Кішігірім әңгімеден туған үлкен кино

Кішігірім әңгімеден туған үлкен кино
жеке
блог

Режиссер Ақан Сатаевтың "Анаға апарар жол" деп аталатын кезекті туындысын халық асыға күтті. Алматыда болған тұсаукесер рәсімінде соны байқадық. Алғашқы көрсетілімі наурыз айының басында өткен фильмді мақтағандар көп-ақ. Олардың қатарында елбасы да барын ескерсек, көрерменнің тағатсыздығын әбден түсінуге болады. Бүгінгі әңгімемді осы туындыға арнайын.

"Кинода бәрі өмірдегідей бола бермейді, бірақ өмірде көп нәрсе кинодағыдай болады..." демекші, бұл фильмдегі оқиға шынайы өмірден алынған. Оны осыдан ұзақ жылдар бұрын бала Ақанға ата-анасы айтып берген екен. Арада біраз уақыт өтіп, Ақан ержетіп, ел танитын тұлға болғаннан кейін, ата-анасы айтқан әңгіме оның миында әбден жетіліп, үлкен киноға арқау болар сценарийге айналады. Сценарий өз кезегінде қағаз бетіне түсіп, көп ұзамай фильм болып жарыққа шығады.

Туынды 1922 жылы өмірге келген Ілияс пен оның анасының бастан кешкен оқиғасын баяндайды. Халық әбден тозып, қай тараптың артынан ерерін білмей, таңдауынан жаңылып, бауыр мен бауыр біріне-бірі қарсы шыққан үлкен қасірет алдындағы алмағайып заманда дүние есігін ашқан Ілияс жастайынан әкесінен айырылып, тағдырдың жазуымен анасынан адасады. Сөйтіп, Кеңес үкіметінен қашып, шекара асқан көшпен бірге Түркияға кетеді, артынша Украина жерінен бір-ақ шығады. Елде қалған оның анасы Мариям түптің түбінде баласы келетініне сенеді. Сол сенім оған басына түскен ауыртпалықтың бәрін жеңуге күш-қуат береді. Сондай-ақ, анасымен бірге Ілиясты бала махаббаты Үміт те күтеді. Фильмнің қысқаша сипаттамасы осындай. Мұндағы басты тақырып: ана мен бала махаббаты.

Ілияс — елінен жыраққа кетіп, ерлік жасап, үйіне қайта оралуға талпынатын қазақ ертегілерінің кейіпкерлері секілді. Ал Мариям  көзінен мейірім көрінетін, жүзі жылы, қашанда жақынына қамқор болатын, ел басына күн туғанда қайсарлық таныта алатын қазақ әйелінің жинақталған бейнесі іспеттес. Үміт болса, қазақ қызының адалдығын, беріктігін, төзімділігін ашып көрсететін кейіпкер.

Бұлардан бөлек, туындыда екінші пландағы кейіпкерлер де көп. Олар әдетте белгілі бір кезеңде пайда болып, артынша тез жоқ боп кетеді. Бұл жайтты фильмдегі оқиғаның отыз жылға созылатындығымен түсіндіруге болады. Отыз жылда кім бар, кім жоқ дегендей... Десе де әр бейне жинақталған, толық. Оларды сомдауға таңдалған актерлер де өздеріне тапсырылған жұмысты жақсы алып шыққан. Екінші пландағы кейіпкерлердің "ғұмырсыздығы" себебінен фильмде бастан-аяқ Ілияспен күресетін жағымсыз кейіпкер жоқ. Мұнда ол адаммен емес, тағдырмен тартысады, өмірмен арпалысады.

Тарихи туындылар қашанда ұзақ түсірілім мен көп дайындықты, қомақты қаражатты қажет етеді. Бұл тұрғыдан қарағанда "Анаға апарар жол" фильміне дайындық тыңғылықты өтіп, ақша жақсы жұмсалғаны байқалып-ақ тұр. Кейіпкерлердің әр кезеңдегі киімдері, соғыс сахналары, ескі ғимараттар — бәрі дерлік жақсы деңгейде ұйымдастырылған. Түсірілім тобының бірнеше елге жасаған іссапары да өз нәтижесін бергені анық.

Туындыда қазақ халқының XX ғасырдың 20-60-шы жылдар аралығындағы бастан кешкен қиындықтары да баяндалады. 20-шы жылдардағы қиын-қыстау кезең, 30-шы жылдардағы ұжымдастыру, оның артынан келген аштық, қуғын-сүргін, Екінші дүниежүзілік соғыс, соғыстан кейінгі жылдардағы халықтың мойнына түскен ауыртпашылық — осының бәрі фильмде бас кейіпкерлердің тағдыры арқылы көрсетілген. Туындының кей сәттерінде кейіпкерлердің оқиғасын ұмытып, ұлт тағдыры жайлы ойға шомып кетуіңіз де мүмкін. Ал аса сезімтал жандар фильм көру барысында көздеріне жас алатыны сөзсіз.

Пы/сы: Менің жазғаныма қарап туындыға қатысты қандай да бір шешім шығармауларыңызды сұраймын. Кинотеатрға барар болсаңыз, кинозалға кірер алдында бұл жазбаны мүлдем ұмытуға тырысыңыз.