Талайларды тамсандырған талант

Талайларды тамсандырған талант
жеке
блог

Мыңдардың ішінде бірінде кездесетін ерекше дауыс иесін қазақта тамағына бұлбұл ұя салған деп бағалап  жатады. Бүгінгі күні дүниені аузына қаратып отырған бұлбұл  дауысты қазақ баласы - Димаш Құдайбергеновтің таланты талайларды тамсандыруда. Аспан асты елінде өтіп жатқан «Мен әншімін» халықаралық  жобасында қазақ елінің намысын қорғап жатқан жас әнші  әлем жұртшылығының ықыласына бөленуде.  14 этаптан тұратын байқау Қытайдағы ең ауқымды, мега жобалардың бірі, әрі  талап тілектері де оңай емес. Жобаның басты фаворитіне айналған  Димаштың осы кезге дейінгі көрсеткен өнерінің қорытындысы төмендегідей:

І этап:  «S.O.S. Dun Terrien En detresse» - француз әні  І орын.

ІІ этап: «Опера--орыс  әні І орын

ІІІ этап: «The show must go on» -ағылшын әні   ІІІ орын

ІV  этап: «Autumn strong» - қытай әні ІІІ орын

V этап: «Uptown Funk» - ағылшын әні VІ  орын

VI этап: «Adagio»  - италиан әні І орын

VII этап: «Дайдидау» -  қазақ әні ІІІ орын

Жалпы есеп бойынша І орыннан түспей келеді. Димаштың әр көрсеткен өнері қалың көременді еріксіз баурап ,таңқалдырумен келеді. Оның  «құлақтан кіріп, бойды алатын» ерекше дауысы өнертанушылар  тарапынан да өте жоғары бағалануда . «Бірде француз, бірде ағылшын, бірде орыс, енді міне қытай тілінде ән шырқауы бұл қытайлық жобада бұрын соңды болмаған құбылыс. Өзге тілде сөйлеу бір басқа да,  ал акцентсіз ән орындау  және осылау шебер орындау қазақ әншісінің бір қыры. Мен Димашты «Singer» жобасының лингвистикалық генийі деп атағаным   сондықтан»,- дейді қытайлық өнертанушы  Пэн Джия- бин.  Тек бұл ғана емес  әлемдік жұлдыз Лара Фабианның өзі Димаштың талантына тәнті болып, алдағы уақытта кездескісі келетінін әлеуметтік желіден хабарлады.  Ал Қытайлық актер  Джеки Чан Димаштың сирек кездесетін өнерін бағалап  өзінің  жеке студиясына арнайы шақырып, сый- сыйапат көрсеткен. Өз кезегінде Димаш қазақтың шапанын танымал актердің иығына жауып, домбыраны сыйға тартты.  

Қазақ атын әлемге шығарып жүрген Димаш бүгінде Қытайдағы ең танымал адамдардың ішінде көш бастап тұр. Оның әр этапта  көрсеткен өнерін әлеуметтік желіден көрушілер миллионнан асып жығылады.  Күн сайын жанкүйерлерінен келіп түсетін хаттар мен сыйлықтардың санында есеп жоқ.  Қытайлық ірі сауда орталықтары оның бейнесі бейнелеген түрлі бұйымдарды жасап  шығаруда.  Айта берсең оның танымалдығының шегі бұл ғана емес.  Аз ғана уақыт ішінде әлем жұртшылығының назарына  ілінген жас әншінің бағындырған белесі бұл ғана емес, бұмен де шектеліп қалмайды. Төрткүл  ғаламға  қазақ дейтін елдің өнерін паш етіп жүрген Димаштың  шығармашылығына табыс тілей отырып, қонар тұғырыңыз биіктей  берсін дегім келеді. Алға, Димаш!