Аяжан Базилжанова: "Жұдырықтай жүрегім елім деп соғады"

Аяжан Базилжанова: "Жұдырықтай жүрегім елім деп соғады"

Әр ортаның бірден көзге түсер белсендісі болады. Оның айтқан сөздері жанға майдай жағып, істеген әрекеті тамсандыра түседі. Дәл қазір мектеп оқушысы туралы айтып жатырмыз.

Көп шәкіртті тәрбиелеп, олардың жүрегіне үңілген сайын ешкімге ұқсамайтын ерекшелікті байқаймыз. Сол ерекшелік біріне жаратқанның сыйы ретінде берілсе, енді бірі еңбекқорлығының арқасында оған қол жеткізіп жатады. Талапты да, талантты оқушылар - еліміздің ертеңі, ұлтымыздың болашағы. Ертең біздің қамымызды ойлап, қиын-қыстау кезеңде жан сарайымызға тыныштық орнататын да сол жандар. 

Әжеміз ұсынған қаймақтың дәмін татқан кезде тіл үйірген дәмінен жүзіміз жадырай түседі. Әркез оның дәмін татқан сайын тамсана түсеміз. Осы күндері жібектейін мінезімен әке-шешесіне арқау, сіңілдеріне үлгі болып, талай жанды тамсандырып жүрген Аяжан Базилжанның ерекше қабілеттері мен жан-жақтылығы туралы баяндағымыз келеді.

№136 М.Дулатұлы атындағы мектеп-гимназиясының оқушысы Аяжан - 2014 жылғы «Жұлдызды талант» IV балалар мен оқушылар фестивалінің 1 орын иегері, қалалық, аудандық олимпиадалардың, «Ақбозат ІІ» халықаралық ақындар мүшайрасының жеңімпазы. Бос уақытында өлең шығарып, би билейді. Құрманғазы күйлерін асқан шеберлікпен орындайды. Ұстаздарының айтуынша, жүрген ортасында сыйлы, сүрінгенге сүйеу бола білетін жан. 

"Адам баласы дүниеге келген соң кішкентай кезінен бастап «Мен өскенде кім боламын?» деген сұраққа жауап іздейді. Алдына мақсат қояды. Сол секілді менің де алдыма қойған мақсатым бар. Осы мақсатыма жетуім үшін сапалы білім алып, көп еңбектенуім қажет. 

Мен болашақта сахна шебері, яғни актриса болуды армандаймын. Қазақстаныма, бүкіл әлемге әйгілі болғым келеді. Ал әзірге ата-анамның үлгілі қызы болуды жөн көремін. Артымнан ерген сіңіліме қамқоршы әпке болсам, бұл жалғанда арманым болмас еді.

Мыңдаған түлектің арманы болған «ҰБТ-дан ең жоғарғы балл алу» - менің де арманым. ҰБТ-ны ойдағыдай тапсырып, Т.Жүргенов атындағы ЖОО-ға түскім келеді. Оқу бағдарламасының айтарлықтай қиын екенін де білемін. Қандай жағдай болмасын, алға ұмтылып, барлық қиындықты жеңемін. Жұдырықтай жүрегім әрдайым елім, жерім деп қана соғады. Сондықтан еліме қызмет етіп, тек биік шыңдардан ғана көрінбекпін", - деп Аяжан Базилжанқызы көкейінде жүрген асыл армандарымен бөлісті.

Оқи отырыңыз:

Оқу жылын сәтті аяқтағысы келетіндер үшін

Мектеп аттестатын жоғалтқан жағдайда

Оқушы: "Болашағыма білім керек"

Оқушы қыздар несімен сұлу?

Өтпелі жас - оқушылар үшін ең қиын кезең

Соңғы парта немесе "ұстаздан қашқан оқушы" психологиясы

Сурет: ©Ерболат Қанатбек

Қ. Бүйенбай