Дауыс: Бiрақ ол басқаларды бiлдi ғой. Кафканы, Камюдi, Кьеркогердi, Хемингуэй мен Фолкнердi. Өзiнiң қанша ғасырлық тарихы бар испан әдебиетiн. Сен бұл тарапқа көз жүгiртiп көрдiң бе?

Мен: Тыңғылықты танысуға мүмкiндiгiм болған жоқ. Бiрақ бiршама бiлемiн деп есептеймiн.

Дауыс: Екiнiң бiрi бiршама бiлемiн деп айта алады. Нақты жауап бер!

Мен: Бiлмеймiн деп құтылғаным жөн болар.

Дауыс: Ендi жөнге келдiң. Демек, ХХI ғасыр қазақ әдебиетiнiң ғасыры болады дегенiңнiң де жалаңаш ұран екенiн сезiнесiң ғой?

Мен: Ғасыр бiтуге әлi алтысы кем жүз жыл бар емес пе? Бәлкiм, бiздiң әдебиеттiң де осы уақыттың iшiнде айы оңынан туып қалар?

Дауыс: Әдебиет жасағысы келетiн қазақ талапкерлерiнiң бәрiнiң деңгейi дәл сенiкiндей болса, ешқашан тумақ емес. Ха-ха-ха-ха!

Мен: Мен дайындығы менен анағұрлым мықты жастардың әдебиетке келетiнiне сенемiн.

Дауыс: Сен өзiңдi-өзiң алдарқатуға қазiрден шебер болып алған секiлдiсiң. Әсiлi, «Ауруын жасырған өледi» деген сөздi де бiлмейтiн болғаның ғой?

Мен: Қазiр бiзде өлең, проза жазатын жастар қарасы қайтадан көбейiп келедi. Түбi сан сапаға айналуға тиiстi емес пе?

Дауыс: Иә, оларыңды мен де байқап жүрмiн. Құр қиялдар секiлдi.

Мен: Жоқ. Үш-төртеуiнен әбден үмiт күтуге болады. Оған сенiмiм кәмiл.

Дауыс: Ха-ха-ха-ха! «Көп қорқытады, терең батырады», сенiң халқың айтқан аталы сөздердiң бiрi осы емес пе! Үш-төрт шыбық дауылға қарсы не iстей алмақ?

Мен: Өзiм де бiлмеймiн...

Дауыс: Ха-ха-ха-ха! Ал сен «Асқақ ұшсаң, абайлап қон» деген сөздi тегi кiм екенi белгiсiз шумердiкi дейсiң-ә.

II

Дауыс: Бүкiл әлемнiң қайғысын бiр өзiң арқалағандай неге тұнжырап отырсың?

Мен: Өзiме деген сенiмiм семiп бара жатқан секiлдi. Соңғы кезде шарасыз хал кешiп жүрмiн.

Дауыс: Газеттiң жұмысы шаршатты дегiң келедi ғой?

Мен: Жоқ, олай айта алмаспын. Бiрақ iшiмде себебi белгiсiз әлдебiр құлазу жүрiп жатыр. Себебiн бiле алмай далмын.

Дауыс: Сен бiлмесең мен бiлемiн.

Мен: Тағы да жанымды жаралағың келе ме?

Дауыс: Жоқ. Сен бiтеу жарасың. Ал бiтеу жараның аузы ашылса ғана жазылмақ.

Мен: Емшi болғаныңа... Қайдағы бiр бiтеу жараны айтып.

Дауыс: Көшiм хан туралы роман жазамын деп алты алашқа жар салған сен емес пе едiң?

Мен: Иә, мақаланың шырайын келтiру үшiн бiрде сондай бiр ойды сөз арасына қыстырып жiбергенiм бар-ды.

Дауыс: Әне, сол сөз ыңғайы үшiн айтыла салған жар салмаң сенiң жаныңды мазалап жүр. Ендi ол өмiр бойы мазалайтын болады.

Мен: Япырау, роман жазуға ешқандай уақытым жоғын өзiм жақсы бiлемiн ғой. Демек, ауруымның себебi бұл болуы еш мүмкiн емес.

Дауыс: Ендеше, былай ойланып көршi. Осы күнге дейiн ауыз толтырып айта алатындай не iс тындыра алдың? Жеке шығармашылығым бар, оның темiрқазығы мынау деп бiр дүниенi айта аласың ба?

Мен: Мен бұл туралы әрдайым ойланамын.

Дауыс: Жауабың қандай болды?

Мен: Рас. Қазiрге ауыз толтырып айтар ештеңе таппадым.

Дауыс: Бейбағым, осыдан кейiн сен ауырмағанда кiм ауырмақ?

Мен: Сен менi жұбатып отырып та жұлқылап алуға құмарсың. Айттым ғой, үлкен дүние жазамын деген ниет менiң қаперiм түгiлi, түсiме де кiрген емес.

Дауыс: Роман болмаса, хикаят жаз. Хикаятқа да тынысың жетпесе, әңгiменiң ауайын байқап бақ. Әйтеуiр бiр нәрсе жазуға тиiстiсiң. Және оның көркем дүние болуы шарт.

