Ғасырдың таңдаулы әңгімелері: Ғажайып өнер #10

Ғасырдың таңдаулы әңгімелері: Ғажайып өнер #10

Пиау Шынги(Жапония)

Телеарна жүргізушісі күндегісінше жаңалықтарды оқи бастады, бірақ ол өз еркінен тыс, беталды тіркестерді сөйлеп ала жөнелді: «Келесі хабарымызда көретіндеріңіз, ірі көлемдегі жемқорлық оқиғасы тіркелді. «К» кәсіпорыны жауапты ресми органның жоғары лауазымды басшылығына үлкен көлемде пара берген...

Хабар оқылып болған соң, телеарнаның ішкі бөлімінде үлкен айғай-шу болды. Бірі одан: «Түпнұсқа хабарда ондай мәтін жоқ, сен оны қайдан тауып алдың?», деп сұрады.

«Есің дұрыс па? Енді елдің бетіне қалай қараймыз? Олар үстімізден шағым түсіреді әлі. Осылай бола берсе, бұл телеарнаның абыройы айрандай төгіледі.

Телеарна қызметкерлері қорыққандарынан үрпиісіп қалды. Директор да өзінің қызметтен қуылуын күтіп отырды. Бірақ, ғажайып оқиға туылды. Оларға ешкім де телефон шалып, бұл таратқан ақпараттары жайлы сөгіс берген жоқ.

Керісінше, оларға мынадай жаңа хабарлама келіп түсті: «Сіздер хабарда аттарын атаған жоғары лауазым иелері өздеріне тағылған барлық айыпты мойындап, өздері келіп берілді, әрі қызметтерінен босады. Естулерге қарағанда, осы хабарға сенер-сенбесін білмеген қаржы полициясы «К» кәспорынына барып тінту жүргізгенде олардың пара бергені жайлы фактілер тез арада қолға түсіп, қылмысты тұлғалар түрмеге қамалған.

Телеарнаның жағдайы мүлде жаңа сипатқа өзгерді. Әлгі жаңалықтар жүргізушісінің мұндай тосын оқиғаны бірінші болып хабарлағаны мойындалып, енді оны мадақтау мен марапаттау басталып кетті.

«Шынымен сұмдық жағдай болды! Айтқаныңның бәрі рас екен! Мұны қайдан біліп қойдың?»

«Өзім де білмеймін, тек осы ойлар миымда жарқ етті де, тілімнен сөз болып ағылды», – деді жаңалықтар жүргізушісі оларға.

«Бұл ғажайып өнер болуы мүмкін. Сенің қалтарыстағы, заңға қайшы істерді байқай алатын ерен өнерің бар екен. Осыдан кейін бұл қабілетіңді барынша сәулелендіргейсің, біздің телеарнаның рейтингісі біржола көбейетін болды», – деп қуанысты телеарна басшылығы.

«Апырай, бірақ, бәрі сәтті бола бере ме, кім біледі?!», – деді ол.

Ертесі кешкі жаңалықтарда әлгі жүргізуші тағы да беталды сөйлей жөнелді: «Өткен жылы салықтан жалтаруда көш бастаған он ірі алпауытты атап көрсетейік. Біріншісі...»

Іле ұрланған салықтың көлемі, салықты қалай ұрлағаны егжей-тегжейлі баяндалды. Бұл ретте оның айтқаны тағы да дөп келді.

Салық мекемесі дереу аттанысқа келіп, көп әуреленбей-ақ қылмыс фактілерін қолға түсірді.

Сонымен, осы телеарнаның жаңалықтары барлық жұрттың алқауына ие болды. Тыңдармандар мен көрермендер арт-артынан телефон шалып: «Жарайсың, қарапайым халықтың досы екенсің! Ғажайып өнеріңмен анау заңнан аттап, қалың халықты зар жылатқан бұзақылардың жазасын бердің! Осылайша біздің жанымызды жай таптырғайсың!», – десіп, ауыз жаппай мадақтасты.

Жүргізуші телеарна ғимаратына қона жатып, күніне үш рет көгілдір экранға шығып, халықпен жүздесіп тұрды. Ол әр рет бір тосын хабармен жұртты дүр сілкіндіретін еді. Оның атағы да асқақтай берді.

Алайда, бірнеше күннен соң оның денсаулығы сыр бере бастады. Ол апта сайын амалын тауып рұқсат алатын болды. Ол үйіне қайтқысы келіп тұратынды шығарды. Бірақ, ол үйіне бара жатқан жолда кездескен жандардың бәрі одан ат-тонын ала қашатын еді.

Бұлар өз жұмыс орындарының іссапар қаражатын қымқырған, ережеге қайшы көлік жүргізген немесе өтірік ауырып қалып қызметтерінен қашқан, оқушы кезінде емтиханда қаралық жасаған, әйелін алдаған дегендей барлық жұрттың сырт адамдар біле бермейтін бір шикіліктері бар болса керек. Олар телеарнада атағы шарықтап тұрған осынау журналистке жақындағылары келмейтін еді. Олар өздері жасырып жүрген істерін оның барша халыққа жариялап жіберуінен қорқатын еді.

Ол қатты жабырқап, үйіне зорға жетті. Бірақ, әйелі үйінде болмай шықты. Сұрастырып көріп еді, бірнеше күн бұрын заттарын жинап бұл жерден тайып тұрыпты. Ол да мұның ғажайып өнерінен үрейленсе керек.

Ғасырдың таңдаулы әңгімелері: Ғимараттан құлаған бозбала #1

Ғасырдың таңдаулы әңгімелері: Қабірстандағы ғажайып кездесу #2

Ғасырдың таңдаулы әңгімелері: Чемпион да қаралық істейді #3

Ғасырдың таңдаулы әңгімелері: Шеше #4

Ғасырдың таңдаулы әңгімелері: Жаңалық бар ма #5

Ғасырдың таңдаулы әңгімелері: Шексіз адалдық #6

Ғасырдың таңдаулы әңгімелері: Сулық киген кісі #7

Ғасырдың таңдаулы әңгімелері: Иуданың кескіні #8

Ғасырдың таңдаулы әңгімелері: Нью-Йоркті құтқару #9

Аударған: Шолпан Қазезқызы

Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: japanfocus.org

M. Auelkhan