Неге ең көп Нобель сыйлығының иегерлері АҚШ-та?

Неге ең көп Нобель сыйлығының иегерлері АҚШ-та?
жеке
блог

Ғылым мен зерттеуге қызығасыз ба? Олай болса, неліктен АҚШ-та ең көп Нобель сыйлығының лауреаттары бар болуын ойлап көрдіңіз бе?

Нобель сыйлығы-әлемдегі ең беделді сыйлықтардың бірі. Әр жыл сайын әйгілі ғылыми зерттеу, революциялық жаңалықтар немесе мәдениет пен қоғам дамуына зор үлес қосатын жұмыстар үшін берілетін халықаралық сыйлықтардың ішіндегі ең танымалдарының бірі. Нобель сыйлығының тарихы Альфред Нобель есімді динамитті алғаш ойлап тапқан швед кәсіпкерінен басталады. Өмір бойы дүние жинаған кәсіпкер өлер алдында бар байлығын ғалымдарға қалдырамын деп өсиет хат қалдырып кетеді. Солайша, барлық байлық физика, химия, физиология және медицина, экономика, бейбітшілік және әдебиет салаларында айтарлықтай жетістікке жеткен ғалымдарға беріледі. Сонымен, ең алғашқы Нобель сыйлығын 1901 жылы неміс физигі Рентген алады. Нобель сыйлығының 118 жылғы тарихында даулы мәселелер көп болды. Солардың ішінде ең қызығы- АҚШ-тың ең көп иегер атануы. Ендеше, бірге себебін тауып көрейік.

Бірінші себеп- мемлекеттің экономикалық статусы. Нобель сыйлығының иегерлері статистикасын қарасаңыз, төмендегі кестені көресіз.[1]

  1. АҚШ-375
  2. Ұлыбритания-129
  3. Германия-108
  4. Франция-69
  5. Швеция-32
  6. Жапония-27
  7. Канада-26

Қарап отырсаңыз, бұл мемлекеттердің барлығының ортақ сипаттамасы- технологияларға бай дамыған елдер болуында. Расында, үкімет бюджеттен қаржыландыру жасап отырса, неге оны ғылымға қолданбасқа? Мысалға, 2016 жылғы статистика бойынша АҚШ зерттеуге әлемде ең көп ақша бөлетін ел атанды, шамамен 512000000000$. Бұл Американы ғылымда ең озық ел қылды. Ал, Қазақстан жыл сайын 670000000 теңге бөліп, 65-орында орналаcты [2].Әрине, елімізде дамуы қажет өте көп әлеуметтік салалар бар. Алайда, бюджеттен ғылымға ақша бөлу-болашаққа жасалған үлкен инвестиция.  «Не ексең, соны орасың» демекші, қазіргі жастарға берген білім, болашақта еліміздің көркеюіне алып келеді.

Екінші себеп- елдегі демократия. II Дүниежүзілік соғысқа дейінгі уақытта АҚШ-та ғылым лауреаттары өте аз еді. Алайда, соғыстан кейінгі уақытта олардың саны айтарлықтай өсе бастады. Неге десеңіз, елдегі демократия мен сөз бостандығы ғалымдарға академиялық бостандық берді. Ғалымдар тек қана мемлекеттің саяси қаруларын жасайтын лаборанттар ғана емес, сонымен қатар ауруларды да емдей алатын және бейбітшілік әкелетін адамдар екенін көрсетті. Елдегі бостандық алғаш рет әлеуметтік, гендерлық және академиялық мәселелерді көтеріп, оларды шешуге көмектесті. Солайша, АҚШ әлемде ғалымдар мен жазушыларға өмір сүруге ең қолайлы мемлекеттер арасына кірді. Бұқар жыраудың «Өзіңе еркіндік бермесе, азат бастан не пайда?» деген нақыл сөзі осыны білдірсе керек.

Үшінші себеп- қоныс аударып келген иммигранттар. Шыны керек, Американың Нобель сыйлығы бойынша жетістігі иммигранттар арқасында да болуы мүмкін. Мысалға, 2016 жылы Америкадан 9 адам Нобель сыйлығының иегерлері атанды. Алайда, олардың ешбірі Америкада туылмаған және уақыт өте келе ғана сол елдің тұрғыны атанған. Осыған орай, әлемде өте көп талқылаулар болды. Ең қызығы- иммигранттардың басым болуы ғылымның әрі қарай дамуына жақсы әсер ететінін дәлелдеді. Соңғы кезде, академияда «diversity in science» деген ұғым пайда болды. Бұл-көпұлттылықтың шығармашылықты және жаңа идеяларды тудыратынын көрсетті. Сондықтан, Американың иммигранттарға толы болуы кемшілікті емес, керісінше артықшылықты білдіреді.

«Кел балалар оқылық,                                                                                                         

Оқығанды көңілге,

Ықыласпен тоқылық» демекші мемлекеттің тек экономикалық ғана емес, сонымен қатар ғылыми дамуы өте маңызды. Американың экономикалық статусы, демократия мен көпұлттылығы оны барлық салаларда озық қылды. Нобель сыйлығы тек қарапайым бір сыйлық болып көрінсе де, оның терең мағынасы бар. Негізінде, бұл-мемлекеттің тек қана шенеуніктер емес, сонымен қатар ғалымдар мен бейбітшілікті қалайтын қоғам қайраткерлерін де есепке алатынын көрсетеді. Сондықтан, жас та болса тарихы терең Қазақстанымыздың дамуы-үкімет пен жас ұрпақтың жауапкершілігінде.