Массагет бәйгесі. Өз бағыңды сынап көр!

Массагет бәйгесі. Өз бағыңды сынап көр!

Бүгін футболдан Әлем Чемпионатының топтық кезеңіндегі екінші кездесулер жалғасын табады. Сонымен қатар, Massaget.kz порталы жариялаған болжамдар бәйгесі жалғасады.

Кеше «D» тобыннан Уругвай құрамасы ағылшындарды ұтып, аса маңызды үш ұпайды қоржынға салды. Екі ойында да жеңіліс тапқан Англияның жағдайы қиындай түсті. Бүгін бұл топта Италия мен Коста-Рика құрамалары кездеседі. «Е» тобынан топ басындағы Швейцария мен Франция құрамалары және алғашқы турда жеңіліс тапқан Гондурас – Эквадор командалары ойнайды. Ендеше, тартысты ойындардан құр қалмаңыз. Ал, біз әдеттегідей ойындар алдындағы шолуға кезек береміз.

Италия vs Коста-Рика. Алғашқы орында тұрған аутсайдер...

Әлем Чемпионаты басталар алдында бұл топты көптеген футбол мамандары «Өлім тобы» деп атаған болатын. Англия, Уругвай және Италия сынды үздік ұжымдардың мүмкіндігін жоғары бағалаған мамандар, Коста-Риканы «арыстандар апанына» түсті деп есептеген. Алайда Коста-Рика құрамасы алғашқы ойында уругвайлықтардан басым түсіп (3:1), сенсация жасады. Бұл жеңіске Англия құрамасының капитаны Стивен Джеррардтың өзі де таң қалысын білдірген еді. Хорхе Пинто шәкірттері 1990 жылғы жетістігін қайталап, 1/8 финалға жолдама алып жатса, дүбірлі доданың басты сенсациясы болары анық.

Италия құрамасы алғашқы ойында ағылшындарға қарсы әдемі ойын өрнегін көрсетті. Олар 93,2% пайыз дәл пас беріп, Әлем Чемпионатының тарихында ең үздік көрсеткіш көрсетті. Чезаре Пранделли командасын нағыз тәжірибелі, тіс қаққан ойыншылар десек болады. Ал ондай құраманың стандартты жағдайларда гол соғуға зор мүмкіндігі бар. Сондықтан да Андреа Пирло бастаған жігіттер айып соққыларымен қатар, екінші қабаттағы ойында да жеңіске жете алады. Шабуыл шебіндегі жігіттер белсенсе, өзге бөлігі сақадай-сай деуге болады. Жолы болып жатса, бұл құраманың ұзаққа шабуына мүмкіндік бар.  Ойын алдында италиялық жанкүйерлер үшін қуанышты хабар келіп жетті. Жарақат алып қалған әйгілі қақпашы Джанлуиджи Буффон мен қорғаушы Маттиа Де Шильо құрама сапына қайта оралыпты. Бірақ бұл ойыншылардың бүгінгі ойынға шығу-шықпауы белгісіз болып отыр. Ал, Коста-Рика ойыншылары қатарында өзгерістер жоқ.

Италия (шығуы мүмкін құрам) : Сиригу, Дармиан, Палетта, Барцальи, Кьеллини, Кандрева, Де Росси, Мотта, Пирло, Маркизио, Балотелли

Коста-Рика (шығуы мүмкін құрам) : Навас, Диас, Уманья, Гонсалес, Дуарте, Гамбоа, Техеда, Борхес, Боланьос, Руис, Кэмпбелл

Коста-Рика мен Италия құрамалары өзара тек бір мәрте кездесу өткізген: 11.06.1994. Италия – Коста-Рика 1:0 (жолдастық кездесу) 

Италия мен Коста-Рика құрамалары арасындағы ойын Астана уақытымен сағат 22:00-де басталады.

Швейцария vs Франция

Чемпионат басталар алдында бұл топтың фавориті ретінде Францияның аты аталса, аутсайдер болып Гондурас құрамасы есептелді. Екінші орын үшін айқас Швейцария мен Эквадор арасында жүреді деп топшыланған еді. Әзірге мамандардың пікіріне қайшы әрекеттер орын алған жоқ. Алғашқы турда Швейцария құрамасы Эквадорды 2:1 есебімен жеңіп, келесі кезең жолдамасына қарай бір қадам жақындай түсті. Оттмар Хитцфельд шәкірттері үшін Францияға қарсы өткізетін ойын оңайға түспесі анық. Швейцарлықтар плей-офф жолдамасының тағдырын соңғы турға қалдырғысы келмесе, Франциядан кем дегенде бір ұпай олжалауға тиіс. Алғашқы ойында Гондурасты 3:0 есебімен тізе бүктірген Францияның қарқыны қатты. Команда ойыншылары «Баварияның» жартылай қорғаушысы Франк Риберисіз де жап-жақсы ойын өрнегін көрсетуде. Рибери жарақатына байланысты Әлем чемпионатына келе алмаған болатын.

Швейцария (шығуы мүмкін құрам) : Бенальо, Лихтштайнер, Джуру, фон Берген, Родригес, Инлер, Джака, Шакири, Бехрами, Мехмеди, Дрмич

Франция (шығуы мүмкін құрам) : Льорис, Гризманн, Матюиди, Бензема, Сахо, Дебюши, Погба, Жиру, Эвра, Варан, Кабайе

Енді  екі құрама арасындағы соңғы статистикаға назар аударып көрейік.


