Құтты болсын Наурызым!

Құтты болсын Наурызым!
жеке
блог

 

Наурызбен жаңарып  айналам,

Туымды күнге әкеп байлағам.

Ұлыстың бұл күні – ұлы күн,

Қазанда көжесі қайнаған.

Қарттарым саулықпен мәз етер,

Кимешек киетін әжелер,

Бүрмелі көйлекпен көп қыздар

Ән салып көктемді жаз етер.

Саусағы тигенде шанаққа

Домбыра күй шашар алапқа

Асыққа таласқан баланы

Бөрікті бөлейді ғажапқа.

Біздің күн – күн мен түн теңелген,

О, ғажап нұр жауды төбемнен.

Амандық сұрасты қалың ел,

Тілекпен шаңырақ көгерген.

Қыр жақта бәйге боп аламан,

Батаға толады алақан,

Он бір ай ішпеген көжені

Наурызда ішеді бар адам.

Кеңейсін өрісім, тынысым,

Әр үйде қонақ боп ырысым.

Жыл келді! Жақсылық бірге ерді,

Жақсы сөз айтайық Жыл үшін!

О, Қазақ, құт болсын Наурызым!

Өлкеміз  бақыттан балқысын!

Көк шығып бояйды даланы

Е, бұл  күн – Тәңірдің  алғысы! Жұлдыз Бейсек.