Жүректерге тазалық сыйлаған «Театр көктемі»

Жүректерге тазалық сыйлаған «Театр көктемі»
жеке
блог

Жылдың елеулі оқиғаларының бірі, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында дәстүрлі түрде өткізіліп тұратын «Театр көктемі» фестивалінің жабылу салтанатына да  келіп жеттік.

Биылғы жылы фестиваль Қазақстан және КСРО халық артисті, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор, Жайықтың ерке қызы Хадиша Бөкееваның туғанына 100 жыл толуына арналып отыр. Бір аптаны құраған фестиваль жылдың жаңа бес туындысын  және Хадиша Бөкееваны еске алу кешін назарымызға ұсынды.

Фестивальді ашқан Ғабит Мүсіреповтың «Ақан сері-Ақтоты» трагедиялық спектаклі еді. Қойылым жас ақын Ақан сері мен Ақтотының шынайы махаббатын , сонымен қатар ақынның халқының бақыты  үшін күресуін бейнелейді. Дегенмен, халық қос ғашықтың қосылуына кедергі болады. Соған қарамастан олардың бір-біріне деген сезімдері мәңгілікке ұласады.

Фестивальдің екінші күні Мадина Омарованың  «Ақтастағы Ахико» спектакль көрсетілді. Спектакль ұлт зиялыларының , сонымен қатар басқа ұлт өкілдерінің де 30-жылдарда жаппай қуғынға ұшырап, лагерлерде көрген азапты кезеңдерін бейнелейді. Осындай ауыр жылдар Қазақстандағы Карлаг лагеріне қуылған 15 жасар жапон жігіті Ахико Тецуроның басына түседі. Лагерде он жыл отырып шығып, аштықтан өле жаздаған бала қазақ бауырларының мейірімділігінің арқасында аман қалады. Жылдар өте келе еліне қайта оралған Ахико, әкесінің рұқсатымен өзінің Отанына айналған Қазақ жеріне қайта оралады.

Фестивальді жалғастырған Рей Кунидің «Мани-мани» комедиясы болатын.   Қойылымда қарапайым ағылшын жігіті Генри Перкинс өзінің туған күнінде метрода басқа адамның чемоданын шатастырып алып келеді. Бір қызықтысы ол чемодан іші толы ақша болады. Қуанышы қойнына сыймай Генри Перкинс әйелімен бірге шет  елге көшуге бел буады. Дегенмен, олардың осынша көп ақшалары барын естіген таныстары оларға бөгет жасай бастайды. Яғни, ақша үшін талас басталады. Қойылым «Алтын көрсе періште жолдан  таяды» деген сөзді жоққа шығармай, ақша үшін адамдардың барлығына баратынын астарлы түрде күлкімен жеткізген.

Келесі болып Мұрат Қолғанаттың туындысы «Бақыт кілті» спектаклі қойылды. Кәсіпкерлікті өзіне серік еткен жас жігіт Бауыржан жұмысын тоқтатқан алтын кенішті қайтадан іске қоспақ болады. Бірақ,оған өз үлесімізді аламыз деген жемқорлар кедергі  жасап, отбасына қауіп төндіріп, қастандық ойластырады. Жақын адамдарының сатқындығы, жалғандық, зұлымдық пен қорқынышқа булыққан өмір ауыртпалығына Бауыржан қаймықпай, жеңіске жете біледі. Қойылым кәсіпкер, марқұм Бауыржан Асаубаев ағамыздың  өмірі мен қызметіне негізделген.

Фестивальды қорытындылаған Мадина Омарованың жаңа туындысы «Көмбе нанның дәмі» спектаклі. Қойылым соғыс жылдары тылда қалған халықтың бастан кешкен қиын-қыстау заманын бейнелейді. Кеңес өкіметінің саясаты бойынша қазақ жеріне басқа ұлт өкілдерін Отандарынан айырып, жер аудартып жібереді. Қазақ халқы өздері  аш-жалаңаш отырса да, ауыздағыларын жырып беріп, ұлт қонақжайлығын білдіреді. Қойылымның басты идеясы ұлт пен ұлттың  қанша қиын заман болса да, бір-біріне пана болып, бірлікте өмір сүргенін көрсетеді.

Осындай жаңа, тың туындыларды көріп, ерекше әсер алдым. Сіздерге де көруге кеңес беремін. Театрға келіңіздер!