Мен: Айттым ғой, көркем дүние жазуға құлқым да, күш-қажырым да жоқ деп.

Дауыс: Сонда Көшiм хан туралы деректердi жинап жүрген де мен емеспiн дегiң келе ме?

Мен: Жоқ, олай айта алмаспын. Бiрақ маған Көшiм хан зеңбiрек пен мылтыққа қарсы жалаң қылышпен шапқан байырғы үндiстердiң көсемi секiлдi көрiнедi. Мұхиттың арғы жағындағы құрлықтан, бес-алты ғасырдың тереңiнен сұлбасын әрең-әрең аңғарамын.

Дауыс: Мiне, мұның дұрыс емес. Сен өз тақырыбыңнан өзiң бас тартып отырсың. Дертiңнен емделгiң келмейдi. Өзiң айтқан сөздiң жаңғырығы өзiңдi қайта айналып соғып жатыр. Түбi бiр табан тiреп отырмасаң өмiр бойы соға бередi.

Мен: Бiрақ менде ондай дүниеге отыруға мүмкiндiк жоқ қой.

Дауыс: «Менiң достарым Ван Гог, Сезанн, анау жапон Акутагавалар» деп әңгiме айтатын сен емес пе едiң? Солар шығармашылыққа қалай уақыт тапты, қалай жүрiп-тұрды, сен де солай iсте.

Мен: Мен қазақпын ғой, жазылмаған мiндеттерiм көп.

Дауыс: Акутагаваның «Тозақ азабын» есiңе түсiр. Әйтпесе, кеш болады. Көрген күнiң тозақ болып қала бермек. Ал қазақпын дегенiң құр бас сауғалау ғана.

Мен: Иә, айтуға оңай...

Дауыс: Сен өнер адамысың. Өнер адамына моральшы болу шарт емес. Ал перiштемiн деп өзiң де айта алмассың.

Мен: Иә, шеңберден шығуға тырысуым керек екенiн өзiм де бiлемiн. Бiрақ оған шамам келе ме?

Дауыс: Тырысып көр... Әйтпесе мазалағаным мазалаған. Ха-ха-ха-ха! Тек ғұмыр бойы қағаз кемiрiп көзi суалған көп бейбақтың бiрi болып қалып жүрмесең болғаны... Ха-ха-ха-ха!

 III

Дауыс: Сендер ештеңе iстемей жатып мәлiмдеме жасауды үйренiп алғансыңдар. Бұл — әдебиеттi ойын қылу деген сөз. Дәл аты — қылмыс.

Мен: Қылмысым үшiн жауап беруге әзiрмiн.

Дауыс: Мұның да мәлiмдеме. Мәлiмдеменiң ең бiр сұмпайы, сұрқия түрi.

Мен: Ендi не iстеуiм керек?

Дауыс: Үнсiз еңбектенуiң шарт.

Мен: Мен де шыбықпын ғой. Сен айтқан дауылға қарсы тұра алар ма екенмiн?

Дауыс: Ха-ха-ха-ха!.. Акутагаваның үш жүз досындай дос менде де болады деп бәлсiнген сен емес пе едiң? Әлде тәспiңнен жаңылдың ба? Әрқайсысыңды үш жүз бәйтерек жебеп, демесе, сендердiң де ерен терек болып кетпестерiңе кiм кепiл?

Мен: Арғы-бергi замандардан үш жүз дос табу — бұл ендi қияметтiң қияметi ғой...

Дауыс: Айттым ғой сендердiкi құр күпiну деп. Дегенмен айтайын, дос досты табатынын да ұмытпағандарың жөн. Мұны хакiм Абай жақсы бiлген. Лермонтов арқылы Гетенi тапқан шалдың тағылымнан тәлiм алыңдар.

Мен: Бiз де дос табуға аз тырысып жатқанымыз жоқ.

Дауыс: Араларыңда достықты саудаға салып жүргендер де бар.

Мен: Өз басым ондайларды бiлмейдi екенмiн.

Дауыс: Хлебниковтың құлағын шулатқан ақын ағайын­дарың­ның әңгiмесiн ұмытып қалдың ба? Кiм екенiн бiлмесе ­де, Хлебниковты аударамыз деп үшеуi бiрдей ентелей ұмтылған жоқ па?

Мен: Жоқ. Менiң бiлуiмде екi ақын үшiншi бiр ақынға Велимир Хлебниковтың жолма-жол аудармасын жасап беруге уағдаласқан. Үшiншiсi оны өлең тiлiне түсiрiп сөйлетiп шығуға тапсырма алған көрiнедi.

Дауыс: Сөзден сөз тудырған жасампаз Хлебниковты бард ақындармен шатастырып жүрген бейбақтардың қандай жолма-жол аударма жасауы мүмкiн? Ал Хлебниковты өмiрi түпнұсқасынан оқымаған ақын оны қалай қазақша өз деңгейiнде сөйлете алмақ? Бұл ақындық өнердiң киесiмен ойнау емес пе? Бұдан кейiн Хлебников олармен қалай дос болмақ? Өзiңдi менсiнбейтiн, көрмей жатып қалпақпен соғып аламын дейтiн астамшыл пиғылдағы жанмен сен өзiң дос бола алар ма едiң? Олар дос бола алар ма едi?

