"Ардагерлерімізді ардақтайық"

"Ардагерлерімізді ардақтайық"
жеке
блог

   10 наурыз күні "Жас Отан" Жастар Қанаты Алматы қалалық филиалының белсенді жастары ҚР Қарулы Күштерінің 25 жылдығына орай "25 игі іс" жобасы аясында Ұлы Отан Соғысы ардагері Әли Изатов қарияның шаңырағына барып қайтты.

   Әли Изатов 1922 жылы 2 мамырда Семей облысы Шұбартау ауданында дүниеге келген. Жастайынан жетім өскен ол аштықтың да ащы дәмін сезінген жанның бірі. Қаһарман қария Екінші Дүниежүзілік соғыста 100- атқыштар дивизиясының қатардағы жауынгері болып, көрсеткен ерлігі мен батырлығы үшін Кеңес Одағының "Қызыл ту" орденімен марапатталған. Соғыс аяқталарда әскери білім беретін училищеге түсіп, 1947 жылы "Лейтенант" шенін алған. Қан майданға жан берісіп соғысқан қартымыз қазіргі уақытта "зейнеттегі полковник". Үстіміздегі жылдың бас мерекесінің бірі- ҚР Қарулы Күштерінің 25 жылдығында ардақты ардагеріміз 95- жасқа толып отыр.

   Осы орайда, "Жас Отан" белсенділері ақсақалымыздың үйіне бас сұғып, қажетті шаруаларын атқарып, салиқалы әңгімелерін тыңдады.Рухты сөздерге жігерленген жастар сыйлықтарын табыстап, жарқын өмір сыйлағаны үшін ақсақалымызға алғыс білдірді. Батырларын жадынан шығармаған балалары барына қуанған Әли атамыз да жастарға өз батасын беріп, алғысын жаудырды. Ол балалардың болашағынан зор үміт күтетінін, еліміздің келешегі сауатты әрі еңбекқор ұрпақтың қолында екенін  тілге тиек етті. 

   Иә, біздің жастар еліміздің еркіндігі мен ұрпағының бақытты күндері үшін жан берген батыр бабаларымызды еш ұмытпақ емес.  Отанын сүйген "Жас Отан" жастары да бұл жобаны әрі қарай жалғастырып, игі істердің санын көбейтері анық.

 

Ұлжан Ибраим, Бәйдібек Дүйсебай, "Жас Отан" Жастар Қанаты АҚФ