Өмірдің өзі үлкен қоңырау секілді...

Өмірдің өзі үлкен қоңырау секілді...
жеке
блог

  Шамамен бір ғасырдың куәсі бола алатындай адамзат баласының ғұмыры бір мазмұнды білдіретін қоңыраулардың сыңғырынан тұрады:

• "Шыр" етіп жарық дүние есігін ашқан сәбидің "мен де енді осы ғаламның бір бөлшегі болдым" деп іңгәлағаны-өмірдің алғашқы қоңырауы...

• Уақыт өте келе сәбидің өсіп,бір жерін ауыртып алса,не ойын жеткізе алмай айналасындағыларға арызын білдіріп ашуланғаны-ең бірінші реніштің қоңырауы...

• Былдырлай тілі шығып,дыбыстарды анық айта алмаса да, қаншама миллион сөздің ішіндегі біреуін ғана,қорыққан сәтінде еріксіз аузына түсетін "Ана" деген сөзді айтуы-жұдырықтай ғана жүректің анаға деген риясыз сүйіспеншілігін білдіретін- балалық сезімнің қоңырауы...

• Мектеп табалдырығын бірінші рет аттап "сабаққа кірісетін уақыт келді" деп  соғылып,ересек өмірдің көпіріне жетектеп жеткізетін, "тұлға" болып шыққандығыңды айғақтайтын, құлағымызда өмір бойы сыңғырлайтын- білімнің қайта келмес қоңырауы...

• Қораздың азанымен жағаласып "әй,студент,тұр!" деп, күнде таң сәріде жағаңнан алатын сыңғырлаған сағат-алдыңа қойған мақсатыңының қоңырауы...

• Жүзіңе шаттық үйіріп,жанарыңа отын тұтатып,сол оттың жылуымен бойыңдағы шабытты оятатын-қуаныш пен арманның қоңырауы...

Жаныңды қоярға жер таппай,сенімің жасығанда,не істеріңді білмей тығырыққа тірелгенде жанарыңа келетін бір тамшы жас-жаныңа батқан уайымның қоңырауы...

• Бүкіл әлем саған қарсы тұрса да, жігеріңді ең ұлы қаруың етіп,тәуекелдің өзенін қаншама рет кешіп, түбінде дегеніңе жеткеніңді көрсететін-мақтаныштың қоңырауы...

• Сезімнің шәрбатын татып,мейлі қанша жерден үскірік пен аяз болсын,мәңгі өшпес қуатымен бойыңдағы жылудың көзі болып "Мен сені сүйемін" деген аяулы жанның адал сөздері-ақ махаббаттың қоңырауы...

• Өмірге келіп,іңкәр даусымен ата-аналық махаббаттың себепшісіне айналған бөбетің үні-артыңда қалған ұрпақтың қоңырауы...

• Осының бәрін еске алып, бұдыр жердің иірімі секілді бетіңе жиналған әжімнің әр біреуінің тұңғиығына батып, жасар амалыңды жасап, Аллаға тәубаңды айтып, "ата-әжелеп" жүгірген бүлдіршіндердің бар екенін көңілге ыждаhат етіп, көз алдыңа ғұмырдария толқыны "ақтық сапарға дайындал" деп белгі бере, ақырғы деміңді алуың-мына өмірдің ең соңғы қоңырауы...