Жақсылық бар екеніне сенемін

Жақсылық бар екеніне сенемін
жеке
блог

Жақсылық – адамның ең ізгі қасиеті, өмірді мәнді етіп, адамдарды жақындастыратын құдірет. Жақсылық жасау – кез келген кісінің қолынан келеді, бірақ өкінішке орай көп кісі біреуге кішкене болса да көмек көрсету – үлкен ізгілік екенін ескермейді.

«Өз бойымдағы бар жақсылығым үшін кітапқа борышытымын» деген Максим Горький ақылсыз емес. Бәріміз де кітапты көп оқысақ, жақсылығымыз жарасып, келешегіміз кемелденері айтпай-ақ түсінікті.

«Үлкен қала – мейірімге зәру. Тұрғындары бір-біріне жаны ашымайтын тас жүрек боп кеткен». Бұл менің бірінші курсқа түскен кездегі ойым. Біреу жылап отырса, жан-жағына қаумалап қалың халық жиналатын, біреудің басына іс түссе асарласып қол ұшын созатын, адасып қалса, үйіне дейін әкеліп тастайтын аядай ауылдан келіп, көлік қағып кетсе де жедел-жәрдем шақыру орнына, видеоға түсіріп тұратын жұрты бар алпауыт қалаға тап болғанда басқа не ойлауға болады?

Бұл ойым қазір сәл де болса өзгерді. Мейіргүл Оңғарованың «Жақсы адамдар көп!» деген блогын оқып отырып, өзіме жасалған жақсылықтан есімде ерекше қалғаны бар ма деп ойландым. Маған «Қыз бен жігіттің арасында шынайы достық бар» екенін дәлелдеген досымның базардан 10 кило алманы автобуспен әкеліп беретінін, таң демей, түн демей поездан күтіп алып, шығарып салатынын, көшеде біреу адасып кетіп, жол сұрағанда кез-келген сәтте кеңес беретін, қайда барсам да жалғызсыратпай жанымнан табылатын, т.с.с. шашымнан көп толассыз игі істерін санамнан еш өшірмеймін. Алайда сіздерге осыдан бір ай бұрын ғана өз басымнан өткен оқиғаны аян етейін.

Абай – Абылай хан көшелері қиылысынан Төле би – Байтұрсынұлы көшелері қиылысына бет алдым. Жаңбыр жауа бастады. Дауысы... Иісі тым тәтті. Өзі жылы жаңбыр екен. Мұндай жан рахатын қиып, қалай ғана көлікке отырып кетуге болады. Көптен бері жаумай, сағындырып бір келіп тұрған жаңбыр бұл. Көп жүрген жоқпын, көйлегім малмандай су болды. Мен туған Маңғыстауда жаңбыр айда-жылда бір рет жауатын болған соң, басымызды тосып қалуға тырысамыз. Туғалы қолшатыр дегенді ұстамаппын. Мен жаңбырға еріп кететін қант емес, балмын ғой..)

Мұқағалидің сөзіне жазылған, Айқынның орындауындағы «Төпеп тұрған нөсерге де қарамай-ақ, Бір қыз кетіп бара жатыр жалаң аяқ» деген жолдары еріксіз тіліме орала берді. Одан сайын шаттанып, ыңылдап айтып келемін. Қиялыммен өзге әлемге еніп кеткенмін. Кенет артымнан бір жігіт келіп, қолшатырын төбеме тоса қалды.

– Сізге осылай жарай ма? – деді орысшалап.

– Ой, шошып кеттім ғой! Рақмет!

Екеуміз де үнсіз келеміз. Маған еріп ол да жай жүрді. Жанашырлығына риза болсам да, оны жолынан қалдырмайын деп, дәл қазір көмегіне зәру еместігімді қалай жеткізсем деп келемін.

– Сіз асығыс емессіз бе? – деп сұрадым.

– Я по казахски... Эм-м...

– Білмейсіз бе? – дедім де, алғашқы сұрағымды да орысшалап қайта қойдым.

– Немного...

– Асықсаңыз, жүре беріңіз. Мен өзім жаңбырды жақсы көремін.

– Ауырғанды да жақсы көресіз бе? – деді орысша.

– Жоқ, ауырмаймын. Ештеңе етпейді. Рақмет сізге!

«Сау бол!» айтып, тез-тез басып жүріп кетті. Абай – Байтұрсынұлы көшелері қиылысына жеткен соң, көше жолдарындағы жаңбыр суы тобыққа жетіп, жаяу жүру мүмкін емес боп кетті. Әрі қараңғы түсіп барады, бойымды белгісіз қорқыныш биледі. Такси ұстайын деп шештім. Жол жиегіне келіп, қол көтерген бойда, бір көлік асығыс келіп тоқтады. Үйімнің алдына дейін жеткізіп, берген ақшамды алмай кетті. «Мынадай күнде жақсылық жасағым келді, такси емеспін» деді. Алматыда да жақсы адамдар көп екен... Мен олардың есімдерін де білмеймін, жасаған жақсылығына жауап қайтара алмаймын. Сондықтан өзгелерге көмек қолын созу арқылы олардың жасаған қамқорлығын қайтарғым келеді. Маған көрсеткен жақсылықтары өздеріне еселеніп қайтса екен!

Адам өмірде неге сенсе, сол орындалады. Мен жақсылықтың, мейірімділіктің мол екеніне сенемін. Сене түскім келеді.

Ал сіздердің өміріңізде жүрек жылытар қандай оқиға болды?