«Батырлар біздің арамызда»

«Батырлар біздің арамызда»
жеке
блог

2017 жылдың 7 наурызында «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалының бас ғимаратында «Жас Отан» Жастар қанаты мүшелерінің ұйымдастыруымен паралимпиада және паразиада ойындары қатысушыларымен кездесу өтті.

«Батырлар біздің арамызда» деп аталатын бұл жиынға шақырылған қонақтар қатарында мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы еркін күрестен әлем чемпионы Шонку Харатхаан, 2016 жылы Тегеран қаласында өткен чемпионатта еркін күрестен 3-орын иегері Тажиев Асылхан, үстел теннисінен ҚР 5 мәрте чемпионы Оразбек Азамат, паразида ойындарының жеңімпазы, үстел теннисінен ҚР спорт шебері  Ахат Ауданбеков бар.

Кездесудің алғашқы сөзін алған «Жас Отан» Жастар Қанаты Алматы қалалық филиалы төрағасы міндетін атқарушы Мади Ахметов келген қонақтарға өз алғысын білдіріп, жиылған студенттерге бұл шараның басты мақсатын түсіндіріп кетті. Студенттермен пікір алысып, сұхбаттасуға асыққан спортшылар өз өмірлері туралы сыр шертіп, жетістікке жету жолдарын нақты айтып өтті. Өмір кедергілері мен қара жолақтарына қарсы төтеп берген өжет жандардың салиқалы әңгімелері мен айтқан кеңестері жиылған жастарға жігер беріп, келешекке деген кемел үміттерін арттырды. Жастар өз ойларын ортаға салып, өмірге деген махаббатын жоғалтпаған жандардың қайсарлығына қызығатынын жеткізді.Тек жарық дүниеге емес, туған жерге деген ыстық сезімін жеткізген спортшылардың бірі Азамат Оразбек өз сөзінде: «Қанша ел мен жердің кереметін тамашаласам да, өз Қазақстаныма жетпейтінін түсіндім» деп атап өтті.

Жиын соңында студенттер өз өнерлерін ортаға салып, меймандарға арнайы сыйлықтарын табыстады. Спортшылар «Жас Отан» Жастар қанаты мүшелеріне алғысын айтып,  аруларды келе жатқан мерекесімен құттықтады.

Бұл кездесу тек сырлы сұхбат алаңына ғана айналып қойған жоқ. Ол жастардың болашаққа деген сенімдерін арттырып, әр студенттің жарық дүниеге деген ыстық ықыласын оятты.

Жастардың таным көкжиегін арттырар мұндай шаралар осымен тоқтамайды. «Жас Отан» Жастар Қанаты алдағы уақытта да бүгінгідей  кездесулер мен сұхбаттарды, сондай-ақ, жастардың санасына оң әсерін тигізер  маңызды іс-шараларды өткізуді жоспарлауда.

Алматы қалалық "Жас Отан" Жастар қанаты