Блог жазайын деп едім...

Блог жазайын деп едім...
жеке
блог

Өткен айдың жиырма алтыншы жұлдызы. Қазақ тілі пәнінен аралық бақылау тапсырмасы ретінде блог жазуды алдым. Мұғалім келесі сабаққа блог жазып келетін студенттерді таңдап жатқанда, өзімді керемет блоггер сезіндім ба, кім білсін, өз еркіммен қол көтерген болатынмын. "Несі бар, бір кеште жазамын да қойамын!", - деп ойлаған едім мен. 

Сонымен, кешкісін блог жазуға отырып едім, - бастай алмадым. Бір ерекше тақырыпқа жазғым келсе де, ойыма телесериал мен "Наурыз келді!"-ден баска тәуір ештеңе түспеді.. "Жарайды, ертең-ақ жазып тастаймын", -  деп шештім. Бірақ, сол ертеңгі күн - досымның туылған күні екені есімнен шығып кеткені ай! Туылған күнді бір күн үйде бір күн түзде тойлап, дүйсенбінің таңын да атырдық. Блог тапсыратын күн - сейсенбі. Уақытың тірелгенде санаңда небір қитұрқы ойлар пайда болады екен. Массагеттің жұлдызды блогтар атты бөлімін 15 бетке кейін парақтап, 2013 жылғы, керемет жазылған туындыны таптым. Тақырыбын кішігірім өзгертіп, салып жіберейін деп едім. Сол сәтте, сабағына кешігіп ойанған студенттей, ұятым оянып, ұрлыққа қолым бармады. Алайда, жұлдызды блогтарды ақтара отырып, Кәусәр Мұң атты кісі көзіме ілінді. Бір шығармасын оқып көріп едім - тым жақсы жазады екен. Профиліне кіріп нөміріне көзім түсті. Сондағы ойым - маған бір блог жазып беріңізші деп сұрамақпын... Қоңырау шалуға теңгерім болмай, whatsapp-та жазайын десем, оны қолданбайды екен. Амал жоқ, сөйтіп түнде ӨЗІМ жазатын болдым.

Түн ұйқымды қиып, тақырып таңдай алмай отырған кезім. Ойыма сан түрлі тақырыптар келеді: қорқорға құмар қазақ қыздары, футбол, оралмандарға берілетін стипендия, анорексия... Сан түрлі, тек сапасыз. Осылай отырғанда, туған күнді бірге атаған досым өзінің бұрын жазған еңбегін ұсынды! Жаман емес екен, соны өткізбек болып массагетке кірейін десем, ғаламтор желісі өшіп қалыпты. Қысқасы, блог жоқ - сабаққа бармадым. Енді міне, бүгін, тағы да тақырып іздеп отырып, ойланып қарасам, бір блог жазамын дегенімнің өзі блог болып шықты. Неге дәл осылай жазғаным өзіме де түсініксіздеу: бәлкім, мұғалім кеш өткізуімді түсінсінер деп үміттендім бе, әлде әлі де тақырып таба алмадым ба, әйтеуір шыққаны осы болды. Қатты сынға ала көрмеңіз, жазып тастадым! Оқырман, әділ бағасы өзіңізден болар.

Айтпақшы, жақсы тақырыпқа блогты келесі айда жазармын))