"Сезімдері мәңгілікке ұласар деп сенемін."

"Сезімдері мәңгілікке ұласар деп сенемін."
жеке
блог
   Жаздың мамыражай демалыс күндері аяқталып, оныншы сыныпқа іріктеу басталды. Сыныпқа жаңадан бірнеше оқушы келеді деп айтысып жатты. Аса қатты мән бере қоймадым. Қыркүйек айының бірінші жұлдызында су жаңа мектеп формасын киіп, маңғаздана мектепке асықтым. Сыныптас қыздармен бірге ұстаздарымызбен хәл-жағдай сұрасып, концерттік бағдарламаны тосып, өз сабымызға жайғаса салдық. Кенет, оң жағымнан естілген жағымды дауыс мені елжіретіп сала берді. Әрине,  бірден қарай қойғаным жоқ. Басқа нәрсені қызықтап тұрған жан сияқтандым, бірақ бар ойым әлгі бейтаныс жанның дауысында еді. Осынау әдемі дауыстың иесінің кім екенін білгім келгендей қарай бергенім де, шығыстан шыққан шұрайлы күннің сәулесімен шағылысқан бір бейне көзіме түсе кетті. Әрине, ол жан мен ойлағандай сымбатты екен.
 
Назарым ауа бастады. "Бұл неткен жан?", "Мұнда нестеп жүр?" деген сияқты сұрақтар санамды мазалай бастады. Сөйтсем әлгі жігіт сыныпқа жанадан келген оқушылардың бірі екен. Іштей осындай сымбатты жанмен бірге оқитыныма қуандым. Шындығы керек мектептің қыздарының бәрі оған ынтық еді. Қыздардан бір нәрсе сұрай қалса, олар үзіліп сала беретін. Өз басым алғашында не дегенмен, ұялғанымнан ба, әл де тез үйренісіп кете алмағандықтан ба қойған сұрақтарына қысқа ғана жауап бере қоятынмын. Аздаған уақыт өткеннен кейін үндеместік, үндестікке дейін жеткізді. Екеуміз тез тіл табысып кеттік. Құдды бір-бірімізді ескіден танитын жандарша сыр алысып, сыр берісетінді шығардық. Мен мұндай дос тапқаныма қуанышты едім. Үнемі екеуміздің ойымыз бір жерден шығатын.
 
Сабағымыз таңертеңгі сегізде болса да таңғы төрттерге дейін әңгімелесуді шығардық. Солай да, солай мен оған бауыр баса бастадым. Оны дос ретінде ме, әлде басқаша қабылдарымды білмедім. Үнсіздік -  жолдасым болды. Осы жағдайдан кейін жігіт пен қыз арасында достық болмайтынына көзім әбден жетті. Қыз бала болған соң, сезімді бүгіп жүруге тура келді. Осылайша, таң атуын, күн батуын жалғастыра берді. Жиырма екінші қыркүйек күні сыныпқа сұңғақ бойлы, сүмбіл шашты, қиғаш қасты бір сүйкімді қыз кіріп келді. Сөйтсем, бұл қыз оның балалық махаббаты, әрі бұрынғы сыныптасы екен. Осыны білген сәтте іштегі бар сезімдерім алай-дүлей болды. Ол өзінің біздің мектепте білімнің жақсы екендігін естіп, бізге ауысуды жөн көргендігін айтты. Сыр білдірмей, жанына ақырын аяқ басып, таныса кеттік. Іштей жақсы қыз екенін біліп тұрсам да, күннен-күнге жақтырмаған сыңай таныта бастадым. Мүмкін, ол қызғаныштан туған шығар. Арада аздаған уақыт өте досым екеуміздің арамыз суый бастады.
 
Сабақта отырған сәтте үнемі бір нәрсені байқайтынмын, ол жаңадан келген қыздың, менің досыма ынтыға қарап отыратындығы. Сабақта жоқ болса, көңіл-күйі түсіп, ештеңеге зауқы болмай отыратын. Осындай көріністен кейін-ақ, менікі бос әурешілік екенін ұғып, олардың сезімдеріне құрметпен қарауды жөн көрдім. Әлі жетіліп бітпеген сезімді тұншықтыруға тура келді де, үміт үздім. Күннен-күнге ол қыздың досыма деген сезімінің артып, арнасынан асып-тасып жатқандығы қанша білдірмейін десе де, махаббатқа толы көздеріннен көрініп-ақ тұратын. Махаббатқа шөлдеп, түнімен жанарына жас алатыны тағы сол мөлдір көздерінен байқалатын.
 
Алайда көз жасы ақталып, бірнеше жылға созылған жауапсыз махаббат бір күні келіп қайта бүршігін жарды. Қазан айының жиырма төртінші жұлдызында екеуі мәңгіге қол ұстасып, шын ғашықтардың кейіпіне ене кетті. Міне, содан бері арада бір жарым жыл өтті. Екеуі қаншама қиындықтың шырмауында қалса да, оған қасқайып қарсы тұра білді. Соның арқасында махаббаттары шыңдала түсті. Олар - махаббаттарының белдеспей жатып, беріле салатын бозкүйік борбас емес екендігін әлі де дәлелдейді деп сенімін. Мүмкін сізде осындай махаббатқа бөленгіңіз келер, ол үшін  жалған сезімнің жетегінде кетпей, өз адамыңды күте біліңіз. Сонда ғана "мәңгілік махаббат" атты дастанның бас кейіпкері бола аласыз деген ойдамын.