Менің әжем сексеннің сеңгірінде!

Менің әжем сексеннің сеңгірінде!
жеке
блог

Бөлме. Бірінен соң бірі тізіліп ұйықтап жатқан жеті немере. Ұйықтағандай сыңай танытқанмен, әлдеқашан оянып алғанға ұқсайды. Әншейінде тұр-тұрға бағынбайтын бұлар дәл осы күні үнемі ерте оянып алады. Оған себеп: үлкен-үлкен қос терезеден төгілген күн сәулесі ме әлде мамамның (әжем) таңмен таласа пісіріп жатқан бауырсағының бұрқыраған иісі ме, білмедім. Әйтеуір, бұл күннің таңы тым ерекше ататын. 
Бұл күннің қонағының өзі ерекше еді ғой. Жапатармағай тұрып, магниттей тартып бара жатқан қазанның қасына жақындап, бірі біріне жағаласа, жамырай: “Мама, бүгін қонақ келе ме? Көөөөөп бауырсақ пісіріп жатырсың ғой”- деп әжеме қараймыз, ол кісі: “Бүгін, ұзын-сары келетін күн-дейтін”. 

Әжем піскен бауырсақтарын табаққа түсіре бергенде сырттағы малды жайғап, үйге енді кірген Көкем жуынбастан бауырсақ жеуге кірісіп кеткен бізді көріп: “Қолын жумай Меңтай, нан жеп отыр ұят-ай” – деп Меңтайды жылататын. Жұматайға ұйқасы келетін сол ғана... Айымгүл, Перизат, Фариза, Ағайдар, Ақназар, Гаухартас дегендер қалай өзгертсең де келмейді)) Сол кезде “Осы Бұлдыртыда менің Көкемнен ұзын, Көкемнен сары кім бар екен?” -деп ойлайтынмын. 

Содан қос қолымызды бауырсаққа толтырып, терезенің алдына тізілеміз. Күн біздің жақта ел барын көктем келгенде көргендей сәулесін шарасынан тасыта төгіп, көз аштырмайды. Ұйқылы-ояу көзімізді уқалап терезеден сыртқа қараймыз. Қар арасы сиреп, ағаш басына құстардан моншақ тізіліп, әрлі-бері өткен жұрт бір-бірімен тұра қап амандасып, саулық сұрасып жататын. Бәлкім таңда ерте оятатын да адамдардың сол күні қыстан аман шығып, қайта қауышқан сәттегі ыстық ықыласының лебі шығар ау... 

Осы кезде “Көрісу айт қабыл болсын”- деп көршілердің алды келе бастайды. Үлкендер үстел басына жиылып, “Қыстан аман шығуларыңмен!”, “Бұл өзі көптен күткен көктемнің белгісі ғой”, “Ата-бабамыз қыстан аман шыққанын көктемнің алғашқы күнінде тойлатса керек”, “Оooй, ол кездің қысы қыс еді ғой”, “Иә, қар жауғанда да үйлерді көміп тастап, бір қыс қабырғалас көршілердің үйіне із түспейтін заман болған” -деп арқа-жарқа әңгіме айтады. Бұл күннің бір ерекшелігі, қонақ келсе басқа бөлмеге қамалатын балалар ел қатарлы дастархан басына жайғасатын. “Көрісу айты көктемнің алғашқы күні тойлану керек болса, неліктен наурыз айының бірінші күні емес, он төртінде атап өтеміз”- деп таңырқаған балалардың біріне әжемнің айқаны есімде қалыпты: “Шын мәнісінде Көрісу айты наурыздың 14-і тойланғаны дұрыс. Мына орыстар календарды екі апта алға жылжытып қойған. Мен көктемнің алғашқы күнінде дүниеге келгенмін.” 

Иә, бұл күн - айттан бөлек, менің асыл әжемнің туған күні! 

Бүгін менің әжем сексеннің сеңгірінде! Ол біздің бала кезіміздегідей жас емес. Бетін шөл даланың тақырындай әжім басқан. Әр әжімі менің бір уыс әжемнің ғасырлық ғұмырының сырын шертеді. Ол бұрынғыдай әлемдегі ең тәтті бауырсақ пен кісе нан пісірмейді. Ол бұрынғыдай көрші кемпірлерге қонаққа бармайды. Ол бұрынғыдай бір кәмпитті бәрімізге тең бөліп бермейді. Ол бәріміздің атымызды атап шақырғанда марқұм атамды есімін де атайды. Ол көп күрсінеді. 

Күлдей күңгірт шашы бар, 
Тоқсан бесте жасы бар, 
Көз дегенің – сұп-сұр көр. 
Тасбиқ санап бүгіліп, 
Жерге қарап үңіліп, 
Көрше ауыр күрсінер, 
Менің бір қарт анам бар, 
Неге екенін білмеймін – 
Сол анамды сүйемін! 

Неге екенін білмеймін, сол әжемді сүйемін! Оны солай сүйетін өз балаларын бөлек, 8 кішкене жүрек бар. Сол сегіздің қасында ұзақ ғұмыр сүргейсің, мама!