Мен: Әрине, жоқ.

Дауыс: Ал сенiң кейбiр замандастарың осындай әрекеттерге барып жүр. Олар осы райынан қайтпаса, ешқашан жетпiс жетi атасынан барып қосылатын Вергилий дұрыс бағыт сiлтеп, о дүниенi емiн-еркiн шарлаған Данте секiлдi ақын бола алмайды.

Мен: Мұны бiз де бiлемiз.

Дауыс: Ешкiмдi оқымай-ақ ақын боламыз деп жүргендер де сенiң замандастарың.

Мен: Иә, бәрiн кiтап оқу, бiлiм жию емес, түйсiк шешедi деген бiр досым болған. Ол екеумiздiң жатақхана бөлмелерiнде талай айқасқанымыз әлi есiмде.

Дауыс: Қазiр қалайсыңдар?

Мен: Арамыз суып кеттi.

Дауыс: Әлi де талай достарыңнан айырылатын боласың. Бiрақ бұған сен мұңаймауға тиiстiсiң.

Мен: Шынымды айтсам, менi тiрi замандастарым емес, рухқа айналған достарымның маған деген көзқарасы көбiрек алаңдатады.

Дауыс: Демек, сен олардың өзiңе жiтi зер сала бастағанын, сенен қандай да бiр құлшыныстарды талап ететiнiн сезiне бастағансың ғой. Бұл өте қуанышты жайт.

Мен: Қуанатын несi бар дейсiң. Мен олардың арасында өзiмдi ылғи ергежейлi секiлдi сезiнемiн.

Дауыс: Бұлай болуы заңдылық.

Мен: Олар мен жазуға тиiс нәрсенiң бәрiн жазып кеткен секiлдi. Маған түк қалдырмағандай.

Дауыс: Сен «баласы әкесiнен қанша жас кiшi болса, соншама жас үлкен» деген қытай нақылын жақсы көрмеушi ме ең?

Мен: Иә. Бiр кездерi әкем жарықтықпен әртүрлi тақырыптарда айтысқанда осы сөздi жиi-жиi қайталайтынмын-ды.

Дауыс: Осы сөз дұрыс сөз. Сен бiр ғана адамнан оқып-үйренсең, оған елiктеушi болып қана шығасың. Естiген сөзiн дәл қайталап айтып беретiн тотықұстан айырмашылығың болмай қалады. Ал көптен аз-маздан алып, өзiңдiкiн түзуге талпынсаң, кiмдi қайталап жатқаныңды ешкiм тап басып айта алмақ емес. Бәрi жазған-сызғаныңның әлдекiмге елiктеу емес, өзiңнiң төл дүниең екенiне келiседi. Мiне, осылай iстесең ғана сен алыптармен өзiңнiң бойыңды һәм ойыңды теңестiре аласың. Әрқашан осылай болған және бола бередi. Мiне, осыны, мол мұрадан таңдап, талғап оқу қажеттiгiн сенiң замандастарың ұқпай жүр. Олардың әдебиеттiң ауласына кiрмей жатып, керi кетiп жатқанына да осы бiлместiктерi себеп. Олар қашанда әлем мойындаған классиктен, мейлi, ол он ғасыр бұрын өмiр сүрсiн, мейлi, ол замандас ағасы болсын, талаптанса әрдайым асырып жазуға болатынын бiлмейдi. Ал сен классиктен қанша жас кiшi болсаң, сонша жас үлкен екенiңдi, демек, мүмкiндiгiңнiң де мол екенiн ұмытпа.

Мен: Бұл есте жүретiн кеңес екен.

Дауыс: Сенде ой ойлаудан той тойлау көп. Әкең күнделiгiңе жазып берген белгiсiз ақынның бiр шумақ өлеңi есiңде ме?

Мен: Қайсысы?

Дауыс:   Мазаласа, мазаласын ой ғажап,

               Кейбiр ойлар бола бермес бойға шақ.

               Ертедегi эллиндiктер ұлының

               Жақсы ойы үшiн бередi екен той жасап.

Әкең осы бiр шумақты, оның салмағын сан рет санаңа құюға тырыспап па едi?

Мен: Иә, есiме түстi.

Дауыс: Мiне, элладалықтардың осы дәстүрi ел боламыз деген қайсы халыққа да мәңгiлiк өнеге. Қазiрге мен сенен елiң той жасауға лайық ешқандай жақсы ойдың нышанын көре алмай отырмын.

Мен: Мұны өзiм де мойындаймын. Дегенмен сен мынаны айтшы, шын талпынса қазақ баласының Акутагава мен Гарсиа Маркестерден де артық жазуға мүмкiндiгi бар ғой?

Дауыс: Бағанадан бергi әңгiменiң ненi дiттеп айтылғанын әлi аңғармаған екенсiң-ау. Мұндай әдебиетшi болғаныңа...

Ха-ха-ха-ха!..

2006 жыл

Дайындаған: Шерхан Талапұлы

Cурет: ©Өмірбек Сансызбай

Ш. Талап