ҰБТ. Студенттік өмір неден басталады?

ҰБТ. Студенттік өмір неден басталады?

Жас түлек үшін Ұлттық бірыңғай тест тапсыру күні де жақындап келеді. Қобалжып жүргендеріңізді түсінеміз. Алайда қатты қобалжудың қажеті жоқ. Болашаққа нық сеніммен қараңыз. Өзіңізді студент ретінде санаңыз. Ал сіз студенттік өмір неден басталатынын білесіз бе? Әлі толық ойланбасаңыз, мен айтайын...

Кейде мектеп пен университеттің еш айырмашылығы жоқ деп ойлайтын сәттеріңіз де бар шығар. Бәрі сол бір оқу деген ой түйіп те алған боларсыз. Білім алудың жоғарғы сатысына өту кезеңінде де сізді түрлі оқулықтар, дәптердегі мазмұндамалар, семинарлар мен бақылаулар күтеді. Бірақ шын мәнінде өзгешелігі болмайды емес, болады.

Студенттік өмірді екі мақсатта алып қарауға болады: біріншісі - әрине оқу. Бұған сабаққа қатысу, әр түрлі ғылыми жұмыстарды жазу, курстық жұмыстар мен басқа да жобалар кіреді.

Ал екіншісі, әрбір студент үшін ең қызық әрі есте қаларлық тұсы - оның бос уақытындағы жеке өмірі. Бұған "сессиядан сессияға дейін студенттер ғұмырын қызықты өткереді" дегенге қатыстының бәрі енеді. Спорттық үйірмелер немесе мәдени үйірмелер, қосымша табыс, демалыс, сонымен қатар жатақханадағы өмір. Мұның бәрі жылдар өте есте жаңарып тұратын көңілді естеліктерді жадыңызда өшпестей қалдырады.

Өзіңізді бір сәт студент ретінде сезініп көріңіз. Университет ғимаратына келгендегі сіздің бірінші міндетіңіз – міндетті дәрістерге қатысу. Оқу жоспарына байланысты сізде лекциялармен қоса семинар сабақтары немесе лабороториялық жұмыс жүреді. Бағалану кезегі теориялық ақпараттың белгілі бір ауқымын оқығаннан кейін басталады. Кейде жаның қаламай тұрған дәріске қатысқың келмейді. Дегенмен келмей жатып кері кетуге болмайды. Егер сіз бірінші оқу күндерінен бастап өзіңіз маңызды емес деп шешкен сабақтарға қатыспай жүрсеңіз, олар емтихан кезінде қиын соғуы әбден мүмкін. Белгілі бір ырғаққа түсіп алғаннан кейін, оқуды ары алып кету өзіңе де оңай бола түседі.

Реттелген сабақ кестесінен басқа университетте оқудан тыс әртүрлі іс-шаралар өткізілетін болады. Бұл бәрімізге белгілі сол КТК ойындары, университеттің аруы мен сұлтанын анықтау, үйірмелер мен спорттық секциялар. Кей жоғарғы оқу орындарының дәстүрлі түрде өтіп тұратын өзіндік сайыстары да бар. Сондықтан да сіз оқу орнының табалдырығын аттағаннан бастап сізге сан қилы конкурстар мен үйірмелер ұсынылуы мүмкін. Әрине, егер сіздің қатысқыңыз келмесе, сізді ешкім мәжбүр етпейді. Дегенмен өзіңіз бір топшылап көріңізші, сіздің бар студенттік өмірдегі естеліктеріңіз лекция және семинарларға қатысу үлгерімімен шектеле ме? Егер сізге осындай іс-шаралар шын мәнінде қызықты болса, және ол оқу үдерісіне еш кедергі болмаса, өз бағыңызды неге бір сынап көрмеске? Студенттік жылдарыңыздың жарқын сәттері, көптеген тамаша фотосуреттер мен бейнетаспалар сізбен өмірлікке естелік болып қалады. Жадыңызда жаңғырып қалар өміріңіздің бір кезеңі сізді күтіп тұрғанын ұмытпаңыз, Жас түлек!

 Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: Өмірбек Сансызбай

О. Сансызбай