Алып арман жетегінде пайда болған мақсаттар... (байқау)

Алып арман жетегінде пайда болған мақсаттар... (байқау)
жеке
блог

Бұрын бір өзіме жақын болған адамдардың бірі: «Кішкене, қарапайым нәрселер - таңның атуы мен күннің батуы үшін, өзің көрмеген, білмеген жерлерге сапар шегу үшін, велосипедке отырып алып, әуен тыңдап, шашыңды самал сипағандағы керемет сезім үшін, өлердей күліп, күлкіңді тыйа алмай ішің ауырғандағы сезім үшін, сүйікті әндерің мен елітіп әкетер кітаптар үшін, еш алаңсыз айтылатын түнгі әңгімелер үшін, айлы түн мен жұлдызды аспан үшін, сенің шәй ішкенде 3 қасық қант салатыныңды білетін және қызылшаны өлердей жек көретініңді білетін жандар үшін, сүйікті адамдарыңның ыстық құшағы үшін... Қысқасы, жанында жүргенде өзіңді тірі сезінетін адамдар үшін өмір сүр!» деп, мені өмірге құштар қылған...  

Осындай қарапайым нәрселерден бақыт құралады. Осы жаз айын өмірімдегі ең керемет уақыттардың біріне айналдырғым келеді. Бойымды билеген алып армандарымның алғашқы баспалдақтарын аттағым келеді. Алға қойған мақсаттарыма еш кедергісіз жетудің жолын үйренгім келеді. Осы жазға көп үміт арттым, сендім. Менің алға қойған мақсаттарым- біреуге күлкілі, біреуге ақылға сыймайтын болып көрінуі мүмкін. Бірақ, бұл мақсаттар мені бақытты қылады, шынықтырады, және ең бастысы үлкен өмірге қадам басуыма септігін тигізеді. Енді жоспарларым жайлы айтып өтсем:  

1. Басқа халықтардың және қазақтың ұлттық немесе көп әзірлейтін тағам түрлерін дайындау. Неге бұлай мақсат қойдым десеңіз: жаңа нәрселерді байқап көргенді, тамақ әзірлеуді ұнатамын.  

2. Кітаптарды оқу. Кітап оқыған кезде- басқа жанның өмірін сүріп шыққандай күй кешемін, әрбір кітаптан түйетін ой көп. Кітапсыз өмірімді елестете алмаймын. Оқимын деген кітаптарым:1) Оралхан Бөкей «Үркер ауып барады», 2) Пауло Коэльо «Алхимик", 3) Диана Сеттерфилд «Тринадцатая сказка», 4) Стейс Крамер «50 дней до моего самоубийства», 5) Джоанн Хэррис «Шоколад».   

3. Ілмекпен(крючок) сөмке тоқу. Әжемнің арқасында тоқып білемін. Көз майын тауысып, түсінбедім дегеніме шыдамдылықпен қарап, кішкентай болсам да өзіме тышқан тоқып алатын деңгейге жеткізген. Ең алғаш тоқыған тышқанымды ойласам күлкім келеді. Әжемнің төзімділігіне де қайран қаламын!  

4. Судың боймен, қағаз қайықтың үстіне шам жағып ықтыру. Бұл менің көптен бергі арманым. Бұл мақсат емес, маңызды да емес. Бірақ, маған бақыт сыйлайтын, көңілімді жақсы жағына қарай көтеретін нәрсе.    

5. Інілеріме оригами жасап үйрету. Үш бауырым бар, екеуі кішкентай әлі. Жаңа нәрсе білуге құмар, сұрақтарды да тым көп жаудырады. Оларға бір күнімді арнап, қалаған нәрселерін үйретемін деп шештім. Мүмкін басқа да жасағысы келетін істер болар. Соларды бірге жасап, кішкене бұзық боламын деген тентек ой келді басыма.   

6. Гитара немесе домбыраның сүйемелдеуімен ән айтып үйрену. Аздап ойнайтыным бар бұл аспаптарда. Алайда, әуендетіп ән салып көрмеппін. Соны енді орындап, бұл белесті де асырсам деймін.  

7. Жүргізушілік қабілетімді байқап, шағын бейнеролик түсірсем деген ниетім бар. Кішкетайтымнан теледидарда жүргізушілерге қарап еліктейтінмен. Қасықты микрофон қылып, сұхбаттар жүргізетінмін. Бала қиялымды жүзеге асыруға мүмкіндік келген сыңайлы.                        

Осы мақсаттарға жету жолында бармыды саламын. Бұған үлкен табандылық пен төзім керек деп білемін. Сол себепті айтқанымнан қайтпай, соңына дейін күресемін!                                                            

Топтық жеңістің маңызы зор. Себебі, жеңіске жетер болсақ, бұл біздің ұйымшылдығымыздың, топ арасында өзімізді көрсетіп, бірігіп жұмыс жасай алатнымыздың айғағы. Болашақта да топпен жұмыс жасау аса қажет нәрсе деп ойлаймын.                                                                                                      

Бұл байқаудан мен не күтемін? Жақсы бағытқа өзгеру, бұрын білмеген нәрселерімді үйрену, достық, жауапкершілік. Сайыста жеңу маңызды емес, бастысы - мақсатқа жету, тәуекел ете білу. Өзім мүшелік еткен «Кен» тобымен бірге, Массагетпен бірге, Жапырақпен (Гүлжанар Берік) бірге мақсаттарыма жетемін!                

Барлық қатысушыларға сәттілік!