Америкадан отбасын тапқан қазақ балалары

Америкадан отбасын тапқан қазақ балалары
жеке
блог

Жас режиссер Қанат Бейсекеевтің "Бала" атты Америкалықтар тарапынан асырап алынған қазақ балалары жайлы деректі фильмі осы жылдың 22 қаңтар күні көркрменге жол тартты. Осыншама аз уақыттың көлемінде фильм көпшіліктің ыстық ықыласына бөленіп, қазақ киноиндустриясының болашағы жарқын болатындығына үлкен үміт арттырады. Ең алдымен бұл фильм сізді өзінің ерекше түсірілген стилімен, сәтті таңдалған әуендерімен,  операторлықтан бастап, монтаждауға дейінгі барлық жұмысты  жалғыз өзі атқарған режиссердің  ерекше талантымен таңқалдырады.Сонымен қатар "crowd-funding" яғни көпшіліктің жинаған қаржысына түсірілген фильм коммекциялық бағытты көздемейді.Негізгі идеясы-қоғамның өзекті мәселелерінің біріне айналған жетім балалар  жағдайы.Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 1999 жылы халықаралық бала асырап алу заңы күшіне енгеннен бастап 2011 жылға дейінгі аралықта, 8791 бала әлемнің түкпір-түкпір елінен асырап алынған, оның 6421-і Америка тұрғындары болып табылады. Осылайша Қазақстан Америкалықтар тарапынан ең көп бала асырап алынатын он мемлекеттің біреуі атанып отыр.

 

 Фильмнің негізгі кейіпкерлері -Рүстем/Jordan, Дамир/Milo, Анеля, Алданыш/Noah, Нұршат/Gabby, Райымбек/Nick және Серік өз тағдырларын,мұхит асып өздеріне бар мейірімі мен махаббатын төккен ата-аналары туралы және жалпы Қазақстан туралы білетіндерін баяндайды. Фильм өте шынайы,мейірімге толы бір үлгіде шыққан. Шынында да, өзіміздің қандас бауырларымыздың туған елінен жырақта,өз тілін,дәстүріне жат болып, елінен алыстағаны жанға батуы мүмкін.Дегенмен осы жәутеңдеген бүлдіршіндердің тілі де,діні де,түрі де басқа болғанына қарамай, бауырына басып,бар сүйіспеншілігін төгіп,оларға мұнда өз елі,өз қоғамы,өз ата-анасы бере алмаған өмірді сыйлаған-Америкалық ата-аналарға басымды иер едім. Себебі осыншама мейірім мен махаббаттың айналасында өсіп келе жатқан бұл балалардың да өмірге деген,оларды жападан жалғыз қалдырған аналарына деген көзқарасы түсінушілік пен кешірімділікке толы.Кейбірі биологиялық анасын тауып, бір-екі рет хабарласып,сурет алмасу мүмкіндігіне ие болса, енді кейбіріне аналарының жалғыз есімі ғана жәдігер болып қалған. Дегенмен, көпшілігі өсе келе Қазақстанға баратындықтарын,өз аналарын тапқысы келетіндектерін,аналарымен кездескенде оларға не айтқысы келетіндіктерімен бөлісті.

Скрин с видео

Осы орайда айта кететін жайт,Америка мен Қазақстандағы бала асырау мәселесіне деген көзқарастың айырмашылығы. Америкада бала асырау жиі кездеседі әрі ата-аналары балаларының асыранда екенін жасырмайды.Өмірде әртүрлі қиын жағдай болатынын,биологиялық анасы баласының жақсы өмір сүргенін қалағандықтан бергендігін кішкентайынан түсіндіріп, шындықты қабылдауды үйретеді Осылайша,бала мен туған анасының арасында өшпенділік пен ыза емес, сүйіспеншілік пен кешірімділік орнауына үлкен үлес қосады.Фильмдегі кейіпкерлерді алып қарасыақ та,ата-аналары олардың қазақ екенін,Қазақстан олардың туған Отаны екендігін құлақтарына құйып,туған аналарына құрмет ретінде қазақ есімін екінші есім ретінде қалдырған.Өкінішке орай, біздің қоғамымызда бала асырау бұл сияқты жақсы қабылданбайды. Әрине бізде де жаны жайсаң, мейірімді жандар көп,дегенмен қоғам бәрібір бұл түсінкке ашық әрі толерантты емес секілді.

Жалпылай келе,бұл фильмнен ойыма түйгенім -ұлтқа,дінге тағы да басқа топтарға бөлінгенімізбен, ең алдымен біз бәріміз де адамбыз, әрі біздің адамдығымыз-біздің мейірімділігімізде.