ҰБТ және аудиторияда өзіңді ұстау ережесі

ҰБТ және аудиторияда өзіңді ұстау ережесі

Ұлттық бірыңғай тестілеу өтетін күн жақындап келеді. Сәуір айы тәмамдалысымен, мектеп бітіру салтанатына дайындық басталып кететіндіктен, дайындық үдерісі тоқтайды деген сөз. Бұл туралы ойлаған сайын, өзіңізді ҰБТ аудиториясында елестетіп жүрген боларсыз... Тіпті, қандай аудиторияда, қай орында, кімдермен отыратыныңыз да белгіленіп үлгерді деп ойлаймыз. Енді оқу-білім дайындығына емес, психологиялық дайындыққа кіріскен жөн.

Ал біз өз тарапымыздан ҰБТ ережесімен және өзіңді ұстау тәртібімен таныстырып өтпекпіз.

– Тестілеу күнінде түлектер дәрісханаға бір-бірден жіберіледі, олардың қолдарында анықтама, жеке басты куәландыратын құжат (16 жасқа толмаған және жеке басты куәландыратын құжаты жоқ түлектерге мектеп директоры мектептің расталған мөрімен түлектің фотосы бар анықтама береді), рұқсаттама болуы керек. Рұқсаттама түбіртегінің негізінде түлектің тұлғасын тексеру жүргізіледі. Дәліздегі кезекші түлектердің артық заттарды осы үшін арнайы бөлінген орында қалдырылуын қадағалайды. Түлек отырғызу орнындағы тиісті нөмір бойынша орынға отырады және отырғызғаннан кейін отырғызу парағына қол қояды (осы арқылы өз орнына отырғанын растайды).

– Түлектерді  кіргізу ҰБТ басталу жарияланған сәттен бастап тоқтатылады. 

– Әр пән бойынша тест тапсырмаларының саны – 25. ҰБТ тапсыруға 3,5 сағат беріледі. 

– Тестілеудің басталуы көп жағдайда сақталуы тиіс тәртіпке байланысты. Басқаша жағдайда түлекке нәтижелерді жою немесе жоққа шығару қаупі төнеді. Сондықтан, ешқашан кешікпеу керек!

– Тестілеудің алғашқы және соңғы сағаттарында аудиториядан шығуға тыйым салынады. Қалған уақыттарда аудиториядан дәліз кезекшісімен бірге шығуға болады.

– Тестілеуді тапсыру кезінде түлектің сақтауы тиіс ерекше маңызды сәттерді атап өтеміз.

Түлекке:

  • сөйлесуге;
  • бір орыннан екінші орынға ауысуға;
  • емтихан материалдарымен алмасуға;
  • көшіруге;
  • дәрісханаға шпаргалкаларды және басқа әдістемелік әдебиетті, калькулятор, фотоаппарат, мобильдік байланыс құралдарын пайдалануға  және енгізуге рұқсат етілмейді. 

Түлектің анықталған фактіні бұзуы жағдайында тексеруші "Түлекті дәрісханадан шығару және тыйым салынған заттарды анықтау" актісін құрастырады. Әрі қарай тексеруші мемлекеттік комиссия төрағасына түлектердің ережелерді бұзу айғағы туралы хабардар етіледі. 

Ұлттық бірыңғай тестілеуде өзіңді ұстау ережесі

Мұқияттылық. Сонымен, айлар бойы күтілген сәтке жеттіңіз, шынайы ҰБТ-да отырсыз. Уақыттың басталғаны жарияланды да, бланкілерді толтыру ережелері түсіндіріле бастады. Ал сіздің бойыңызды үрей мен қобалжу сезімдері билеп алған. Дереу өзіңізді жинап, кезекшінің сөзіне құлақ түріңіз. Себебі, қағаздарды дұрыс толтырғанда ғана сіздің дұрыс жауаптарыңыз есептеледі. Асықпай, мұқият толтырып шығыңыз. Бұл уақытта аудиторияның атмосферасына үйренуге мүмкіндігіңіз болады.

Тексеру. Сұрақ-кітапшалары таратылғаннан кейінолардағы беттердің санын түгелдеп, баспаханалық ақаулардың болмауын тексеру керексіз. Осындай ақаулар кездескен жағдайда кезекшіге немесе министрлік өкіліне хабарлау керек.

Ережеге бағыну. Түсініксіз тұстар болса, орныңызда отырып айқайламаңыз. Жай ғана қолды көтерсеңіз жетіп жатыр. Және сіздің сұрағыңыз кітапшадағы тапсырмаларға қатысты болмау керек. Кезекші тек қана таратылған қағаздарға байланысты сауалдарға жауап береді.

Жинақталыңыз. Түсініспеушіліктерді шешіп, бланкіні толтырып біттіңіз бе, жинақталып, айналадағының бәрін ұмытуға тырысыңыз. Дәл қазір сіз үшін тапсырмалар мәтіні мен уақыт маңызды. "Асықпай тез жаса" деген әзіл сөз осындайда еске түседі. Мұнда әрбір секунд маңызды.

Қорқынышқа "жоқ" деңіз! Бұл – жай ғана уақытша сынақ. ҰБТ-дан кейін өмір тоқтап қалмайды. Қараңызшы, сұрақтар да бөтен емес. Қорықпаңыз. Сұрақты үйде отырғандай мұқият оқып, тапсырманы дұрыс түсініп, жауапты екі рет тексеріңіз. Ал белгілеуді қай пәннен бастаудың дұрыс екендігін мына жерде айтып өткенбіз.

Тапсырма қайталанбайды. Жаңа тапсырманы оқығанда алдыңғысын ұмытып кетіңіз. Олардың бір-бірімен байланысы жоқ әрі екеуіне бөлек балл аласыз. Біріне қолданған әдісті екіншісіне қолданбаңыз.  

Тексеруді ұмытпаңыз. Өз жұмысыңызды тексеру үшін, тым болмаса, жауаптарыңызға тез көз жүгіртіп шығып, көрінген қателеріңізді байқауға міндетті түрде уақыт қалдырыңыз. Мұны белгілеу қағазын толтырмас бұрын жасау керек. Сенімсіз жауаптар үшін қолдан келген мүмкіндіктің бәрін пайдаланып жауап беруге тырысыңыз. Асқан сақтықпен жаныңыздағы оқушыдан да сұрауға болады.

Нәтиже. Сұрақтардың есте қалғаны дұрыс. Себебі, тестілеу нәтижесімен келіспеген жағдайда, сіздің нақтылы тапсырма бойынша апелляцияға өтініш беруге құқыңыз бар. Тестілеу нәтижелері бойынша апелляцияға өтінішті бітіруші тестілеу нәтижелері жарияланғаннан кейін келесі күнгі сағат 14.00-ге дейін бере алады және апелляциялық комиссия өтінішті бір тәулік мерзімінде қарайды. Өтініш берушіде өзімен бірге жеке басын куәландыратын құжат және ҰБТ-ға кіруге рұқсаттамасы болуы керек. Апелляцияға өтініш беру барысында тестілеу нәтижесімен келіспеуінің дәлелін (себебін және негіздемесін) көрсетуі керек.

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: 4ent.kz, egov.kz