Жаһандану және ел тағдыры

Жаһандану және ел тағдыры
жеке
блог

Мен ұлт пен ел мәселесін қозғамай тұрып, алдымен мынадай мәселеге тоқталсам: Жаһандану дегеніміздің өзі не? Ол қандай құбылыс? Бұл құбылыс адамзат тарихында көрініс тапқан ба, әлде бұл тек қана ХХІ ғасырдың дүбірі ме?

Бұл сөз ағылшын тілінен "global" - "дүниежүзілік" деп аударылады, орыс тілінде "глаболизация" деп айтылып жүр. Қазақ тілінде: ғаламдану, жаһандасу, ғаламшарлану, әлемилену дегенді де естиміз. Ал енді ғаламдану – жаһандасу, ғаламшарлану дегеніміздің ұғымдық-мағыналық жағын айтсақ, аты айтып тұрғандай, ғаламдану қандай да болсын үдерістің, іс-әрекет барысының немесе мәдени-әлеуметтік феноменнің, құбылыстың бір ғана ұлт, халық, мәдениет, өркениет немесе құрылық шеңберімен шектелмей, бүкіл планеталық, жұмыр жерлік, бүкіл әлемдік деңгейде көрініс тауып, маңызға ие болуын танытатын ұғым. Жаһандану – үдеріс, орын алып отырған, әлі өз мәресіне жетпеген, аяқталмаған іс. "Жаһандану" бүкіл жер жүзінде жайылу, таралу деген мағынаны да, әлемдік елдердің біртұтас адамзаттық мәдениет қалыптастыру екпініне ілесу дегенді де білдіреді.

Өзекті болып тұрған ғаламдану құбылысын біржақты талдау мүмкін емес. Яғни не біріңғай жағымды, не біріңғай жағымсыз үдеріс, идеология деп кесіп айту қиын. Өйткені, әлемдік тарихта нақты орын алған оқиғалар сарыны глаболизмді біржақты дәріптеп жақтаушылар ғана бар деуден аулақ етеді. Күні кеше ғана көз алдымызда шаңырағы ортасына түскен социолизмнің жүйе ретінде күйреуі оның ашық жүргізген глаболистік саясатының жасындылығын паш етпеді. Демек, жаһандану шым – шытырығы, қалтарысы көп күрделі де жауапты жол таңдау деп түсіндірілсе керек.

Жаһандану – адамзатпен бірге келе жатқан үрдіс. Айтылуы, аталуы жаңаша болып көрінгенімен, оның түп тамыры ежелгі тарих қойнауында жатқандығын байқауға болады. Кезінде Шыңғыс хан, Атилла (Еділ), Македониялық Ескендір деген тарихи тұлғалар жер-дүниенің бәрін жаулап алып, өз үстемдігін жүргізіп, ортақ тілді, құндылықтарды әлемге таратпақшы болған. Демек, жаһандану тарихта бұрын да көрініс тапқан.

Бүгінгі таңда еуропа-американдық немесе батыстық мәдениеттің "мысы" басым болып тұр. Ал қалған елдер не батыстың құндылықтарын, мәдениетін қабыл алып, батыстың "жүрдек пойызының соңғы тепшегіне жабысады", яғни жаһанданады, не өздерін батыс ықпалынан шығарып алу үшін томаға – тұйықтық, жабықтық стратегия ұстанады.

Жаһандану біздің елде де басталып кетті. Осы тұста бір үлкен мәселе туады, ол – жаһандану заманында біз елдігімізді, мәдениетімізді, тілімізді сақтай аламыз ба? – деген сауал. Батыстың мәдениет ықпалды болып тұрғаны рас. Бірақ осы орайда біз Батыстың нені алуымыз, нені алмауымыз керек. Жалпы мәдениеттің өзі екі жолмен пайда болады. Біріншісі – дүниетанымнан келіп шығатын, екіншісі – ғылыми – техникалық дамудан келіп шығатын мәдениет. Біз батыстан ғылым мен техниканың дамуынан келіп шыққан мәдениетті алумызға болады. Тіпті ХХІ ғасырда қазақ жастары озық технологияның барлық қыр-сырын білуі тиіс. Мұны меңгерумен біз бәсекеге қабілетті, іргесі мықты ел боламыз.Ал батыстың дүниетанымынан келіп шыққан мәдениет бізге кеек емес. Себебі батыс дүниетанымы өмірдің қызығын бұрмалап, қоғамымызға жезөкшелік, түнгі клубтар, нашақорлық т.б. көріністерді енгізуде. Бұл әсіресе жас буынның санасын улап жатыр. Біз бұған жол бермеуіміз керек. Егер жастарымыз осындай жеңіл түсінікке ұрынса, онда мемлекетіміздің болашағы не болмақ?

Ұлтымыздың болмысында біткен асқар таудай биік, өмірдің бар асылына бергісіз, сан ғасырлық ғажайып, бірегей мәдениеті бар. Тіл – мәдениеттің құрылымдық элементі, мәдениеттің болу шартыәрі ең жоғары құндылығы. Қазір ғаламдық тіл санатына романдық тілдер тобы, нақтырақ айтсақ, ағылшын тілі сақадай сай дайын тұр.

Ендеше, жөргегінде тұңшыққандай күйдегі біздің тіліміз – біздің мәдени құндылықтарымыздың ажырамас бір бөлігі. Сондықтан тілімізге қамқор болу – мәдени мұрамызды түгендеудің тағы бір жолы. Тіл ұлт болып қалудың соңғы қамалы екені баршаға аян. Сол қамалды сақтап қалу - әрбір қазақтың қасиетті борышы. Біз қатарлы жастардың негізгі мақсаты – ана тілімізде сөйлеу арқылы оның өміршеңдігіне қол жеткізу. Сол арқылы келешекке біртұтас ұлт, рухы биік халық ретінде жол тарту.