– Швейцария мен Франция құрамалары арасындағы соңғы ойын 2006 жылғы Әлем чемпионатының топтық кезеңінде ойналып, тең есеп тіркелген (0:0). Бұл ойын әлемдік дода аясында, екі ұжым арасындағы алғашқы ойын болатын.

– Швейцария құрамасы Франция аяқ доп шеберлерін ресм ойындарда мүлде жеңіп көрмеген.

– Франция құрамасы Швейцарияға қарсы өткізген соңғы бес ойында да ұтылмаған.

– Швейцария мен Франция құрамалары арасындағы соңғы үш ойын тең есеппен аяқталған.

– Алғашқы ойында Гондурас құрамасына екі доп салған Карим Бензема Франция құрамасы сапында, Зинедин Зиданнан кейін дубльдің авторы болған жалғыз ойыншы атанды.

– «Реалдың» шабуылшысы Карим Бензема ұлттық құраманың соңғы жеті ойынында 8 гол салған. 

Швейцария мен Франция құрамалары арасындағы ойын Астана уақытымен сағат 01:00-де басталады.

Гондурас vs Эквадор. Бапкерлер айқасы...


Бірінші турда Швейцария құрамасынан жеңілген эквадорлықтардың келесі кезеңге шығу мүмкіндігі азая түсті. Олар бүгін Гондурасты жеңгеннің өзінде, үшінші турда азулы Франциядан айласын асыру қиынға соғары анық. Алайда аутсайдер саналған Гондурас құрамасының да сансация жасап, Эквадордан басым түсуі әбден мүмкін. Тіпті болмаған да, гондурастық футболшылардың Эквадормен тең ойнайтындай қауһары бар. Бұл екі ұжым Әлем чемпионаты аясында алғаш рет кездесу өткізбекші. Бір қызығы, Гондурастың бас бапкері Луис Фернандо Суарес 2006 жылғы Германияда өткен Әлем чемпионатына іріктеу турнирінде Эквадор құрамасын жаттықтырса, Эквадодың қазіргі бапкері Рейнальдо Руэда Ривера 2010 жылы ОАР-да өткен Әлем чемпионатына дәл осы Гондурас құрамасын бастап барған. Ендеше, бүгін екі бапкер арасында қызықты айқас болғалы тұр.

Гондурас (шығуы мүмкін құрам) : Вальядарес, Бекелес, Паласиос, Костли, Гарридо, Фигероа, Бенгтсон, Бернардес, Эспиноза, Нахар, Исагуирре

Эквадор (шығуы мүмкін құрам) : Домингес, Паредес, Эрасо, Гуагуа, В. Айови, Груэсо, Нобоа, А.Валенсия, Монтеро, Э. Валенсия, Кайседо

Гондурас пен Эквадор құрамалары арасындағы ойын Астана уақытымен 04:00-де басталады. Барлық кездесулерді «KazSport» және «Қазақстан» арналарынан тікелей эфирде тамашалай аласыздар.

Еске салайық, осыған дейін Әлем Чемпионатына орай Massaget.kz порталы болжамдар бәйгесін жариялаған болатын. Бір айға жоспарланып отырған бәйгенің ережесін осыған дейін жариялағанбыз. Енді өз болжамдарыңызды сайтқа тіркеліп (тіркелмеген болсаңыздар) жазуға мүмкіндіктеріңіз бар. Тағы бір ескеретіні, түсініксіз аттармен, осыған дейінгі есімдеріңізді өзгертіп болжамдарыңызды жариялауға тыйым салынады. Тек бүгінгі ақпаратта берілген үш ойынға ғана төмендегі "пікір жазу" деген аймаққа болжамдарыңызды жазыңыздар. Өзге әлеуметтік желілер мен өзге ақпарат соңындағы болжамдар қабылданбайтынын ескертеміз. Ал осыған дейінгі жасалған болжамдар бойынша көш бастап тұрған қатысушылармен мына сілтемеде таныса аласыздар. Сіздерге сәттілік тілейміз!

Ескерту: Бүгінгі болжам жасау уақыты Астана уақытымен кешкі сағат 22:00-де тоқтатылады. Сонымен қатар, ескерте кетейін, ертеңнен бастап, 8 ұпайдан аспағандар рейтингке енбейді. Базада аты-жөндері сақталып тұрады. Бұл жолы 5 ұпайы барлар енген жоқ. Тағы айта кететіні, қатысушылар өтінішімен жарысқа қатысушылар шектелмейтін болды. Және жаңа ережелер туралы ақпарат кейінге шегерілді. Осы қатысып отырған есімдеріңізді өзге қаріпке ауыстырып, өзгертуге болмайды. Ол кезде жаңа қатысушы ретінде тіркеліп кетесіздер. Және басынан ұпай жазылады. Үш ойынды бір қатарда жазуларыңызды өтінеміз! Қатысыңыздар! Жеңімпаз атаныңыздар!

Дайындаған: Нұржігіт Айдархан

Сурет: vseprosport.ru, vk.com

Н. Айдархан