Massaget.kz тілшісі "Менің досым" атты жыр додасында топ жарды

Massaget.kz тілшісі "Менің досым" атты жыр додасында топ жарды

Астана қаласында қазақстандық софтверлiк компаниялар қауымдастығының ұйымдастыруымен өткен жас ақындар арасындағы "Менің Досым" Халықаралық поэзия байқауында 140 өлеңнің ішінен 9 өлең топ жарды. Жүлдегер 9 ақынның арасында Massaget.kz порталының тілшісі, жас ақын Шерхан Талап та бар. 

«Әдебиет-Olympic» шығармашылық жобасы аясында бір айдан астам уақыт бойы өткен поэзия байқауына еліміздің барлық аймағынан, Өзбекстаннан, Қытайдан, Моңғолиядан, Ресейден хат жолдаған 84 автордан 140-қа жуық өлең келіп түскен. 

Осы өлеңдер ішінен жеңімпаз деп танылған 9 өлеңге 9 планшет, үздік шыққан 25 өлеңге 25 Туинбук (егіз кітап) берілді. Аталған байқаудың бас демеушісі – қазақстандық софтверлiк компаниялар қауымдастығының Президенті, белгілі кәсіпкер Азаматхан Әміртай.

Суретте: Шерхан Талап (Суретті түсірген: Ардақ Құлтай)

Біз суырылып алға шыққан ақындарды құттықтай отырып, топ жарған 9 ақынның бірі Шерхан Талаптың аталған байқауда жеңімпаз деп танылған өлеңін назарларыңызға ұсынамыз. 

Өзге қала. Өзге адамдар. Өзге мұң.

Өзге жұрттан өзге ештеңе сезбедім.

Қайтқан құстар – сағыныштың сәлемі,

Жүрегіме көшіп алды тез менің.


Туған жерге мені бір күш тарта ма?

Құстар, құстар! Хабар берші қалқама!

Көз алдымда күңгірт тартып барады,

Асылансыз, «Алдавайсыз» Анкара.


Жан таба алмай жайып салар жан мұңын

Анкараның түндерінде қаңғыдым...

Көп ішінен көз сүзеді бір ару –

Маңдайыма жазылмаған тағдырым...


О, гөзәлім, ең тәкаппар, ең көркем,

Қазақтығым азап-мұңын жеңді ерте...

Елбең қағып кетем бір күн еліме, 

Естелікке айналасың сен де ертең.

 

Бәрі жалған, бәрі өткінші, өтпелі.

Оған бола жазғырмашы тек мені.

Мені аңсатқан - гүл бейнелі сары қыз,

Және сосын Алматының көктемі...

 

Солай, жаным, кінәлауға бар хақың,

Жүрегімде өшпестей боп қалды атың.

Мені алдымда күтеді һәм күтпейді,

Қасиетті, қасіретті Алматым.

Басты суретте: (солдан оңға қарай) "Менің досым" Халықаралық поэзия байқауының ұйымдастырушылары Азаматхан Әміртай, Ерлан Жүніс, сурет adebiportal.kz порталынан алынды

Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова

"Менің досым" жыр бәйгесінің жүлдегерлері марапатталды

М. Оңғарова