Қыз-жігіттер неге былапыт сөзді көп айтады?

Қыз-жігіттер неге былапыт сөзді көп айтады?
жеке
блог

Осы жайлы ойлап жүргеніме көп болды. Қай жерде жүрсем де, жігіттердің аузынан шығатын сөз бейәдеп. Көркем мінезді бордай тоздыратын бір-ақ ауыз жаман сөз ғой. Содан қоғамда бұлай сөйлеу нені білдіреді екен деген ойға қалдым. Шынында, біздің орта не себепті былапыт сөз айтады? Ойланып көрдіңіз бе?

Былапыт сөз бен дисфемизмнің не екенін анықтап алайық. Айтуға я жазуға болмайтын сөздерді білерміз, ал дисфемизм әдеби тілге жатпайтын, тұрпайы, дөрекі түрде айтылатын, біреуді қорлау, кеміту мақсатында пайдаланылатын сөздер. Менің айтқым келіп отырғаны біріншісі.

Былапыт сөздің игі мақсаты болмайды. Кез келген жағдайда мұндай сөз жақсылыққа апармайды. Негативтен тек негатив туады (өз байқауымша). Кейде жастардың дым жаңашылдығы болмаса да, Төреғали Төреәлінің әнін тыңдап жүргеніне қуанамын. Себебі оның әрбір әнінде көркем сөз қарапайым тілмен, сәтті сөз тіркестермен айтылады. Бірақ біздің жігіттерге дәл солай сөйлеуге не кедергі? Кейде тіпті анайы сөздерді айтуды сәнге айналдырып алғандай боламыз. 90-жылдардың түсінігімен өмір сүретін "батырлар" әлі де бар екенін көріп те жүрміз.

Ал енді мына қызықты қараңыз. Орыстың бір ғалымы былапыт сөзді ібілістің тілі деп, дәлелдемек болыпты. Жалпы өзі ғылымның дінді әуелі мойындамағанын, алайда кейін мистиканың кей элементтеріне ұғым беріп, өзінше анықтама берген ғалымдардың түптің түбінде жаратылыс күшіне иланғанына көзіміз жетіп жүр. Мен айтып отырған орыс ғалымы неге былапыт сөзді ібілістің тілі деген тұжырым жасағанын білгіңіз келе ме? Сөйтсек, ол медицинадағы бір құбылыстың куәсі болыпты. Оның көз алдында отырған науқастың тілі кеміс екен. Бір ауыз сөз айта алмайды. Алайда науқас былапыт сөздерді еш мүдірместен, тіпті боғауыздан құралған сөйлемді де айтып шыға алады екен. Неліктен деп ойлайсыз? Ойланып көріңізші, сіз қалай түсінік берер едіңіз?

Өз басымнан өткен бір жағдайды айтқым келіп отыр. Бір жазушы ағам бір жылдары атауын атағым келмей отырған бір газетте ата-бабамыз айтқан делінген боқауыз сөздерді жинап-теріп беріпті. Сондағысы ата-бабамыз боқтай алған екен. Бұл "өнерді" автор ағамыз мақтаныш көріпті. Ал кейін сол ағамызбен бетпе-бет тілдескенде "біз кімді болса да боқтай алуымыз керек", "Заман бүлінгенде шындықты батырып айтудың бір жолы - боқтау" деп салды. Дені дұрыс логика бойынша, қарсылықты сауатты әрі жөн сөзбен жеткізу керек еді. Бірақ бұл жерде ағамыз мұндай қадамға «шарасыздықтан» барып отырған сыңайлы. Себебі тек әлсіз, дәлелі жоқ, сауатсыздау адам мәселені эмоциямен шешеді деп есептеймін.

Менің байқауымша, қазақша фильмдердің тілі тіршілігіміздің негізгі тілі болуға керек. Бірақ бізге дәл сол фильмдегідей әдеппен сөйлеу тым мәдени, тым астамшыл көрінеді. Неге? Меніңше, қазақ фильмдерінің сендіре алмайтыны, жасанды сияқты болып көрінетіні, кейін барлығымыздың ұнатып көретін киномызға айналмайтыны осы себептен сияқты. Мәдениетті әрі сауатты сөйлеу білудің тек өзімізге байланысты екенін аңғаратын сияқтымыз.

Жалпы қазақ халқы сөзге қатты мән берген дейміз. Меніңше, сол сөзден алатын әсердің көңілімізге қалай тиетініне қатты мән беретін сияқтымыз. Себебі қайдағы жоқ біреу сіз жайлы жаман сөз айтса, не намысыңыз қажалады, не мысыңыз басылады.

Бұлар енді ойымда жүрген түйткілдер ғой. Ал біздің қазақтың сөзге қалай мән беретінін бір мысалмен түсіндіріп өтейін. "Сөз қадірі" деген еңбек бар. Сыншы әрі жазушы Ілияс Омаров жазған. Осы мақаласында ол Мұхтар Әуезовтің сөздің қадірі жылай айтқанын еске алады: Сен сөздің дертін қайта-қайта есіме сала бердің-ау. Бірақ көңіліңе келмесін, сендер оның қадір-қасиетін жете түсіне бермейсіңдер, - деп бір қойды да, көп кідірмей ойын жалғастыра берді. - Сөз шіркін де адам секілді. Оның да ала-құласы көп. Орнатқан жеріне қорғасындай құйыла қалатын орнықты сөз бар да, қурайдың басында қылп-қылп етіп ұшып кеткелі тұрған торғайдай ұшқалақ сөз бар. Сіздің жақта арбаға екі атты парлап жекпеуші ме еді. Сонда желісті, күші көп атты түпке салады да, ал басын садақша иіп, сәнді қырындап отыратын сұлу жылқыны қасына жегеді. Сөздің де сондай жүк тартқыш түптегісі мен қиғаштап сұлу жүретін маңайламасы болады. Халық соны біліп, сөз екеш сөзді де "одағай сөз", "сүйкімді сөз", " сайқал сөз", "жылы сөз" деп түр-түске бөліп жүр ғой. Біз жазушы болғандықтан осының барлығын білуіміз керек. Солай мәні мен әріне, әуені мен мүсініне қарап електен өткізіп, сұраптап алмасақ, жазған шығармаларымыз әлде бірдемеге ұқсап кетер еді. Халық арасында небір жаңа сөз, жаңа ұйымдар туып жатады, бұл - табиғи процесс. Солардың шала туғандары өліп, мезгілі бітіп, өміршеңдері қанаттанып, азаматтық сөздер қатарына қосылады. Құдайға шүкір, сөздік қоры жағынан қазақ тілі ешкімнен кем де, кедей де емес, әдебиетіміздің қаулап өсуінің бір себебі осында жатқан сияқты.

Дәл айтылған сөз ғой. Маған осы пікірдегі "одағай сөз", "сүйкімді сөз", " сайқал сөз", "жылы сөз" деп түр-түске бөлінгені жайлы ұнап қалды. Ойларыңызды ортаға салыңыздар, пікірлесейік, достар.