Түрлі-түрлі жігіт бар...

Түрлі-түрлі жігіт бар...
жеке
блог

Қазақы тәрбие солай ма, еркек әйелдің мысын басып тұруы керек деп санаймын әрі мына жердегі пікірге қарап қай-қай қыз да жігітінің өзінен бір саты жоғары тұрғанын қалайтынын байқауға болады. Қыз бала әу бастан әлсіз, нәзік жаратылыс, сондықтан қыз балаға кез келген нәрсеге жылай салу, кез келген нәрсені үлкен проблема қылу тән. Табиғат солай жаратқан. Біз қанша қайсар, мықты боламыз десек те, табиғат жаратылысының заңдылығынан аса алмаймыз. Тарихта қаншама көшбасшы әйелдер бар, бірақ бәрібір олар ең бірінші кезекте отбасы жылулығын ойлап, өзінен жоғары тұрған ер адамына бағынғанына сенемін. 

Шыны керек айналада нағыз ер азаматтар жоқ демеймін, бар... Бар болғанда да... Көп! Кейбір жігітке қарап тұрып, кәдімгідей сүйсінесің. Бірақ қыздың алдында төменшіктейтін жігіттеріміз де көп екені өкінішке орай рас қой. 

Кейбір жігіттер бір қызға қатты ғашық болып қалып, ол қызды қаратуда барлық амалға барады. Тіпті біреулері аяғына дейін жығылып жатады немесе аяғына жығылуға әзір. Өзім куә болғам... Мен осы нәрсені он ойлап, мың толғанып, түсінбей келем. Бүйткен романтикасы құрып кетсін! "Махаббат жолында құрбандыққа бар" деп жатады ғой, бірақ намысын құрбандыққа шалған ер жігітті қай-қай қыздың да бағалай қоймасы анық! Қыздың жүрегінде ол жігітке деген жылулық болса, қыз көзінің қиығымен-ақ байқата алады. Осыны жігіттеріміз ұқса екен дейсің... Қыз ұнатпай тұр ма, бұрыл да, кетіп қал! 

Қай жерге де басыңды тік ұстап келіп, басыңды тік ұстап кету оңай жағдай емес, бірақ мен жігіттеріміздің қыздың алдында соншалықты өз-өзін жер қылуы жігіттігіне сын деп білемін. 

Мен таңдаған (мені таңдаған) өмірлік серігім бойында намысы бар нағыз ер жігіт дей аламын. Артымнан ерген екі кішкентай інім бар. Олардың ез, боркемік болып өспейтініне сенімім кәміл, бірақ болашақта қыздың алдында (президенттің қызы болса да) төмендегенін көрсем, естісем, намыстан жарылып кете жаздайтын едім...