Қазіргі жастар санасындағы махаббат ұғымы

Қазіргі жастар санасындағы махаббат ұғымы
жеке
блог

   Ежелден қазақ халқы құстың қос қанатындай екі ғашықтардың арасындағы махаббат үлгісін көрсететін әдеби мұраларға бай. Сол махаббат бұлтын ақ қағаз бетіне әріппен жаңбырлатқан шығармалар – Қыз Жібек пен Төлеген, Қарагөз бен Қалқаман-Мамыр және т.б. Оқырман көңілінен шыққан осы туындыларда ғашықтардың бірге жүрген қысқа сапары оқыған әрбір адамға нағыз махаббаттың бейнесін айқын ашып, жүрегін тебірентетіні сөзсіз. Осындай шығармалар махаббат бұлағы болса, сол бұлақтан сусындатқан біз, жастар, осы күні жайқалған бәйтерек болдық па, әлде жәй қалған қарағаш болдық па?

    Қазіргі жастардың шынайы махаббатына куә болған кездеріміз бар, жоқ демейміз. Бірақ, жалпы алғанда, олардың басым көпшілігінде махабаттың бағасы сол Сырым мен Қарагөздің, Қалқаман мен Мамырдікінен өзгеше. Сол өзгешеліктің беті жаман жаққа бағытталған. Осы тұста,  досымның қалай отау құрып үйленгендігін баяндап өткен жөнді болар деп ойлаймын. Бір жыл бұрын досым бір қызға өлердей ғашық болғандығы және сол қызға үйленгісі келетіні жайлы айтты. Біраз болар болмас себептен, атап айтқанда, жағдайы келмегендіктен, сол қызбен отау құра алмады. Соңында, оттай тулаған жүрегі мұздай қатқан досым басқа қызбен шаңырақ көтерді. Осы мысалдан айтқым келіп отырғаны, екі жастың арасындағы махаббаттың бағасы ақшамен өлшенгендігі. Сонымен қатар, арасындағы сезімі гүлге қонған көбелектей тұрақсыз болуы. Мен осындай жат қылық қазіргі жастардың бәріне тән деп айыптайтын ойым жоқ. Бірақ, көбісінің жүректеріндегі сезімдері бұлттай сұрланып, бойларындағы тәлім-тәрбиелері бұзылып жатқан жайы бар. Жастардың саналарын аластатып жатқан себептердің бәрін айтпасамда, негізгілерін түртіп өтейін.

   Біріншіден, әлеуметтік желі. Жаһандандыру заманында Интернеттің күнделікті қолданысқа иеніп, өміріміздің ажырамас бөлігіне айналғандығына күмән жоқ. Бірақ, осындай өзгерістің жастар өміріне әсері зор. Қолына Құраннан гөрі телефонын жиі ұстайтын жастар осы күндері әлеуметтік желінің кісенделген құлына айналып бара жатыр. Таңның атысынан кештің батысына дейін ВКонтакте, Facebook, Mail.Ru секілді жерлерде отырады. Сезімдерін хаттамалармен білдіртіп, болашақ жарын сол жерлерден тауып жатыр. Мәліметке сенетін болсақ, ажырасқан отбасылардың көпшілігі әлеуметтік желімен некесін қидыртқан азамат мен азаматшалар. Расында, қазақ халқымыз қыз аларда оның тегіне қарап, сырын біліп барып, шаңырақ көтерген халықпыз ғой. Ал қазіргі заманда, әлеуметтік желілерде салынған суреттер бір-біріне деген құштарлықтың шоғына айналып, сезімдерін хаттамамен білдірткен, жан-дүниесін ұғынбай қосылған екі жастың махаббаты жалған болатындығы рас.

     Екінші мәселе - мансапқұмарлық. Бүгінгі аяқ шалар заманда, бәрінің де қалайтыны - қайғы қамсыз өмір сүріп, материалдық мұқтаждыққа душар болмау. Осы арманның жетегінде кеткен адамдар бүгінгі күні оқу орнын аяқтап, дүние мен мансапты қуып жатқан жайлары бар. Салдарынан шаңырақтарын 30-40 жастарында көтеріп, ерлі-зайыптылар өміріне аяқ басып жатыр. Меніңше, осындай жолмен отбасы құру жөнсіз деп ойлаймын. Себебі, екі жас өмір қамшысының астынан бірге өтпей, қиыншылықтармен сыналмай сезімдері берік болмайды. Ал, сол адамдар ертеңінде нәсібінен айырылып жатса, махаббатарының тереңдігі қалтаның қалыңдығымен өлшенбейтіндігіне кім кепіл?

    Үшінші мәселе – батысқа еліктеушілік. Халқымызға жат, батыстан ескен сұрапыл жел жасөспірімдердің санасын баурап жатыр. Түні күнге айналып, күні түнге айналған кейбір бозбала мен бойжеткендер, түнгі клубтардың табалдырығын тоздырып  жүргендігі жүрекке қайғы ұялатады. Ал, сол жерде шайтанның ақ суынан дәм татып, неше түрлі жын-ойнаққа бой ұсынады. Шайтанның азғыруымен өткен кеш қыздың некесі қиылмай балалы болып, ертең жастардың қайғысына айналып жатқан-ды. Міне, жігіт пен қыздың осындай ара-қатынасы нағыз адал махаббаттың үлгісі емес екендігіне ешбір күмән жоқ.

    Жоғарыда келтірілген мысалдар XXI ғасыр махаббатының көрінісін айқын көрсетеді деп 100 пайызға айта алмаймын. Бірақ, бар нәрсені жоқ деуге болмайды. Осы тұста, атақты француз жазушысы Роллан Ромменнің ойын бөліскім келіп отыр. Роммен: «Махабаттың бағасы, сол махаббатты сезінген адамның бағасымен өлшенеді» - деп айтқан екен. Адамның жан-дүниесі, жүрегінің тереңдігі, арының тазалығы, мейірімділігінің жылуы сол адамның бағасын көрсетеді. Ал адамға ұлы қасиет ұлы тәрбиемен келеді. Расында да, кезінде ата-бабамыз қызын қырық үйден тыйып, ұлына өнегелі тәрбие берген. Есесіне, инабатты қыз бен әдепті балаларының шаңырақтары биік, махаббатары баянды болған. Сондықтан, ардың орнына нарды көздеген заманда, қорғасындай балқыған ұл, қыздарымызды дұрыс қалыпқа құйып, бойларында қазақилықты дамытып, болашаққа деген жауапкершілікті сезінуіміз қажет. Себебі, жастардың махаббатынан дүниеге келген балалар болашақта еліміздің тізгінін қолдарына алған ұл мен қызға айналатындығын ұмытпауымыз қажет, ағайын!