Жастық шағымның әуендері

Жастық шағымның әуендері
жеке
блог

Студент кезімде мына музыканттарды сүйіп тыңдайтынмын. Олардың әуендері менің сол бір кезеңіммен байланысты. Топтардың ешқайсысы ыдыраған жоқ, орындаушылар да. Концерттік қызметін жалғастырып жүр. Бірақ көрінбейді, естілмейді де... Сағынамын...

Roxette (Роксэ́т) – швециялық поп-рок тобы. 1986 жылы құрылған. Вокалистері – Пер Гессле мен көрікті Мари Фредрикссон. Гессле – ән сөзін жазатын ақын, композитор, гитарашы, гармоникашы, орындаушы, ал Фредрикссон – әнші-музыкант, рояльда ойнайды. Бұл топтың It Must Have Been Love және Listen To Your Heart әндеріне сүйсінбеген адам жоқ шығар. 2002 жылы топ солисі Маридің миында қатерлі ісік бары анықталып, операция жасалды. Содан бері дуэт бұрынғыдай белсенді емес. Дегенмен биыл Charm School атты жаңа әнжинақ шығарды.

А-ha – норвегиялық топ. 1983 жылы құрылған. Солист Мортен Харкеттің өзіндік дауысы мен мұңды әндері адам психикасының иірімдеріне ерекше әсер ете білді. Стилі – электро-поп. Балладалық мелодика жеңіл күрсіндіреді, көңіл күйіңе ерік бергің келеді. Velvet деген ән хитке айналған еді кезінде. Бұл топ 1998 жылы қызметін тоқтатып, төрт жылдан кейін қайта бастады. Былтыр топтың ресми түрде таратылатыны жария болды. Топ әлемнің біраз елінде қоштасу концерттерін өткізді. Биыл Норвегияда жан түршігерлік лаңкестік оқиға болған еді. Соның құрбандарын еске алуға арналған концертте аты аңызға айналған топ Stay on These Roads әнін орындады.

U2 ирландиялық рок тобы.  2976 жылы құрылған. Әлемнің ең танымал және ең табысты музыкалық ұжымдарының бірі. Рок тобының 140 млн-ға жуық альбомы сатылған. «Грэмми» сыйлығының 20-дан астамын иеленген. Топтың вокалисі – Боно (Пол Дэвид Хьюсон).

The Cranberries те ирландиялық топ. Ең танымал хиті – Zombie. Білесіздер! Топ 1989 жылы құрылды. Топтың солисі – 90-жылдардың мықты дауыстарының бірі – Доло́рес Мэ́ри Э́йлин О’Ри́ордан Бёртон. Бұл дауысты басқа әншілердің вокалымен шатастыру мүмкін емес! Мелодикалы рок, гитараның драйвы. Әндердің бәрі терең лирикаға толы. Дегенмен қозғайтын тақырыптары – ұлтаралық қақтығыстар, нашақорлық, қоршаған орта ахуалы. Адамзат мәселесін жалпы ауқымнан жеке адамның көңіл күйімен байланыстыра жеткізу дәстүрін осы топ өкілдері қалыптастырған болар.

With their tanks, and their bombs

And their bombs, and their guns

In your head,

In your head they are cryin`

In your head

Zombie

What`s in your head, in your head

Zombie...

 

Биыл топ алтыншы студиялық альбомын жазды дейді. Бірақ мен естімедім.

О-о-о-о! Менің сүйіктілерім! Travis – 1990 жылы құрылған ағылшын тобы. Менің студенттік кезімде сондай танымал болды! Sing деген әннің клипі ең сүйікті клипіме айналды.

