Өміріме өрнегін салған - ғаламтор

Өміріме өрнегін салған - ғаламтор
жеке
блог

         Сағат таңғы алты. Ұйқыдан ояна салысымен, компьютерімді қолыма алдым. Күндегі дағдым бойынша, алдымен «Facebook»-тағы парақшама келген хаттарға көз жүгіртіп, жарияланған жаңалықтар мен хабарларды оқып шықтым. Кейіннен «ВКонтакте» желісінекіріп, «Кітаптар әлемі» группасын ақтара бастадым.  Содан соң «google»-ға бағынышты әдетіммен сабаққа керек ақпараттарды іздедім. «Whats App» желісінде ренжітпегенді жөн көріп кірген едім. Оның да мені ренжіткісі келмейтінін байқадым. Жеке адамдар, группамен қосқанда 100 хат келіп тұр екен. Содан соң фото, видео тағысын тағы. Уақыттың қалай өткенін де түсінбей қалдым. Сабаққа жиналып, компьютерімді сөмкеме салып, өзіммен ала кеттім.

        Бұл менің ғаламторға деген ғашықтығым... Сабақтан тыс  әдеби кітап оқитын болсам да – ғаламтор. Кей кезде осы ісіме сын көзбен қарап, мынадай сұраққа жауап іздеймін:  «Ғаламды шырмаған «ғаламтор шырмауынан» шыға алатын шынайы жан бола аламын ба?!»

        Бұл сұрақ көбіміздің көкейімізде сайрап тұрғанмен, шешімін табуға асықпаймыз. Неге? Өйткені, біз ғаламторға тәуелдіміз. Бүгінде адам мен ғаламтор ажырамас егіз ұғым деп айтсақ, жаңылысқанымыз емес шығар...

        Менің түсінігімде, ғаламтор – ғаламды торына тұзақтап, «мен»-ін асқақтатып тұрған бүгінгінің «батыры».

        Бұлай ойлауыма не себеп? Ғалымдардың айтуы бойынша, ғаламторда көп отыру адамдардың сенімділігін арттырады  екен. Оны біз күнделікті әлеуметтік желілердегі әңгімелесулер мен қалдырылған пікірлерден байқаймыз. Ғаламторды қарап отырған болсақ, барлық адам ақылды, барлығы – дана. Біреу өмірден көргенін жазады, біреу басынан өткенін жазады. «Мына адамдар жазып жатқанда, мен неге жазбаймын» деп біз де жазамыз.

           Бүгінгінің батыры – менің де «жан досым». Қалай ғана керемет жанмен дос болмайсың? Ол сені құшағын жайып шақырып тұрса, фотоңды сал, мақалаңды жаз, кәсібіңді баста, «мен сені атақты қыламын» деп тұрса, тақырыптар айқайлап қызықтырып тұрса, неге дос болмасқа?!

           Ғаламтор – құрал. Құралды игі іске пайдалана білсең – жеңісің, пайдалана білмесең – жеңілісің.  Жеңілісі дейтініміз, ғаламтор адамның ізденісіне кедергі болып, қоғаммен араласуына айтарлықтай зиянын тигізеді. Осы сөзіме мысал ретінде мен өзімді алғым келеді.

         «Мен және ғаламтор».  Мысалы, мен үй тапсырмасына түсінбесем,  ғаламторды ақтарамын, бір сұрақ мазаласа, ғаламтордан сұраймын, кино қарасам, ғаламтордан көремін, ізденер болсам да  ғаламтордан асқан «білімді» жоқ, тіпті, қуанып, мұңайсам да ғаламтор жаныма жолдас. Уайымның торына шырмалып, уақыттың тығыздығына қиналсам да ғаламтордан көмек күтемін. Интернетті ашсам болды, басқа әлемге еніп кетемін. Мен үшін маңызды дүниелерді ұмытып, жұлдыздар өмірі мен қызықты ақпараттардың құрбаны болғанымды сезбей де қаламын.

        Айталық, ғаламторды пышақ деп қарастырып көрсек, біреу онымен қолын кеседі, біреу жолын кеседі немесе біреу ақылмен шешеді. Өз басым көп жағдайда «қолымды кесіп жатамын». Алтын уақытымды ғаламтордың «ғажап» әлеміне қалай қиғанымды байқамай да қаламын.

         Ғаламтордың зиянымен бірге пайдасы барын да білеміз. Оның зиянын жіпке тізе бастасақ болды, пайдасын еске алып өзімізді жұбатамыз.   Көк жәшік пен кішкене ғана қалта телефондарына орныққан интернеттің құдіреттілігі неде? Осы  сұрақ мені жиі мазалайды. Ал мұның шешімін тағы интернеттен қарауға тура келеді.

         Не себепті газет-журнал, кітаптардан қарап, кітапхана табалдырықтарын тоздырып, көпті көрген жандардан, ұстаздардан сұрамайды екенбіз деп ойлаймын. Бәріміздің ойымызға «сап» етіп келе қалар сылтау - «уақыт жетпейді». Сол уақыт қайда кетпей жатыр? Бір тәулік уақытымызды тиімді өткізіп жатқанымызға кім кепіл? Көзбен көріп, құлақпен естіп, дәмін сезінбеген соң ғаламторға телміріп тапқан ақпараттан не аламыз? Бұл сұрақтың жауабын ойлаймыз, қозғаймыз, көп айтамыз.

        Десек те, уақытымызды алатын, көңілімізді табатын, жолымызды ашып, жарамызды жазатын – ғаламтор екені бүгінгі күннің шындығы...