Жақсы адамдар көп!

Жақсы адамдар көп!
жеке
блог

Айналамызда сан түрлі сұмдық болып жатқанда, үнсіз қала алмаймыз. Жүрек шіркін дір етіп, "заман осынша тасбауыр болып кетті ме?" деп іштей күрсінеміз. Бірақ! Бірақ бір нәрсені ұмытпауымыз керек. Ақ пен қара қатар өрілген өлшеулі өмірде жамандықтың зұлым тырнағымен бірге арашашы жақсылық та тыным алмай тыныстауда. Бүгін біз алысқа шаппай-ақ, өз өміріміздегі ең жарқын сәттер мен ең мейірбан адамдарды еске алайықшы. Ойлап қарасақ, "Өмір" атты кітабымызда жақсылардың шарапаты тиген шуақты парақтар өте көп қой... Өте көп!

Маған жақсылық жасаған адамдар аз емес. Ол – мені өмірге әкелген анам, мейірімін төккен бауырларым, дархан достарым, ұлағатты ұстаздарым... Тізім шексіз! Бірақ туғандарың мен таныстарыңның жақсылығы заңды да. Ал көшедегі бейтаныс адамдардың көмегін көргенде, адамгершілік жалауын биік ұстаған, жүрегінде мейірімі бар адамдардың аз емес екенін ұғынамыз. Ұғынған кезде кеудені қуаныш кернейді. Ол қуаныш өзге сезімнен ерекше. Өйткені ол құрмет пен ризашылықтан құралады. Сөйтіп, өмір бойы жаныңа жылылық береді. Жақында басымнан өткен бір оқиғаны баяндайын. 

Әдетте жұмыстан кеш шығамын. Бірде үйге барар жолда өз-өзімді нашар сезініп, таксиден орта жолда түсіп қалдым. Енді байқадым, түскен жерім қараңғы әрі қорқынышты екен. Тірі жан жоқ. Өз-өзімді нашар сезінген соң, кішкене отырайын деп, тұрған жерімде отыра кеттім. Тұрайын десем, әлім жоқ. Әлім бар-ау, тұрсам, басым айналады, қайтып отыра кетем. Жолдасыма қоңырау шалып, мән-жайды баяндадым. Келуімді күтіп тұрған жолдасым: "ешқайда қозғалма, адасып кетесің, қазір барамын" деді. Осы арада түн түнегі түсіп үлгерді. Қорқынышым бара-бара ұлғайып, тықырши бастадым. Бір кезде артымнан аяқ дыбысы естілді. Бір адам келе жатқанға ұқсайды, бұрылып қарауға қорықтым. Ойыма түрлі сұмдық жағдай келе бастады. Жүрегім тарсылдап, "бұл бейтаныс адам маған не істеп кетер екен?!" деп қатты үрейлендім. Аяқ дыбысы тіпті жақындап, енді ту сыртымнан естілді. Бүрісіп отыра бердім. Қорқынышымды әсіресе қараңғы жерде жалғыз қалған қыздар түсінетін болар. Бір кезде әлгі бейне жақын келіп, "не істеп отырсыз?" деді. Мен: "қазір мені алып кетеді, кішкене ауырып, күтіп отырмын" дедім. Ол сонда: "түнде жалғыз жүрмеңіз, жүріңіз, мен сізді таксиге салып жіберейін" деп, қолтығымнан демеп тұрғызып, такси тоқтатуға ұмтылды. Енді ғана тілге келейін деген менің "жоқ" дегеніме қарамай, мекенжайды сұрап, такси тоқтатып, ішіне көтеріп отырғызып жіберді. Бет-әлпетіне жөндеп қарап та үлгермедім. Шамалауымша, жасы 17-лердегі жас жігіт. Үй алдына дейін жетіп, таксиден түсе бергенімде бір-ақ білдім, таксидің ақшасын да төлеп тастапты... 

Мен сол жас баланың бет-әлпетін жаттап алмағаныма өкіндім. Ол қараңғы жерден жарқ еткен жылы сәулеге ұқсады. Немесе құлап бара жатқанда қармап қалатын тамыры берік тал сияқтанды. Маған жасаған жақсылығы алдынан жүз есе ұлғайып қайтар деп, іштей қатты риза болдым. Осындай жақсы адамдар барда әлем мәнін жоғалтпай, ғаламат ғалам ғасырлар бойы өмір сүре бермек.

Ендігі кезек - сіздерде! Сіздер де жақсылықтың жаршысы болған жандар жайлы еске түсіріңіздер, өйткені, олар бұған әбден лайық...