Естеріңізде болар, элита өкілдерінің дастарханында музыканттардың бірінің шанышқысы тайып кетіп, тәрелкедегі шаян ханымның басына ілініп қалады. Осыдан кейін қонақтар бір-біріне қолына түскенін лақтыра бастайды. http://www.youtube.com/watch?v=G1f2M5G9KG8 Топтың Side деген әні де хит болды! Топ жетекшісі Фрэнсис Хили – мен ес білгелі көрген елеусіз, әдемі ирокездің иесі. 2002 жылы Travis-тің барабаншысы ауыр жараланып, топ тарап кете жаздады. Бірақ кейін бәрі қалпына келіп, менің сүйікті тобым қызметін жалғастырды. Дегенмен экрандарда жоқ.

Garbage америкалық рок тобы. 1994 жылы Висконсинде құрылған. Негізі бұл топтың мүшелері 80-жылдардың басынан ән айтып, көзге түскен. Солисі жайлы білесіздер – әйгілі шотландиялық әнші – Ширли Энн Мэнсон. Топтың әндері шетінен тамаша, топ мүшелерінің өздерін «қоқыс» деп атауы ешкімнің көңіліне жаға қоймаса да, бүгінде  Ширлидің керемет вокалының арқасында бұл сөздің өзі сүйкімді ұғымға айналды. Топ әлі белсенді қызмет етіп жүр. Келер жылы жаңа альбомы жарыққа шықпақшы, бірақ, тағы да, бұл топты да танымал музыкалық арналардан көру қиын болып кетті.

Bloodhound Gang – ой, несін сұрайсыздар, тыңдасам билеймін ғой, билеймін! Рок музыканың америкалық өкілдері. Филадельфиялық сымбатты жігіттер.

Менің өнегелі отбасыдан алған тәрбиемді сәл-пәл қыңырлау, есерлеу етуге әсерін тигізген осы топ, әсіресе, оның солисі – Джимми Поп болды дей аламын. 1992 жылы құрылған топ секс пен неше түрлі құмарлық ләззаттан басқа тақырыпта ән айтпайды. http://www.youtube.com/watch?v=xat1GVnl8-k  Биыл Fishin' For Hookers деген альбомы шыққан. Бірақ бұл топ та бұрынғыдай насихатталмайды.

Morcheeba – ағылшынның «есірткіге жол» дегенді меңзейтін атауы бар музыкалық коллективі. Бір қап-қара қыз қара мысықтай бұлғаңдап ән айтушы еді ғой. Естеріңізде ме? Әуендерінің жанры: трип-хоп, R&B, диско. 1995 жылы құрылып, 10 жылдан соң солисін ауыстырды, былтыр қап-қара қыз қайтып келді. Әлі ән айтып жүр. Бірақ сол менің студенттік кезімдегідей белсенді емес.

Gorillaz – 1998 жылы құрылған жоба. Ағылшын музыканттары үнемі комикс түріндегі клиптер шығарып тұратын. Ойдан шығарылған кейіпкерлері бар бейнеклиптер әлі күнге дейін сұранысын жоғалтқан жоқ. Бірақ қазір бұл топты бір кездері жаппай тыңдаған көптің қатары азайған.

Енді бір екі әнші туралы айтып кетейін. Шэна́йя Туейн – канадалық әнші.  2000 жылдары сондай танымал еді. Ең мықты әні Ka-ching деп ойлаймын! Ойлаймын емес, сол! Шэнайя өткен онжылдықтың ең табысты әншісі болды. Ол алмаған атақ жоқ. Алдағы онжылдықта да зор табысқа жетері сөзсіз. 2005 жылы Greatest Hits альбомы ең көп сатылған жинақ атанса, осы жылы әншіге Канаданың мемлекеттік ордені берілді.

Анасте́йшаны білесіздер. Басында маған мұндай дауыс ұнамайтын. Бірақ кейін тыңдайтын болдым. Соңғы кездері көрінбей кетті. Дима Биланмен қосылып, ән айтқаны, былтыр қазақстандық бір олигархтың қызының үйлену тойына келгенін білеміз. Көбіне жабық шараларда ән айтып жүрген Анастейша бұрынғыдай танымал емес.