Бақытты болғам сол сәтте...

Бақытты болғам сол сәтте...
жеке
блог

Құдіреті күшті Алла тағала баршамызды жаратқанда сан алуан ерекшелігімен қоса жасақтап, әлемді бунақ-бунақ қып адамдар мен қоса табиғат арқылы әсемдегендей. Ешбір пенде баласы мен ешбір тіршілік көзі, тіпті өлі табиғаттың өзі де бір-біріне ұқсамай, өзгеше келер...

Қарадым. Ой, шіркіннің, ойландым да кеттім...

Бейне бір әдемілік деген ұғымның сырын біз білмейтіндей сияқты болып көрініп кетеді. Әдемілік – сыртқы сұлулық қана емес, жан дүниенің тазалығы мен адам баласына жайлылығы, адамгершілігі мен имандылығы.

Кең дала. Көсіліп жатқан көк шөп шықпайтын Маңғыстаудың байтақ даласы. Не тауып жеп жүргені белгісіз отар-отар қойлардың жайылымдағы бейнелері. Бәрі-бәрі көліктің ішіндегі мына маған қызық көрінетін. Межелі жерімізге жетіп, көлік тоқтады. Жалғыз ғана қараша үй. Әдеміленіп салынған, тап бір аудандағы үйлерден де асып түсетіндей. Үйге қарсы бетте 4 сарай салынған, сол сарайлардың бірінен қыбыр-жыбыры құрғыр бітпейтін нағашы мамам шыға келді. Ооо, мінее, мені ылғи да мал ауылға қарай жетелейтін, есіме бір түссе миымды ызыңдататын сағыныш осы нағашы мамамның ыстық құшағы еді. Мен оны көріп мәзбін, түсер- түспестен аяғыма оратылып жүрген ала төбеттерге мүлдем назар да аудармаймын, ал нағашы мамам туған сәбиі Ауғаннан келе жатқандай емешегі үзіліп, құшағы керіліп, жүзі нұрланып кетеді. Ой біз де бір-бірімізге жеттік-ау... ненің аңсауы, ненің сағынышы, қайдағы ыстық махаббат екенін өзім де түсіне бермеймін кейде. мауқымызды басып болғанша төңірек үн-түнсіз бізді бақылап тұрғандай көрінеді. Сәл уақыттан кейін барып, «әй, тәйірі» деп өз немересін, өзінің үнемі қасына алып жататын балапанын өзгеден қызғанғандай Өз әжем де тіп-тік басып жүріп келеді екен. Бұл өз шешем жасынан қайратты, батыл кісі. Оны бүкіл ауыл менің құлағыма құйып тастаған. Сол қайраттылығынан, денсаулығының мықтылығынан ауырып сырқамай балаларына аса ауырлық түсіре қоймады. Сол мықтылығын осы жолы да көрсеткендей, белін бір қисатпай, бүкіреймей томардай тіп – тік жүреді. Ал нағашы мамам өте кірпияз, қанша мал ауылда тұрса да сарай мен үйлері, қоралары жылтырап тұратын тап-таза, бір қылшық көрсе, не болмаса аяқ киімдерден сәл бір иісті байқап қалса, жиіркеніп, құсып, басы айналып, сол бойы 4-5 күн ауырып шығатын еді. Мені қызғанған өз шешем де, нағашы мамам да бір – біріне дым білдірместен, арқа-жарқа амандасып, үйге қарай асықпай аяңдады.

Ал менің жаныма бағана амандаспай өтіп кеткен 3 төбет келді. Бәріннің иіс сезгішін – ай, баяғыда барлығы да бірдей біздің үйден шыққан. Күшік кездерінде кішкене асырап едік. Содан мені танып, айналшықтап жанымнан ұзамай, отбасындағы бір адам келгендей мәз. Әсіресе, мына мен құшақтап, өз сағынышымды баса алмай тұрған Ақтабан. Ақтабан тек күшік кезінде емес, өскеннен кейін де біздің үйдің иті болды. Жай ғана ит емес, қасиетті ит еді. Біздің үйге сәл ғана арам оймен қараса болды, не жайсыз дүние айтқысы келгендердің ешқайсысын үйге кіргізбейтін. Мұның бәріне біздің әбден зерттеп көзіміз жеткен. Тіпті арнайы емшіге барғанда да осы бір иттің атын емші өзі біліп отыр екен. Келген бойымызда арнайы итаяқ алып, құрметтеңдер, ол сендердің қорғаушыларың деген болатын. Содан біздің үйдің тағы бір мүшесі, тілі жоқ ақылгөйі, қонаққа барсақ та сол жақта сыртымыздан қарап бақылап жүретін асқан ақылды ит еді. Сәл қартайыңқыраған соң, және малауылға ит керек болғасын да біз ақтабанды беріп жібердік. Қазір бұл үйдегілерр өз итімізді өздерінікінен бетер жақсы көреді. Бір қызығы бұл Ақтабан бізді асыға күтеді екен. Үй иесі оны бізге талай айтқан.

