Көпшілік алдында сөз сөйлеп үйренгісі келетіндер үшін

Көпшілік алдында сөз сөйлеп үйренгісі келетіндер үшін

1. Көпшіліктің алдында сөз сөйлеп үйренгіңіз келсе

Үлкен аудиторияны өзіне бағындырып, айтқан сөзіне сендіре білетін жандар әрдайым көпшіліктің ықыласына бөленіп, ерекше мақтау сөздер естиді. Олар кез келген жерде басқарушының рөлін жақсы сомдап, күнделікті қиындықтарын сөзбен-ақ шешуге дағдыланған.

Біз сіздерге әр түрлі тақырыпта сөз қозғап, алдыңыздағы адамдардың назарын жылдам баурап алудың ұтымды тәсілдерін ұсынамыз. Ең маңызды деген сәттерді есте сақтаңыз. Олар:

1. Охо!

2. Мұның барлығы не үшін айтылып жатыр?

3. Мысалы?

4. Сонымен?

1. Охо...

Сіз көптің алдына шығып сөз сөйлей бастағанда жиналған қауым «Тағы бір сөзшең шықты, бұл да бос сөйлейтін шығар» деген ойға қалады. Оларды осы ойынан қайтару үшін сөзіңізді қызықты немесе күлкілі әңгімеден бастауыңыз керек. Яғни, сіздің ең алғашқы айтатын сөйлеміңіз аудиторияның көңіл-күйін өзгертуі тиіс.

2. Мұның барлығы не үшін айтылып жатыр?

Сіздің келесі жұмысыңыз – аудиторияға мұның барлығы не үшін айтылып жатқандығын, қандай мақсатыңыз бар екенін түсіндіру.

3. Мысалы?

Бұл – айтар әңгімеңіздің ең негізгі бөлігі. Сөзіңіздің жаны бар екенін дәлелдейтін 3 себепті айтыңыз.

4. Сонымен?

Сіз сөзіңізді аяқтауға жақындағанда тыңдаушылар «Енді не істеуіміз керек?» деген ойға қалады. Сондықтан, аудиторияны сөзіңізге нандырып, оларға ойыңызды, тың идеяңызды ұсынуыңыз керек.

Ал енді жоғарыда айтылғандардың барлығы түсініктірек болу үшін өзіңізді ата-аналар жиналысында сөз сөйлеп жатырмын деп елестетіңіз. Сіздің мақсатыңыз – ата-аналарды жаяу жүргіншілер ережесін сақтауға үгіттеу және балаларының көзінше жолдан жүгіріп өтпеуге көндіру. Мұны төмендегідей жолмен жүзеге асыруға болады:

1. Охо...

Соңғы бір жылдың ішінде жол ережесін дұрыс сақтамауларына байланысты елімізде 2 355 бала қайтыс болды. Мұның барлығына олардың ата-анасы айыпты. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, мұндай жағдайға осында отырған әрбір екінші ата-ана тап болуы мүмкін. Сұрақ ол қайсыңыз екендігінде ғана.

2. Мұның барлығы не үшін айтылып жатыр?

Құрметті ата-аналар, мұның барлығын соңғы бір жылдың ішінде жол апатынан қайтыс болған немесе ауыр жарақат алған балалардың саны көбейіп кеткендіктен айтып жатырмын. Жоғарыда аталған балалардың 96%-ы жаяу жүргіншілер жолынан өтпеген. Яғни, менің айтып жатқаным кез келгеніміз үшін өте маңызды. Сіздер өз балаларыңызды жақсы көресіздер емес пе?

3. Мысалы?

(Бірінші түсіндіру). Ұлттық қауіпсіздікті қорғау комитеті жақын уақытта 46 мектепте зерттеу жүргізді. Осы зерттеу барасында ... (жоғарыда айтқан статистикалық мәліметті тағы бір рет қайталаңыз) екені анықталды.

(Екінші түсіндіру). Мұнымен қатар біз ата-аналардың балалардың қауіпсіздігін сақтап қалуға қаншалықты жауапкершілікпен қарайтындығын да зерттедік. Нәтижесінде ... (нақты мәліметтер келтіріңіз) анықталды.

(Үшінші түсіндіру). Өзім де ана болғандықтан, сіздердің сезімдеріңізді толықтай түсінемін. Мен де бұл туралы көп ойландым... (Үшінші түсіндіру эмоциямен, сөйлеп тұрған тұлғаның сезімдерімен тікелей байланысты).

4. Сонымен?

Сонымен, мен сіздерден не нәрсені талап етемін? Бүгінгі күннен бастап балаларыңызды сабақтан алып қайтқан кезде ... (мәселені шешу жолын ұсыныңыз) осылай жасағандарыңызды қалаймын.

Сөзіңізді айтып болған соң отырыңыз. Еш уақытта сөзіңізді тыңдағандары үшін аудиторияға алғыс айтпаңыз. Егер сөз саптауыңыз шын мәнінде ұнаса, алғысты олар айтуы тиіс.

Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай

Сурет: Ақан Марғұланұлының жеке парақшасынан

Қ. Бүйенбай