Менің туған өлкем

Менің туған өлкем
жеке
блог

Менің туған өлкем

«Әркімге өз туған жері – Мысыр шаһары»

(халық даналығы)

 

«Ақындай оқитұғын жатқа өлеңін,

Даусымды көптен бері баптап едім.

Бұлбұлым көмейдегі ән салды ғой,

Төбесі көрінгенде Ақтөбенің» - деп ақын Айтқали Нәріков сұлу да сымбатты, киелі мекен, менің  кіндік қаным тамып, алғаш «ана» деп күлім қаққан, тәй – тәй басып, топырағына аунаған, ата мекенім, Асан Қайғы бабам Жерұйық деп кеткен, кең байтақ, жазиралы өлкені «жұмақ» демеске болмайды ма?  Бұл өңір атышулы Әбілқайыр ханның, Әйтеке бидің, ұлы батыр Қобыландының, Алтай мен Арал, Бөкенбай мен Есет Көкіұлы, Асау мен Барақ, Көтібар мен оның ұлы Есет сынды жаудан ел қорғаған жаужүрек жандардың, ұлы ойшыл Мөңке би, Шернияз, Саршолақ, Ақтан сияқты дана тұлғалардың, ұлы ақын – жазушылар мен Қазанғап бастаған күйші – сазгерлердің, «Ақ тарының атасы» Шығанақ Берсиевтің, қазаққа біткен ержүрек жұлдыз, мерген қыз Әлияның, әйгілі лингвист, түркітанушы Құдайберген Жұбанов пен академик Сақтаған Бәйішев секілді танымалдығы республикамен шектелмей, әлемге танылған тұлғалардың өмірге есік ашқан атамекендері.

Ақтөбе – экономикалық, туристік потенциалы мол, теңдесіз минералды – шикізат базасы бар, жер қойнауы өте бай, интеллектуалдық және мәдени дәрежесі өте жоғары әрі берік өңір. Әлем бойынша облысымыз хром рудасының қоры бойынша бірінші орынды, Қазақстанда мыс рудасы мен мұнай қоры бойынша үшінші орынды, газ қоры жөнінен төртінші орынды иеленіп, жақсы көрсеткіш көрсетіп тұр, және Хромтау қаласында Республикадағы жалпы қордан отандық хромның барлық қоры Ақтөбе территориясында сақталған. Экспортқа бағытталған ірі кәсіпорындар – «СНПС – Ақтөбемұнайгаз» ААҚ, «Казхром» ТҰҚ ААҚ- ның құрамындағы Ақтөбе ферроқорытпа зауыты және «Дөң тау-кен байыту комбинаты», «Ақтөбе хром қосындылар зауыты», «Ақтөберентген» ААҚ- ның өнімдері таяу және алыс шетел рыноктарында кеңінен танылып жүр, бұл біздің облысымыздың ірі өнеркәсібі дамыған аймақтардың бірі екенін тағы бір рет дәлелдеп тұрғандай.

«Ақтөбе ат төбелдей мақтан елміз, Қобыландыдай батырды тапқан елміз»- деп еді бір айтыста Ақтөбенің атынан топқа түсіп жүрген Шымберген Сүлейменов. 1869 жылы іргетасы қаланған ақ төбенің басындағы бекініс, қазір де жасыл желекті заманауи мегаполис озінің сәулет өнерінің керемет туындылары мен ескерткіштері, мешіттер мен мұражайлар, ұлттық сипаттағы сәулет үлгілері, ойын- сауық алаңдары, демалыс орындары әдемі қаланың көркін асқақтатып, арғы- бергі тарихын анық аңғартады. Ұлы Жібек жолындағы бұл әсем қалаға ықыласпен туристердің ағылып келуі, туризм инфрақұрылымының дамып, ажырамас бөлігене айналғандығының нәтижесі.

Киелі мекен, қазір темір жол, әуе, автомобиль қатынастарының маңызды торабына айналып, жедел дамып келеді. Халықаралық стандарттарға сай Ақтөбе халықаралық әуежайы қазіргі заманғы автоматтандырылған жүйемен жабдықталған, Шымкент- Самара трансконтинентальді автокөлік магистралі облыс территориясы арқылы өтеді, Орал, Маңғыстау, Орта Азия мен Еуропаға қарай бағытталған маңызды теміржолдар географиялық жағынан қолайлы орналасқан біздің облысымыздан бағыт алады.

Адамға ауа біткеннен сана қалыптасады, ал сана арқылы мәдениет қасиет болып бойымызға сіңеді. Ал, сол мәдениетті сақтап қалу үшін мәдени саланың дәрежесінің биік болғаны жөн. Батыс өңірінің ірі мәдени, білім мен ғылым орталығы саналатын қалада 11 жоғары, 16 арнаулы оқу орындары, соның ішінде: Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университеті, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина Академиясы, Ақтөбе жоғары әскери авиация училищесі және көптеген оқу орындар шетелге танымал. Қалада драм театрлар, облыстық тарихи- өлкетану мұражайы, Кеңестер Одағының батыры Әлия Молдағұлова атындағы мұражай жұмыс істеп тұр.

«О, туған ел, қасиетті топырағың,

Сендік махаббаттымның оты – жалын.

Сені қалай сүюдің керектігін,

Мен ешқашан кітаптан оқымадым» - деп Фариза ақын айтқандай, туған елге деген сүйіспеншілік сезімі, әке қанымен берілетінін бәріміз де жақсы білеміз. Ақтөбе шаһарының болашағы бүгінгіден де сәулетті боларына мол сенім артамын.