Менің алғашқы блогым

Менің алғашқы блогым
жеке
блог

  Армысыздар, Массагет сайтының ұжымы мен қолданушылары! Менің Массасет сайтынан үйренгенім көп.Тіркелгеніме біршама уақыт өтсе де, блог жазудың бірде-бір сәті түспеді. Қазақта дәм татса, болады деген сөз бар. Бүгін менің блогымды жариялауға негіз болған себеп – неге өз өмірлік ұстанымдарыммен, өз ойларыммен бөліспеске деген ой болды. Алғашқы блогым болғандықтан не жазарымды білмей көп ойланған едім. Менің бірінші жазбам өзімнің басымды торлап алған ойлар туралы болмақ.  Мен Шырайлы  Шығыстың қарапайым қыздарының бірімін.Өзім туралы айтар болсам, маған үнемі болмайтын нәрселерді уайымдап, көңіл-күйлері түсіп, және де өз уақыттарын босқа өткізетін адамдар ұнай бермейді. Өмір – қамшының сабындай қысқа. Бір данышпан :«Өмірді 10 секундтан кейін өлетіндей өмір сүр» деген екен.Сондықтан әр уақытымызды бағалап, дұрыс уақыт өткізе білейік.

  Менің өмірлік ұстанымдарым сәт сайын толықтырылып отырады. Себебі, оқыған кітаптарымнан, сонымен қоса, интернет бетін шолып отырғанда терең мағынамен жазылған қанатты сөздерді оқып отырғанда, еріксіз ұшы-қиыры жоқ қиял әлеміне жетелейді, жетелейді де, әрқайсысы санамда түрліше ой қалдырады.  Менің жиі айтатын сөзім – уайымдап мұңайғанша, себепсіз күлген артық. Шынымен де, мен әрнәрсені уайымдағанша, барынша күлімсіреп жүруге ұмтылам. Өмірдің түнерген қап-қара бұлтты күндерінде әрдайым шуақты күн келіп, өзінің шапағатын жер-ғаламға төгетініне сенемін! Менің де мұңаятын сәттерім болмайды емес, болады. Мен мұңайғанда, жанымды жегідей жеген осынау уайымнан арылу үшін әдемі ән немесе әуен тыңдаймын. Тыңдаймын да, ақырындап ән сала бастаймын. Ән салып жатқанымда –мына дүние, ертеңгі сабақ, қарбалас тыныс-тіршілік, бәрі, бәрі де менің санамнан шығып кеткендей болады.Бірақ та, еш уайым-қайғысыз, уайымдауға себеп жоқ болып, әрдайым күлімсіреп жүргенге не жетсін, шіркін!

   Кейде сіз бен біздің балалық шағымызда тезірек есейсек екен деп армандаған кездерім  есіме түсіп кетеді. Сондай сәтте қатты өкінем, балалықтың бал дәмі артта қалды. Мәңгіге. Қайтып келмейді де.Еш уайымсыз, еш мұңсыз, өмірдің не екенін білмесек те өмір сүріп жатқан сол кездер-ай... Осылайша ойлап, көңіл-күйім түсіп кетсе де , алдымнан жарқын болашақ күтіп тұрғанына сенемін!

    Мен өте-өте, өте бай адаммын. Құдайға шүкір, ата-анам, аға-әпкелерім жанымда. Менің соңғы үлгідегі «IPhone» телефоным болмаса да, телефоным бар. Менің қымбат джип көлігім болмаса да, қалаған жеріме алып барар аяқтарым бар. Менің қолымда қымбат сақинам болмаса да, өз қалауым мен жұмысты атқара алатын қолдарым бар. Менің алтын сырғам болмаса да, жақындарымның жылы сөздерін, құрдастарымның әзіл аралас қағытпа сөздерін қабылдай алатын құлағым бар. Мына әлемге өз көзіммен қарай аламын – бұл да байлық. Кейде ойлаймын бай болудың не қажеті бар, егер денсаулығың болмаса деп. Кең далаға шығып, терең бір тыныс алғанның өзі неге тұрады? Біз оқу-жұмыс  деп жүріп, неге денсаулыққа, жақын туыстарымызға көңіл бөлуді шектеп қойдық? Осы орайда жақында оқыған мына бір нақыл сөз есіме түсіп отыр:

Ақша: «Бәрін ұмытта,мені тап !» -дейді
Уақыт: «Бәрін ұмытта,маған ер!»- дейді
Болашақ: «Бәрін ұмытта,мен үшін күрес! » - дейді
Ал құдіреті күшті Аллаh Тағала жай ғана «Мені есіңе ал,саған барлығын беремін » - дейді.
..