Абай тынысы – заман тынысы

Абай тынысы – заман тынысы
жеке
блог

"Абай лебі, Абай үні, Абай тынысы – заман тынысы!" – деп Мұхтар әуезов айтпақшы, Абай өз заманындағы ең озық ақынның бірі саналады. Әрі өзі жүрген, өзі көрген даңғыл жолдармен артына өшпес із қалдыра білді.

Қайырлы күн, менің массагеттік достарым! Көріспегелі көп болыпты ғой! Қалайсыздар? Есенесіздер ме? Сіздерге өзімнің жай-жапсарымды айту үшін блог жазып отырмын. Мақсатымның бірі – әртүрлі тағдырлар тоғысқан мекендерге аттанып, алыс сапарға шығу болатын. Енді міне, мен  сол сапарда әлі жүрмін. Қолыма алған кітабым – Мұхтар Әуезовтің "Абай жолы" роман-эпопеясы. 4 томнан тұратын бұл кітаптың 2 томын ғана аяқтап үлгердім. Сапарда жүрмін деуім сондықтан. Мұхтар атамыз 15 жыл бойы жазған 4 томдық даңқты тарихи роман-эпопеясын оқи отырып алған әсерімді 42 әріппен жеткізу мүмкін еместей.

Мұнда бәрі бар. Тағылым да, шежіре де бар. Тұнып тұрған өмір. Тұнып тұрған тарих. Романның бірінші бетінен бастап, соңғы жолына дейін сұсты өмірдің шырқыраған шындығымен суарылған. Әдемі, таза шаһарда үлкен ұстаздардан білім нәрімен сусындап қайтқан 13 жасар бала шәкірттің ауылға деген сағынышы айдап әкелгендей, желе жортып келетінінен бастау алады. Жұмабай мен Байтастың "Ұзап кетпе!" дегеніне қарамастан бала көңіл ауылға тез жетсем деп жүйткіп тұр. Албырт көңіл жетелеп, құйындатып ауылға айдап әкелді. Алайда, Қодар мен Қамқа трагедиясының үстінен түсу бала үшін ауыр соққы болды. Абайдың еңсесі түсіп, бала жүрегіне сыздауық салған осы жайттар тән жарасы емес, жан жарасы болып қалды. Жүрекке салмақ түсті. Ол ол ма? Әкесіне деген шаңның салмағындай құрметі кеміп кеткендей еді... Жас жүректі отқа тастап жібергендей болды. Абай бұл мығымға селқос қарамады. Бұл оқиғаларды көз алдынан, ой елегінен өткізе келе ой тұжырымдады. Философиялық пайымдар толғағандай болды... Ақ-қараны ажырата, ұғына бастады.

Өз басым бұл кітапты оқи отырып, менің де түрім булыққандай еді. Бір кейіпкер өңімнің ажарын ашып жібергендей болды. Ол – тентек Оспан. "Оспан" деген жердің бәрінде ішек-сілең қатады да қалады. Бас Оспан емес, Жас Оспан. Бала Оспан, әрине... "Әй, әй тентек Оспан-ай!" деп те қаласың...

"...Ғабитханның үйіне осы қыстыгүні Тәкежан кеп түстеніп отырса, бір уақытта даладан  Ғабитханның кішкентай қызы жүгіріп кеп кіреді. Қыздың көйлегі былғанған, беті жуылмаған кір екен. Соған Ғабитхан ренжіп, күйініп кетіп, өзінің кішкентай қызына қарап: "А, Құдайым, Фатима балам, не болған бұ саңа, бетіңе айғыр шауып кеткен бе, а, Фатима қызым..." деп айтады дейді. "Айғыр шауып кеткен бе"... Молда Ғабитханның бұл сөзіне күлмеу мүмкін емес... Бір қарағанда, орасан зор көлемді болып көрінген шығарма ішіне оп-оңай кіріп кете алатындар да бар, не болмаса, шығарма сыртында қалып қоятындар да бар. Оны айналадағы "түк түсінбедім" дейтіндерден-ақ көріп-біліп жүрміз. Көз алдыңа елестетіп, бейнелеп, беріле оқысаң түсінбеу мүмкін емес деп ойлаймын. 21 маусымда қолыма тиіп еді, 26 маусым күні 2 томын ғана аяқтадым. Өкінішті... Енді барынша тез аяқтауға тырысамын.

Бірінші кітапта жеті тарау: (Қайтқанда, Қат-қабатта, Жолда, Шытырманда, Бел-белесте, Өрде, Қияда) Екінші томында да жетеу: (Тайғақта, Жайлауда, Еңісте, Оқапта, Асуда, Тарауда, Биікте, бір эпилог).

"Абайдың жолын" оқымағандарыңыз болса, міндетті түрде оқыңыздар. Рухани ашқарақ болсаңыздар, қарындарыңыз тояды.

Ал әзірге осы... Мен сапарымды жалғастырмақ ниеттемін. Сау-саламатта болыңыздар!