Алғашқы қар

Алғашқы қар
жеке
блог

Өткен күндер...... күні кешегідей санамда сайрап тұрады...... таң қараңғылығын бұзып жарып безектеген телефон шырылы оятты. Ұйқымды қимай оятқышты өшіре салдым. Құрбым менің оянғанымды аңдап қасыма жайғасты.

- Иманды болсын.

- Түсінбедім? -

- Таңертең телефоныңа СМС хабарлама келген, ашып оқы.

Жалма жан телефоныма жабыстым. Атамнан келген хат. «Қызым, Апаң қайтыс болды, үйге қайт». Жатақханадағы тәртіп бойынша кезекшілігін атқару үшін ерте оянған құрбымның дайындаған шайын да ұмытып, киінген күйі шығып кеттік. Қабағын түйіп, қап қара боп түнеріп жатқан жерге таң қараңғылығын бұзып алғашқы қар түсіп жатыр екен.... ең алғашқы қар....

Жер ананың бауырына тығылған ақ мамыққа алтын тығып қойғандай әр-әр жерден жылтылдап, аяғыңды басқан сайын сүйектері сықырлағандай қиналып қыс қызығының басталғанына да 3 аптаға жуық уақыт өтті. Сұлудың күміс сырғасындай тізілген хрусталь шынылар әр үйдің шатырына асылып, әлсін әлсін моншақтарын үзуде. Апамның бақилық болғанына да 20 күн өтіп кетіпті. Уақыт керуен жылыстап жүре берген күндердің бірі болатын. Жүрегім тулап, қалың қарда қап қойған байқұс құстай діріл қағуда. Ертеңгі емтиханды ойлағандықтан болар. Жоқ..... басқаша дүрсіл қағуда. Кірпік қақпай сіресіп жатқан сұлу даланың реңі қоюланған сайын еңсемді езгілей берген өз ойларыммен әлекке түстім. Кеш батысымен жапа тармағай үстел басына жайғасып емтиханға дайындық жүргізе бастадық. Менің жүрегім дүрсілдеуін қояр емес. Соның салдарынан ба бір орында байыз тауып отыра алмай жоғарғы қабатта тұратын құрбыларыма көтерілдім, ойымды ауламақ болғам. Бірді екілі әңгімеден кейін қайта айналып келгенімде бөлмеден бір салқындық сездім бе, әлде менің түйсігімнің сезімталдығы ма? Түсініксіз күй кештім. Менің өкшемді бастырмалата есік ашылып, жоғарғы қабатта тұратын жиенім кіріп келді. Жылағаннан көзі домбығып ісіп кеткен. Бөлмедегі құрбы қыздардың да қабағы түсіңкі. Бір сәт барлығы үрейленіп тұрғандай, аянышты рең жүгірген жүздеріне. Ешнәрсеге түсінбей меңіреу дүниеде қалғандай болып тұрған мені жиенім келіп құшақтай алды.

- Айырылып қалдық Нұргүл.

- Кімнен?

- Сенің....... Көкемнен

- Қалай? Не үшін?

Түсінсем бұйырмасын, аспан төбеме төңкеріліп түскендей. Белгісіз күш жүрегімді жер жыртқандай тілгілеп жатыр, көктем көңіліме күз келіп, ақ жауынын отқа орап жанарымды айғыздап жуып кетті. Көкесі....... Демек менің әкем....... мүмкін емес...... жастыққа тұншығып қанша жылағаным есімде жоқ.......... Асығып жүгіріп үйге жеттім. Сыртқы есік айқара ашық тұр. Адам көп. Барлығы қуанышты, күліп жүр. Будақтаған түтін, даланы басқан тұман көзімді қарықтырып барады. Арасынан әкемді іздей бергенде, қарсы алдымнан шыға келді. Таңданысымды көріп тұр. - Сені барлығы алдаған дейді жымиып. Мен тек қатты ауырып қалдым. Сені сағынып көргіміз келген соң алдап шақырып алдық. Үйге кірші, сені сағындым. Әкем жетелеп үйге қарай беттей бергенім сол еді аяғым бірдеңеге шалынып оңбай құладым. Жалма жан басымды көтергенімде, миым аузыма түсіп кеткендей ауырсына бастадым... Тастай қараңғы бөлме. Сипалап жүріп жарықты жақтым. Түс.............. барлығы түс болып шықты. Демек шындық осы. Әкем тірі. Бір сәтке көңілденіп басымның ауырғанын да ұмытуға тырыстым. Таң атуға тым ерте секілді. Ыңылдап әндетіп жүріп жуынып келдім де, барлығын ояттым. Шай дайындап көңілім масайрап жүр. Көрген түсімді айтып қуанышыммен бөлісіп, барлығы мені алдағанын, әкемнің тірі екенін жеткіздім, қалғанында үн жоқ. Тек ең жақын құрбым ғана қолымнан тартып, есіңді жи деп бәйек боп жатыр. Ешкімді де тыңдамадым. Әкем көз жұмса бір хабары келер еді ғой, демек әкем тірі. Жиенімнің қаралы хабары да түсім шығар, өң мен түстің арасын шатастырып есімнен жаңыла бастадым, үздіксіз соғылған барабан секілді миым шыңылдап барады.....

Аудиторияға кіріп жайғаса бергенімде мұғалім жаныма жақындап келді де жинала беруімді сұрады.

- Сен үйіңе қайта бер, емтиханға қатыспауыңа болады. Гаухар сені шығарып салады.....................

- Мені неге қайтарды?

- ??????? -

Сен неге жылап тұрсың?

- ?????? -

Кешегі түсіме бола ма?

- ??????

Онсыз да түсініксіз әлемде тұрған мен сұрақтарымның жауапсыз қалғанына ренжідім, ыстық бірдеңе жұтып қойған секілді ішім қызып барады. Ыңылына басып автобус келіп тоқтады жанымызға. - Абайлап үйіңе жетіп ал, абай бол. Үнсіз тұрған құрбымның айтқан сөзі осы ғана.......

«Ұят ай, емтиханнан қашқандай болдым ау. Қазір барсам әкем де, анам да таң қалатын шығар. Бір жағынан қуанар. Келген себебімді сұраса ше? Не деп айтам? Түсімде естіген қаралы хабарға сеніп өздері жіберді деймін бе?». Өз ойыммен әуре болып келе бергенде үйге жақындап қалғанымды байқадым. Сыртқы қақпа ашық тұр. Туыстарымыз келген екен деп қуанғаннан жүгіре басып жетіп келдім..........

- Бізді тастап кеткенің бе......

- Айырылып қалдық қой.......

Көзімнің алды тұманданып кетті. Одан арғысы меңіреу дүние ................ Араға жиырма күн салып анасы мен баласын жер ана құндақтап қойнына алып кетіпті. Жаның жәннатта болсын! Күтпеген жерден көңілімізді жетімсіретіп кеткен тағдырға тәкаппарлық танытқанмен болмады, шындық жеңді. Кейін түсіндім, мен тек әкемнің өлімін мойындағым келмеген екен. Уақыт өте келе мойынсұнуға тура келді.