ҚызПУ мүшәйрасындағы жеңімпаз жыр

ҚызПУ мүшәйрасындағы жеңімпаз жыр

Кеше ғана Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде «Атыңнан айналайын, Қазақ қызы!» атты республикалық жыр мүшәйрасы аяқталған болатын. Байқау қорытындысында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Филология, әдебиеттану және әлем тілдер факультетінің 4-курс студенті Айбол Исламғалиев бас жүлдеге ие болды.

Аталған жыр бәйгесі ҚызПУ-дың 70 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды. Жыр бәйгесіне еліміздің әр аймағынан 70-ке жуық ақынның өлеңдері келіп түсті. Мүшәйра шартына сай 18 жастан асқан кез келген ақын өлеңдерін бүркеншек ат арқылы жіберуі тиіс болатын. Жіберілген екі өлеңнің бірі Қыздар университетінің 70 жылдығына арналса, екіншісі еркін тақырыпта, бірақ Қазақ қызының жиынтықталған бейнесіне арналып жазылуы қажет болатын.

Жыр бәйгесінде бас жүлдеге ие болған Айбол Исламғалиевтің (бүркеншік есімі - «Асыл Аян»)  өлеңін назарларыңызға ұсынамыз:

Қазақ қызына ғазал

Тағдыры жатқан түріктің тарғыл тасында,
Ұлы Даланың ғұрпы бар әр қырқасында.
Аруым аз ба Алаштың айбынын бермес,
Арыстан жалды ерлердей сан бұрқасында?!

Шақырғанда ұран ұлт болып ұлар шыңдарда,
Қанды нала үшін қасқайып тұрар сындарда.
Жым-жылас құрып ұзамас жауынан да анық,
Сертіңде сенің, қадірлім, ұғар сыр бар ма?!

Дауы көп екен демесін, жауы көп екен,
Сауығы бөтен жан емен, қауымы бөтен.
Қаланың жүзі қарайып толғанда арсызға,
Даланың қызын көремін сауыты бекем.

Өтінде жаудың өшігіп жөн емес өлу,
Өткеннің парқын керек те өреге салу.
Құзғын қабаққа қас көрген қарайлап жүріп,
Сайламап па еді қанжарын Томирис ару!?

Көрсетсем бүгін өткеннің көрін аршып мың,
Айтылар сынның көбісі жөні қарсы ұқтым.
Намысы болып қазақтың шайқаста зұлмат,
Атылған шығар кешегі оғы Мәншүктің...

Ағынан бұлай жарылса жүрек кейде шын,
Ақын да жырын қалады түлетпей несін?!
Шұғыла тұнған ғаламнан адасып қалмай,
Қарашық талмай іздедім Жібек бейнесін.

Кеудеге сурет салдырған әнмен мұң сіңді,
Бейнеңді көріп пақырың әрмен күрсінді.
Сен әлі жерде жүр ме едің Ләйләсі өлеңнің,
Таба алмай, сөйтіп, жер-көктен дәрмен қымсынды.

Көмескі жырдың тарқатпас тиегін бұлай,
Шайыр боп сүйдім, білмеймін, киелімді қай?!
Көркемнің бәрін көзіммен қалқалап тұрып,
Танытқан болам, тәйірі, жиі мұңды рай.

Намыс пен арың жатпады кірге былғанып,
Бейнеңе сенің теңеу жоқ бірде-бір қанық.
Ғаламат өрлік, нәзіктік жарасқан саған,
Айыбы шығар айтпаса білгенін ғаріп.

Еркелік болар аққудың сұңқылында аққан,
Жырым ба ең талдың бүрінде кірпігін қаққан?!
Сұлулық біткен бойыңа төгілсе көктен,
Бұлқынып менің кеудемде құлқыным жатқан.

Жұпарынан бір жаныңның бұлбұл да балқып,
Болғаны-ау, сірә, көк асты бұл қырда барқыт. 
Көрік те мінез құмынан қасиетті елдің,
Қылықты қызын өсірген жұртымда бар құт.

Алжаспай қалар, қалайша, ақылдан серің,
Кетсе егер кеше ханнан – бас, батырдан – сенім?!
Ғажап қырмызы гүлдердің көркемі ең өзің,
Қазақтың қызы, айналдым атыңнан сенің!

Дайындаған: Нұржігіт Айдархан

Сурет: Мassaget.kz

Н. Айдархан