Ең басында аласұрып ауылға келіп, бізге мауқын басады да қайтадан кетіп қалатын. Тап бір жұмысына кетіп-келіп жүрген адамдай. Бір күні малауылдағы үйде отырған жеңешем өте қатты арсылдап үрген иттің дауысынан шошып кетеді. Мұндай дауысты бірінщі рет естуі. Сыртқа шығып қараса, үйді айналып, бар даусымен үріп, бір тыным таппай қауып, жынданған, ішіне жын кіріп кеткендей, кіргенде де алақұйындатып жүрген не құдірет болды екен деп бәрі аң-таң. Үйді қатарынан 5 рет айналады да, жолға шығып одан да бетер үреді. Осыны қайталай береді, қайталай береді, аяғы да шаршамайды, даусы да қарлықпайды.  Бір тоқтамайды-ауу, жылдамдығы ендііі құс ұшқандай, дауысы пілдің дауысынан да зор естіледі. Сонда үйіндегі ер адам тұрып бұған не болды екен деп Ақтабан үріп жүрген жолға қарай бинокльмен көз тастаса, пай, шіркіннің, біздің үйдің машинасының төбесі көрініпті. «Әй, бәле, бинокльмен енді-енді әрең көрініп келе жатқан иесінің көлігін бұл қайдан біліп тұр, ә.» Деп таңырқаған да қойған. Ой, енді біз жеткенше бұл Ақтабанның жүрегі жарылып кетпесін, асылым сондай қасиетті еді-ау. Біз келгені келдік-ау, енді машинадан түсуге өз басым қатты қорықтым. Өз Ақтабанымнан өзім қорқып зәрем кетті. Ол бейшара болса сағынғанынан көзінен жас парлап, анамды иіскелеп, бірде інімнің үстіне шығып екі аяқтап жүріп, өзі де мәз, біздің үйдікілер де мәз. Көліктен енді түсейін десем, алабажақтап жетіп келеді де тұрады. Секіріп бұлқынып, көзінің жасы бұлақтап ақ қара басты ақтабаным енді маған мауқын басқысы келгендей асыға аптыға көлікті шыр айналып мені күтіп жүр. Сол сәтте оның түрінің қоқыныштылығынан және мұндай әрекетін білмегендіктен, тіпті ол сағынып жүр-ау деп те ойламаған мен қатты қорқып, біраз түсе алмай отырдым. Жаныма інім келгенде ғана, ақырындап түстім. Себебі, ақтабанның мені ұмытып қалып қауып алары мүмкін, бірақ, өліп бара жатса да інімді ұмытпайтынын, оны қаппайтынын анық білетінмін. Сөйткен Ақтабаным өзі шошып тұрған адамның үстінен жабасып кетпесі бар ма, жүрегім ұшып кетті, бірақ өлтірмекші болып жатқан Ақтабан жоқ, керісінше қолымды жалап, бетіне бетін тигізіп иіскегендей болып әуреленіп жатыр. "Еееееее" дедім. Манадан кетер ме екен деп машинадан түспей қанша отырсам да, кетпей тұрып алғаны мені де сағынғаны, сағыну түгілі мені танып тұрғандығын айтсаңшыы.... Ой менің аппақ итім айй, асылым-ай.

Бір-біріне сағыныштары бітпей тұрған қыз бен ақ иттің маңайы жазық дала, қылтиып шығып келе жатқан шөппен әрленген, сарғая нұрын төккен күнмен әшекейленіп, қырат-қырат белдері төбелерін көрсетіп жарысқандай, оймақтың үлкен түріндей дөңгеленген тастар жердің үстіне тігілген бейне бір моншақтар секілді. Таза ауа мұрныңды жарып жібереді, сона-а-у алысқа салынған қорадағы мыңғырған төрт-түліктің дауыстары құлаққа түрпідей емес, жалап өткендей әсем сезілуін – ай...  Сағындым сені жайлауым, күздеуім, қыстауым... Бұйыртқанда демалысымның тең жартысын сонда өткізетін байтақ далам – ау, жаны жайсаң жақындарым-ай... Тағы да мауқымды басуға барармын-ау, әттең-айы осында айтылған екі шешем мен ақтабанымның жоқтығы ғана.... Бірінен-кейін бірі кеткендері, сағынышты ұлғайтады. Екі шешеммен аймаласып үлгердім-ау, ал асыл төбетіммен тек мен ғана қоштаса алмай қалған жоқпын, бәріміз де аңырап қалдық. «Жақсы ит өлігін көрсетпес» дегенді естіп қойғандай, бір күн ауырып, біз жетеміз дегенше, үшті-күйлі жоқ болып кетіп қалған. Әрине, бір жерге барып жан-тәсілім еткені анық....

Абылова Шалқар Абылқызы.

ҚазҰУ, журфак, 2 курс.