Аспанға қараңызшы...

Аспанға қараңызшы...
жеке
блог

Күннің райына қарай сан құбылып тұратын аспан. Ауа райы жайлы, жылы болса, көгілдірленіп ашыла қалады. Күлімдеген шұғылалы күн сол ашық аспаннан бізге шуағын төгеді. Алыстағы ақша бұлттарға қарасаңыз, асқақ армандарға жетелейді де тұрады. Шексіз аспан, шетсіз арман... Арманның тұңғиығына батып, сол бұлттарды бақыласаңыз сізге бақыт сыйлап, өз құшағына орап, көкте қалықтататындай. 

Түн болса, ай жарығын сыйлап, жұлдыздар да сол аспаннан жымыңдайды. Қаншама жұлдызы ағып, тілек тілеуге мүмкіндік беретін де осы - аспан. 

Тұманды, жауынды күндері күннің көзін қара бұлттарымен тұмшалап, көңіліңізді жабырқататын да осы - аспан. 

Кейде өзімді аспанға ұқсатамын. Жо-жоқ, мен ол сияқты алып, бүкіл адамзатқа өз сыйымды беретіндей қауқарлы емеспін. Дегенмен, мінезім аспан сияқты құбылмалы. Егер, мен көңілді болсам, аспан сияқты бар жылуымды айналамдағы жандардан аямай, оларға сыйлаймын. Аспан сияқты бəріне мейірімді төгемін, əрқашан өзгелерге бақыт сыйлауға тырысамын. Жазда күннің шектен тыс ыстығынан жалыққандай адамдар менің қамқорлығымнан жалығып, тіпті оны қажет етпеуі мүмкін. Сондай кездері аспандағы қара бұлттай мен де өзгелерге өкпелеп, түйіле қаламын. 

Білесіз бе? Əй, жоқ! Сіз тұрмақ, өзім де білмеймін. Нені дейсіз бе? Ғашық не ғашық емес екенімді.Бірақ бір нəрсені білемін... сізді ұнататынымды... Өзімнен алыс, əрі едәуір жас үлкендігіңізге қарамай, мен сізді ұнатамын. Байқағаным, біздің ұқсас қасиеттеріміз өте көп, талғамымыз да бір, мен армандаған "идеал" адам да сіз секілдісіз. Сол себепті де сізді ұнатамын. Жə, мен не айтып кеттім? Əңгіме аспан жайлы еді ғой?

Аспан... Мүмкін, сіз менің сол аспандағы жұлдызым шығарсыз.Қияли қызбын ғой. Қиялымда екеуіміз аспандағы ақша бұлттар арасына қол ұстасып еніп бара жатамыз ) Сіз туралы қиялдауға мүмкіндік беретін де сол аспан, ақша бұлттар.

Қуанамын, себебі біз бір аспанның астында өмір сүреміз.Сізді сүйетін күн мені де сүйеді. Сізге жымиған жұлдыз маған да жымияды. Бірақ, бір нəрсе басқаша сіздің төбеңізде жауған жаңбыр менің төбемде жаумауы ғажап емес. 

Мен əлі аспанға қарап отырмын. Сіз де қараңызшы... Аспанның ғажабын, тым болмаса, бір сəтте тамашалайық!