Құпия шежіре

Құпия шежіре
жеке
блог

                    Әлі есімде… Сол бір күні қазақ әдебиетінен Бауыржан Момышұлының ‘’Ұшқан ұя’’ романын оқып жатқан едім. Сол бір бала Бауыржаннан ‘’Кімнің баласысың?’’ деп сұрағанда, өзі Момыштың, ал Момыш Имаштың баласы екенінінен бастап, жеті атасын жетелеп тұрып сана беретін. Осы бір сәт құдды бір өз көзіммен көргендей есіме орала беріп, мені ой кемесіне батырып жібермесі бар ма?!

                  Неліктен дейсіз бе?!Өйткені менің де жеті атамды білгім келді. Өкінішке  орай, бұл шежіре құпиясы қайда көмгені белгісіз Шыңғысхан қабірінің құпиясынан кемде-кем емес  еді. Сталин билікті қолға алған сәттен-ақ бүкіл әлемге қара бұлт төндіргені өздеріңізге мәлім. Сол қара бұлт бар отбасыға үйірілді. ‘’Қырсық бір айналмай , шыр айналады.''- дейді ғой атам қазақ.Сол үйірілген қара бұлт бізге сағымдай бұлыңғыр болып кеткен жандардың  туған ұлын жетімдер үйіне тапсыруға мәжбүр етті. Сол бала менің атам Есберген еді. Ұзын құлақтардан естуімше, елдегі жақсы мен жайсаңдардың бірі Бисенбай сол бір баланы асырап алыпты-мыс. Дәл осы сәттен бастап оның шын шыққан тегі де, шын руы да ұмыт қалыпты. Уақыт зырғап өте берді... Есберген зеректігі мен біліктілігінің арқасында оқу жолын өте үздік бітіріп , Құлсары Орталық электростанциясын негізін салған қарапайым қара жұмысшыдан цех бастығына дейін  көтерілді. Еңбек жолында ол өз теңін тауып, Шархат әжеммен бірге шаңырақ көтеріп, 4 бала өрбітеді. Алаңсыз өмір сүрген бұл отбасы аса үлкен қайғыға тап болады. Асқазан ісігі деп аталатын қырсық шалғыр пәле атамның түбіне жетіп, небәрі 36 жасында ажал оғына байлады. Ал менің әкем сол кездері есін танып білмейтін 9 айлық сәби болған. Ұлы Абай: “ Қиындық келсе, қарсы тұр, құлай берме.’’ – дегендей, менің әжем Шархат сол 4 баланы қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірді.Әжем біздің жұдырықтай ғана жүрегімізге ғибрат таратар атамның жомарттығы мен мейірбандығын мақтан етіп, неше түрлі әңгімелер айтатын. Алайда құпия шежіре сол бойы тылсым тұнған жұмбақ боп қала берді, қала берді...

Құпия қашанға дейін құпия боп қала береді дейсің?! 2013 жылдың 8 наурызында бұл шежіре құпиясы ойламаған тұста ашылды.Бұл құпияны ашушы әжемнің інісі Саламат деген ата еді. Аяулы аналар мерекесінде өз үйінде емес, біздің үйде менің анамның колынан ақ шайды ішіп, майы тамған қазы-қартаны асап, кең жайылған дастарханға мәз болып, өз әңгімесін бастады. '’ Есберген маған көп жақсылық істеп еді. Оның кіндік қаны тамған, тұсау жібі кесілген жері -Құлсары емес, Атырау… Сендер шалбар адай емес, өтес тазсыңдар... Есбергеннің шыққан жері сары тұқым…Оның інісі бар …’’—деп еді сол бір қарт. Күтпеген қонақ аяқ астынан біздің үйге келіп , бізге ақ батасын беруі мені ерекше таңқалдырды. Мен осы кезде 11 дегі бала едім. Бұл қарттың айтқан сөздері миымда дәл сақталып қалмаса да, сол сәттегі маған бейтаныс ерекше сезім менің жүрегімде мәңгі сақталып қалды. 8 наурызда көз алдымда болған ата келесі күні көз жұмады деп кім ойлаған?!Күндерден күн,  жылдардан жыл өте берді.  Сол бір аралықта әкемнің ең үлкен екі ағасы о дүниеге аттанды. Шамасы жұбайының өлімінен кейін қос перзентінің жоқ екендігіне шыдамаған онсыз да әлсіреген кәрі жүрек 2016 жылы маусымының он үшінде біржола соғысын тоқтатты. Әжем де өлерінің  алдында тек  менің отбасыма соңғы өсиетін айтып, батасын берген болатын.

                       Ия, құпия шежіре ашылса да , оның астарында қаншама ашылмаған қырлары мен сырлары бар?! Қызық, егер де Саламат ата сол бір күні біздің үйге келмеген де , кім біледі, мен жеті атасын білмеген жетесіз боп қалар ма едім?! Сосын неге ересектер жағы бұл құпия шежірені білуге талпынбаған немесе білсе , жас буынға неге айтпаған?!Сонда Есберген атаның інісінен тараған ұрпақтар мына жердің бір бұрышында болып тұр – ау?! Бұл жағы бұлыңғыр сағым .

                       Ең бастысы – бұл құпия шежіре бізге мәлім болуы.”Жеті атасын білген ұл, жеті жұртттың қамын жер.”-деген аталы сөз бар емес пе бізде?! Демек сізде жеті атаңызды танып білуге талпыныңыз! Жо- жоқ, білуге міндетттісіз!