«Арландар» құрамы толық жасақталған жоқ

О Сансызбай Корреспондент
«Арландар» құрамы толық жасақталған жоқ

Дүниежүзілік бокс сериясында (WSB) ел намысын қорғайтын «Арландар» 17 тамыз күні алғашқы оқу-жаттығу жиындарын Алматыда бастайды. Ал кейбір салмақ дәрежелерінде боксшылар әлі жетіспейді екен. Бұл туралы клубтың ресми сайты хабарлап отыр.

БӨЛІСУ

Бесінші маусымда «Арландар» «В» тобында өнер көрсетеді. Олар «Argentina Condors» (Аргентина), «Venezuela» (Венесуэла), «USA KnocKouts» (АҚШ), «Italia Thunder» (Италия), «Azerbaijan Baku Fires» (Әзірбайжан) және «Poland Hussars» (Польша) пен жақында анықталатын бір клубпен сынға түседі. Команда жаттықтырушысы Бейбіт Бүркітұлының айтуынша, биыл команда құрамына жаңадан боксшылар қосылуы мүмкін екен.

- Бізге кейбір салмақ дәрежелерінде боксшылар жетіспейді. Сол үшін алдағы өтетін ішкі жарыстарда «Арландардың» құрамында бокстасуға лайықты жігіттерді іріктеп алуымыз керек. Ертең Алматы мен Көкшетауда бокстан Қазақстан кубогы жолындағы жарыс басталады. Сол сында өзімізге лайықты жігіттерді іріктеп көреміз. 8 тамызда Қазақстан кубогы Ақтөбе мен Қарағандыда жалғасын табады. Сол жарыста да жас боксшыларды таңдауға мүмкіндік туады. Егер өзін жақсы жағынан көрсеткен боксшылар болса, онда бізбен бірге жаттығу жиындарына қатысады. Көңілімізден шығып шатса, келісім-шарт ұсынуға бармыз, - деп мәлімдеді.

Сонымен қатар, «Арландар» құрамында өнер көрсететін боксшылар бүгін басталған Қазақстан бокс федерациясының кубогы турниріне де қатысады. Берік Әбдірахманов, Мәди Шолақов (60 келі), Мадияр Әшкеев (69 келі), Ерік Әлжанов, Сүлеймен Бердіқаев (75 келі) пен Әділбек Ниязымбетов (81 келі) Маңғыстау өңірінің атынан рингке шығатын болса, Теміртас Жүсіпов 49 келіде Ақмола облысының намысын қорғайды. Ал Анвар Мұзафаров (52 келі) пен Асхат Уәлиханов (69 келі) Алматы қаласының атынан сынға түсетін болады.

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: Нұрғиса Елеубеков