Футболшылар голды қалай "тойлайды"?

Футболшылар голды қалай "тойлайды"?
жеке
блог

Футболдан жаңа маусым басталмай жатып, Қайрат құрамасы алматылықтарды бір қуантып қойды. Жақында ғана өткен Қазақстан Суперкубогында Астана құрамасымен кездесіп, 2:0 есебімен жеңіп шыққан болатын. Ойында бірінші голды салған Сесар Арзо мен құрама ойыншыларының голға қуанған сәті ерекше көзге түсті. Олар әйгілі Бебетоның «бесік» қимылын қайталап, жанкүйерлерімен қуаныштарын бөлісті. Иә, бірі білсе, бірі білмес «бесік»-ті ең алғаш ойлап тапқан 1994 жылы әлемдік чемпионатта Бебето болатын. Ол сол кезде бұл голды жаңа дүние есігін ашқан баласына арнайтынын айтқан еді. Ал, біздің ойында Сесар  Арзо бұл голын команда капитан Бауыржан Исламханның сәбиіне арнады.

Футболда қарсы топтың қақпасына гол салған кездегі қуанышты, сезімді жеткізу мүмкін емес. Оны футболдың маңызды ритуалы десекте болады. Ендеше, назарларыңызға қызықты 10-дықты ұсынамыз:

Қазіргі таңда Алматылық «Қайрат» ойыншысы Андрей Аршавин әр салған голынан соң сұқ саусағын ерніне жақындатады. Өзінің айтуы бойынша оның  ешқандай да мағынасы жоқ.

Испания ұлттық құрамасының бұрынғы шабуылшысы Рауль гол салған кезде неке жүзігі (футболшыларға түрлі әшекейлер тағуға тыйым салынған) тұратын саусағын сүйеді. Ол осы қуанышын отбасына арнағанын білдіреді.

Итальяндық «Рома» клубының капитаны Франческо Тотти бұрынғы ойындарында бас бармағын аузына салып, жетістігін өз баласына арнайтын. Кей кездері селфиға да түседі.  Тіпті, арнайы күлкілі сөздері бар футболкалар киіп шығатын-ды.

Дортмундық «Боруссия» ойыншысы Пьер-Эмерик Обамеянг салынған голынан кейін, Бэтменның маскасын киіп, футбол алаңы бойына жүгіріп өтеді.

Робби Фаулер «Ливерпуль» құрамында ойнаған кезде  «Эвертон»-ға қарсы ойында, гол салғаннан кейін футбол алаңының жаныдағы ақ жолақты иіскелей бастайды. Оның себебі: Эвертондық жанкүйерлердің оны наркотик пайдаланады деп айыптағанына жауабы еді.

Мәскеулік «Динамо» ойыншысы Павел Погребняк әр салған голынан соң, өзіне өзі сенбей, дымда түсінбей тұрғандай түрде тұрып қалады екен.

Австралиялық футболшы Тим Кэхиллдың қуанышы ерекше. Ол голынан соң шетте тұрған туларды боксқа шақырады. Тіпті, бір голынан соң түрмеде отырған інісіне арнап, кісен де көрсеткен болатын.

Итальялық футболшы Винченцо Монтелло өзінің қылықтары үшін «аэроплан» аталып кеткен. Себебі, әр голынан соң алаң бойына қолымен самолетты келтіріп, жүгіріп өтеді.

Каталондық «Барселона» шабуылшысы Лионель Месси голдан кейін екі қолын жоғары көтеріп, 10 жасында ерте айырылған әжесіне құрметі мен ризашылығын білдіреді. Ал,жақында ғана «Сельта»-ға қарсы ойында гол салғаннан кейін қолымен ұялы телефонды көрсетті. Өзінің айтуынша ол күні бойы хабарласып сөйлесе алмаған жиеніне көрсеткен екен.


Бразилиялық футболшы Кака болса, гол салған соң екі қолын аспанға көтеріп, Құдайға ризашылығын білдіреді.

Осындай қызықты көріністерден кейін, футболшылардың өмірінде голды «тойлау» сәттері көп болғай деп тілейміз.

Ал жеке өзіме, футболдың жанкүйері ретінде Бразилиялық футболист Неймардың голынан кейінгі түрлі әдемі билері ұнайды.