Әлемдегі ең бай жазушылар

Әлемдегі ең бай жазушылар

Сенбейтін шығарсыз, бірақ әлемнің ең бай жазушысы Джоан Роулинг емес, Элизабет Бадинтер. 70-ке келген жазушының есімі көпшілікке аса танымал емес болса да, Франциядағы беделді жандардың бірі. Ол тарихшы, жазушы, философ, қоғам қайраткері, бір сөзбен айтқанда, сегіз қырлы адам. 

ЭЛИЗАБЕТ БАДИНТЕР – 1,1 миллиард АҚШ доллары

Бір айта кететіні, 750 млн еуроны (1,1 миллиард АҚШ доллары) өз еңбегімен тапқаны күмән келтіреді: дәулетті отбасынан шыққан, жұбайы – Роберт Бадинтер бұрын Әділет министрі болған. Миллиардер жазушы қазіргі кезде Париждің Политехникалық мектебінде философия пәнінен сабақ береді.

ДЖОАН РОУЛИНГ – 1 миллиард АҚШ доллары

Бар табысын тек әдебиет саласы арқылы тапқан жазушылардың көшін Джоан Роулинг бастап тұр. Өмірбаянын тізіп шығар болсақ, түрлі рекордтарынан көз шалынар еді: кітаптары ең өтімді жазушы (400 миллион дана), ең атақты кітаптар сериясының авторы, Британияның нөмірі бірінші беделді әйел азаматы. Осы атақтың бәріне оның еңбегі сіңді. «Гарри Поттерден» кейін Джоан өзін детектив жанрында сынап көруге бел байлап, «Көкектің шақыруы» атты романын лақап атпен жергілікті баспаханаға жіберген. Журналистердің мұқият тексерісінен кейін, кітаптың авторы белгілі болып, сатылым бойынша бірден бірінші орынға шықты.

 

ДАНИЕЛА СТИЛ – 610 МЛН $

Байлар мен атақты жұлдыздардың өмірі жайлы жазатын Даниела Стил, өз өмірін құдды романына арқау болатын оқиғаларға толы етіп құрғандай.  Бес рет некелесу (банк қызметкері, нашақор, жазушы сияқты жандармен отау құрған), отбасы тауқыметі (бір ұлы әкесінің өгей екенін біліп, өз-өзіне қол жұмсаған) – бәрі романындарында сөз етіледі. Жазушының кейінгі он жылдағы еңбектері 1973 жылы жарық көрген ең алғашқы кітабына қарағанда, әлдеқайда көлемді, түрлі оқиғаларға толы.

 

БИЛЛ УОТТЕРСОН – 450 миллион АҚШ доллары

Атақты Келвин мен Хоббс туралы комикстің авторы – Уоттерсон суретші ғана емес, бірнеше театр қойылымдарының сюжетін жазған. Келвин атты балақай мен оның мамық ойыншығы Хоббс туралы комикс 1985-1995 жылдары шығып тұрған. Кейіннен Билл Уоттерсон жобаның жабылғаны туралы жариялап, комикс тақырыбына қайта бет бұрмаған. Алайда, әлі күнге дейін қайта басып шығару, авторлық құқығын сату сияқты жұмыстар қаржының толастауына мүмкіндік бере қойған жоқ.

 

СИДНИ ШЕЛДОН – 400 миллион АҚШ доллары

Одессаның тумасы Шелдон әдебиет жанрында ердің жасы – елуден асқанда дебют жасады. Телесценариші болып жүріп жинаған тәжірибесі роман жазуда көп көмектесті: бір-біріне ұқсамайтын, оқырманның көңіл-күйін дөп басатын қасиетке ие. 35 жылда 20 роман жазған, мұның себебі: оқиғаның әр деталіне баса назар аударып жазуында. Егер оқырманы кейіпкердің өліміне келіспесе, экранға шығарғанда оларды қайтадан жандандыратын болған.

 

СТИВЕН КИНГ – 400 миллион АҚШ доллары

Американың ұлттық мақтанышы, ұлы жазушы – Кинг әдебиет жанрлары, амал-тәсілдері, мифтері, стилі туралы зерттеуден еш жалыққан емес. Әдебиеттегі қырық жылында түрлі кейіпкерлер туралы, қорқынышты әңгімелер, комикстер, ұзақ-ұзақ романдар, публицистика жанрында, шеберлік құпиялары сияқты түрлі кітаптар жазған. Сексенінші жылдардағы «алтын дәуірі» кейінгі еңбектерінде де байқалады. Бір сөзбен айтқанда, жазушының қаламы әлі де мұқалмаған.

 

ДЖЕЙМС ПАТТЕРСОН – 310 миллион доллар
Алекс Кросстың басынан өткен шытырман оқиғалар туралы жазған, бірнеше триллерлер мен детектив шығармалардың авторы Паттерсон соңғы төрт жылда орта есеппен, 90 миллион доллар табыс тапқан. 30 жылдан астам уақыт ішінде 65 роман жазған. Бірде Стивен Кинг әріптесін «қорқынышты жазушы» деп атапты. Бұған жауап ретінде Паттерсон: «Мен – сәнгер емеспін, мен әңгіме айтамын» деп жауап берген екен.

Дайындаған: Назерке Смағұл

Сурет: www.elle.ru

Y. Smaghul