Ақ жол, Перизатым!

Ақ жол, Перизатым!
жеке
блог

Бәріміз де ҚазҰУ-да оқып жүрсек те, өз алдына бір қаладай алапат жерді алып жатқандықтан күнде жолыға бермейміз. Оның үстіне, факультеттеріміз де әр түрлі. Осы себепті демалыс күндері бас қосуды әдетке айналдырғанбыз. Оралдағы Галиевтер әулетінің кішкене моделі.

Ертең Пиок (Перизат) Францияға (оқуға) жол жүретін болғандықтан, таңмен таласа барлығымыз Фаризаның жатақханадағы бөлмесіне жиналып алдық.

Күн жарқырап терезеден шуақ төгіп тұр. Үлкен форточкадан енген желді “Ә, көктем келді” – деп қомағайлана жұтып Меңтай отыр. “Назар аударын” қарап, арасында сықылықтап күліп қояды. Үй иесі (Фариза) жақында шыққан қазақ сериалдарының бірін тамашалап өз кереуетінде жатыр. Екеуміздің арамызды кереуеттен сәл биіктеу үстел бөліп тұрған. Кейде Гупидің (Гүлзат) бал татыған құймақтарына созылған қолдарын көріп қаламын. Пиок өз бөлмесінде жолға жиналып жүрген.

Көптен күткен күннің жылуына елжіреп, бауырымның бүтіндігіне шүкіршілік айтып, “Эхх, не деген идиллия?!” – деп, төбедегі люстраға қарап жатқаныма шай қайнатым уақыт болған.

Шәйнек ұстаған Гүлзатпен бірге Пиок та кіріп келді: “Міне, мынау сенің кітабың, өз кітаптарымды бір апта бұрын корпусқа апарып тастағам... Ой, мына Меңтайдан асқан бақытты адам жоқ қой, квн қарап жатыр” - деп жымиды да, - “жарайды, мен қалған заттарымды жинастыра берейін. Ағайдар келгенде айтыңдар”.

Үстелдің үстінде жатқан кітапқа қолымды создым. Сөйтсем, кітап Зейнеп Ахметова (Бауыржан Момышұлының келіні) апамыздың “Әзіліңді сағындық” аталатын асыл жары Бақытжан Момышұлы туралы естелігі екен. Сөзге ұста, ойға жүйрік Бәкеңнің бірқақпайлары деп басталатын кітапты ашып оқи бастадым:

Кіші немереміз Мадияр: «Әже, әже!» - деп мойнымнан құшақтап, бетімнен сүйіп жатыр. - Бұл үйде мені Мадияр ғана осылай жақсы көреді, - дедім жүрегім елжіреп. - Әжесі-ау, ол әлі кішкентай ғой, - дегені атасы маған қарап.

 ****

Төлеген мен Қыз Жібектің – Құман мен Меруерттің шаңырағында қонақтықта отырмыз. Сөз кезегін Бақытжанға бергенде, қасында отырған Шерхан аға – Шерхан Мұртаза: -Тікірейген шашыңнан айналайын! – деп інісінің басынан сипады. Сонда Бәкең сөзін тост сөйлеуден емес, басқа бір әңгімеден бастады: -Аға, жақында мен жан-тән туралы жазылған бір кітап оқыдым. Сонда айтады, адам өмірге келгенде, яғни туыла салып, екі періште қасына келеді екен де, баланың бүкіл алдағы өмір тіршілігін, тағдырын кезек-кезек айтып береді екен. Бірақ қырқынан шығарған соң, бала оның бәрін ұмытады екен. Ал мен ұмытпадым. Періштелер «Әкең – Бауыржан, әйелің – Зейнеп болады» дегенде, төбе шашым тік тұрды да, сол күйі жатпай қалды, – деді.

Соңғы сөйлемді оқығанда еріксіз күліп жібереді екенсің. Қайта-қайта оқимын келіп. Со сәтте бала кездегі бір естелік ойға оралды.

Ертең үлкен сапарға аттанғалы отырған сіңлім Перизат кішкентай кезінде көп жылайтын. Ұйқыдан тұрып алып бірден "әндететін". Сол кезде әжем: Бала бетерден-бетер жыламайды. Сәби шыр етіп дүние есігін ашқанда екі періште қасына келіп бүкіл алдағы өмірін айтып береді екен. Егер баланың ырыздығы алысқа шашылған болса “Мұның бәрін қалай жиямын” деп жылай береді екен”, - дейтін.

Ай, дана әжем-ай! Расымен, Перизаттың ырыздығы алысқа шашылған екен. Франция көрші ауыл емес. Осыған дейінгі ырыздығы тынымсыз еңбегімен жиған бауырымның арманы көп. Бұл арман да қазір орындалғанымен, оның бала кезден мақсат тұтқан шыңы еді. Франция, Париж деп түс көретін. Барлығымыздың армандарымыздың сыр-сандығы, олардың орындалуының ақниет тілекшісі Рауила апама телефоннан: “Ләй апа, білесің бе? Мария Склодовская Кюри де Францияға 24 жасында оқуға түскен екен. Тура менің жасымда”, – деген сөзін құлағым шалған. Ендеше, сенің де кез-келгеннің тісі өтпейтін химия саласында үлкен ғылыми ашулар жасап, Кюри секілді бірнеше мәрте Нобель сыйлығының иегері атануыңа тілектеспін. Мен білетін Перизаттың бойында осы аққанат арманға жеткізетін қасиеттің бәрі бар. Жаратқан жар болсын!

Мақсот Оралұлының (папаның) өзіңе арнаған өлеңінен бір шумақ:

Жат жерде абай болып жүргін, қызым,

Көзі түзу болсын тек бір құдайдың.

Атаның баласы боп аттанғанмен,

Алаштың баласы боп оралғайсың!