Жан-жақтылық артықтық етпейді

Жан-жақтылық артықтық етпейді
жеке
блог

     

Мен дарынды балаларға сүйсінемін. Өзімнен үлкен болсын, кіші болсын олардың жақсы қырларын өзіме үлгі етіп отырамын. Шығармашылықтың қай саласы болмасын, адам оны шын жүрегімен ұғынса, оның тереңіне бойлай береді екен. Әсіресе, сурет дейтін шығармашылық адамның тұла бойына қанат бітіреді. Айтпағым, жақында әлеуметтік желі арқылы бір дарынды қызды көзім шалып қалып, бірден таныса кеттім. Өзі талапты суретшіге ұқсайды. Осы орайда, Анеля есімді ақылды қызбен әңгімеміз өрбіп кетті.

– Армысың, Анеля! Өзің жайлы не айтасың?!

– Менің аты-жөнім, Анеля Имишова. Қарағанды қаласынан боламын. 2003 жылы 6 қарашада туғандықтан, менің дәл қазіргі жасым 13-те. №41 мектептің 7-сыныбының оқушысымын. Қарапайым, ерке қызбын.

– Жаздың жайсаң күнінде, өзге оқушылар секілді демалыс алдым демей, "Қазақстан балалар көзімен" атты Республикалық конкурсқа қатысып, бас жүлдені иеленіпсің. Құтты болсын дейміз!

– Иә, көп рақмет! Ата-анамның бағыңды сынап көр дегенінен қатысқаным ғой. Үш мыңнан аса шығарма ішінен менің суретім іріктеліп, алдыңғы орынды иеленеді деп кім ойлаған?! Сенбегенмін. Бірақ, орын алғанымды елестетіііп, армандадым.

– Бұрын-соңды осындай байқауларға қатысып көріп па едің?!

– Иә, бірақ орын алмаған кездерім көп болды. Соған қарап кейде еңсем түсіп кететін. Мүлдем қатысқым келмей қалатын. Бірақ осы байқау арқылы мен шыңдала түстім деп ойлаймын. Өмірдің бірде жеңіліс, бірде жеңіс екеніне сол кезде көзім жетті. Мүмкіндік туып тұрғанда, кез-келген нәрсеге үлгеру керек екен. Әйтпесе, қолыңнан келе тұра, түк істемей мүмкіндікті жіберіп алсаң сенің өмірің өзгерусіз қалады. Сондықтан да бұл байқауға бекер қатыспаған екенмін.

– Жиі сурет саламысың?!

– Иә, көп жағдайда ішің пысады немесе қолың бос болады. Міне, мен осындай сәттерде шимайлап сурет  салғанды ұнатамын. Әзірге тек өз деңгейімде суретті жақсы сала аламын. Яғни, бейнелеуден  5 алдым деген сөз. Ал бұл суретшімін деп айту үшін аз деп ойлаймын.

– Көзді ашып жұмғанша 1 тоқсан да өте шықты. Оқу үлгерімің қалай?!

– Сабағым жақсы. Оқу үздігімін биыл да. Сөзге шорқақтаумын сәл. Бірақ математиканы ерекше жақсы көремін.

– Соған қарағанда математик болдың ғой!

– Иә, солай десеңізде болады (күліп)

– Саған қай суретші ұнайды?!

– Көбіне суреттерге қарап отырып, өзгеше құбылысты байқайсың. Өз әлемің секілді көрінеді ме?! Солай... Сондай туындыларды мен де көріп сүйсінемін. Көбіне авторына қарамайды екенмін. Бірақ өзіме Әбілхан Қастеев пен Леонардо да Винчидің туындылары ерекше ұнайды.

–Көбіне сурет салғанда қай түсті жиірек пайдаланасың?!

– Адамға жақсы көңіл-күй сыйлайды деп білгендіктен, ашық түстермен салғанды ұнатамын.

– Сонымен болашақта суретші боламын де...

– Мен сурет салғанды жақсы көремін. Дей тұра, мен бухгалтер болғым келеді. Әсіресе, математиканы да ұнатқандықтан соған бетім бұрып тұрады. Сонда да, сурет салуды дамытамын. Бұл менің хоббиім болып қала бермек.

– Мұратбек Жоламан деген суретші: "Мен суретті өлмеу үшін саламын", –деп еді. Ал сен, не үшін саласың?!

– Мен бе?! (ойланып). Негізі өзім сурет салғанда шаршағаным басылады. Ішім пыспайды. Сол арқылы миымды тынықтырамын дер едім. Болашақтағы мамандығымның өнерге, шығармашылыққа түк қатысы жоқ болса да, мен бұл өнерді тастамаймын.

– Демек, адам жан-жақты болуы керек қой!

– Әрине, тек бір ғана іспен қатып қалмау керек. Жан-жақтылық артықтық етпейді. Мәселен, мен тек сурет салумен айналыспаймын. Би үйірмесіне қатысамын. Сонымен қатар, қолөнермен шұғылданамын. Қолөнер суретке жақын ғой. Сондықтан бұл маған қиын емес.

– Армандай білу керек п?! Ал сен нені армандайсың?!

– Армандай білу,  ол адамның жақсы бір қасиеті шығар?! Менің арманым – бухгалтер болып, көп ақша тауып ата-анама жағдай жасау. Жағдай жасау дегенім – олар мені бағып-қағып өсірді. Ал мен неге өскенде, олар үшін түк істемеуім керек?! Қайта мен қаншама ақшамды, еңбегімді сарп етсем де, олардың маған бергенін қайтара алмаймын. Мен ата-анамның мақтанышы болғым келеді. Олардың бақыты – менің бақытым!

– Анеля, кішкентай болсаң да ұшқыр ойыңа тәнтіміз! Сұқбатыңа рақмет. Арманыңа жете ғой!