Трансильвания қонақ үйі: келген ізіңмен кері қайт!

Трансильвания қонақ үйі: келген ізіңмен кері қайт!
жеке
блог
  • Мультфильмдерді барлығы көреді. Үлкені де, кішісі де өз талабы мен қалауына сай мультфильмдерді оңай таба алады. Алайда, танымал "сорғыш Боб" немес "миньон" сияқты балаларға арналған мультфильдер адамгершілікке жатпайтын қылықтарды көрсетіп, бала санасына кері әсерін тигізеді. Қуанышқа орай, олардың арасында әлі де тәрбиелік мәнін сақтағандары (орыс тіліне атауы "құбыжықтар демалыста" деп аударылған).

Әдетте мультфильмдерде бір топ жақсы адам болады. Оларға бір жалмауыз-құбыжық тыныштық бермей қиянат жасайды, өмірлеріне қауіп-қатер төңдіреді. Мультфильмдердің жағымды кейіпкерлері бірігіп зұлымдыққа қарсы тұрады. Әдетте бұл шайқаста, жанр бойынша, қаһарман кейіпкерлер құбыжықтардың тас талқанын шығарады. Осылайша әділеттілік орнаталып, кейіпкерлердің кейінгі еш алаңсыз бақытты өмірі  көрсетіліп,  құшақ-құшақ құнарлы сөздерімен мультфильм аяқталады.

Біз әлимсақтан бері көріп келе жатқан мультфильмдер сценарий жағынан ғана емес, кейіпкерлердің жалпы келбеті бойынша да ұқсас келеді. Жағымды кейіпкеріміз нар тұлғалы, бура санды, бұқа мойынды, көрікті де келісті болса, қара ниетті кейіпкерді бет-ауызы бүріскен кейіпте көрсете көрерменді оларға қарсы қояды.

Дженнди Тартаковский  бұл мәселеге басқа жағынан қарауды ұсынды. Бұрынан біздің әңгіме-аңыздарымызда жауыз рөлін ойнайтын қанішер, қасқыр-адам, зомбилар «Трансильвания қонақ үйінде» жүректері мейірімділікке толы адал жандар болып көрсетілген.

Фильм желісі келесідей: ғасырлар бойы ғұмыр кешкен граф Дракула кіштентайынан жалғыз өзі аялап өсірген жүз он сегізге жаңа толған қызы Мэвисті адамзаттан аулақ ұстайды. Мэвис кішкентайынан «адамдарға жолама, көрген жеріңде басыңда шауып тастайды» дегенді естумен өскен. Қызының қауірсіздігі, әрі құбыжықтарға тыныштықта емін-еркін дем алуы үшін Дракула қонақ үй салды. Қонақ үйде қамалып өскен қыз саяхаттап жүріп тап болған Джонатанға ғашық болып қалады. Әрине, Джонатанның Франкенштейн секілді денесі құрастырмалы немесе көрінбейтін адам сияқты қасиеті болса, екі жас бақытты болып-ақ кетер ме еді, кім білсін, бірақ, жас саяхатшының қарапайым адам болғандығы күллі қонақ үйдің апыр-топырын шығарады. Себебі, құбыжықтар... адамнан өлердей қорқатын.

«Трансильвания қонақ үйі» жылдың үлкен-кішісі көріп, көңіл көтеріп қалуы тиіс туындыларының бірі деп есептеймін. «Мегами» мен «Жексұрын мен» секілді бер жағы адам төзгісіз, бірақ жан-дүниесі мейірімге толы кейіпкерлері бар туындылар ұнаса, ойланбай  «Трансильвания қонақ үйін» көріңіз.

Фильм бір жарым сағат бойы көрерменін кірпік қақтырмай, уысында ұстап отырады.

Сюжеттің жылдамдығы бөлек әңгіме: диалогтар мен қалжыңдар тез ауысады және жалықтырмайды. Күтпеген «қорқынышты» сәттер өзге анимациялық туындыларда жоқ өзгеше бір әсер береді.

Кейіпкерлердің кескін-келбеттері мен киген киімдері де сауатты: дракулалық оқиғаға тән готикалық стиль мен қызылды-жасылды көңіл көтеретін түстердің өріле беруі фильмнің сапасын арттыра түскендей.

«Трансильвания қонақүйі» сіздің де көңіліңізден шығатынына еш күмәнім жоқ. Себебі, қамқор әке Дракуланы, ақкөңіл Франкенштейнді, көзі мөлдіреген сүйкімді жарғанат қыз Мэвисті, көңілді Мумияны, топырлаған бөлтіріктерін жанындай жақсы көретін Қасқыр-адамды, тентек Көрінбейтін адам секілді керемет кейіпкерлерді сіз тек осы фильмнен көре аласыз.  Уақытыңызды пайдалы әрі көңілді өткізгіңіз келсе, сізге бар керегі - "Трансильвания қонақ үйі"!


Мультфильм туралы өз ойыңызбен бөлісуге ұмытпаңыз

P.S. мультфильмді ұнатқандар үшін оқиғаның жалғасы, екінші бөлімі, де бар