Бойжеткеннің әңгімесі

Бойжеткеннің әңгімесі
жеке
блог

Балалық шағым.... балдай тәтті уақыттар, қызық қуып құмары қанғанша ойнайтын бала күндер...... жоқ..... мұндай естеліктер менде жоқ. Есімде қалған әрбір күн, әрбір уақыттар менің жүрегімнің жұлым жұлымын шығарып жазалай береді, жазалай береді.

Үшінші сыныпты аяқтап, жазғы демалыста жүрген кезіміз. Түс мезгілі, тезекке көміп нан пісірмек болғам. Жалаң қолыммен ыстық табаны ұстай алып қолымды күйдіріп алдым. Көзімнің жасы ыршып кетті. Бейне бір ток ұрғандай солқылдап жылай бергенім есімде. Қолымның күйгеніне емес, ішімді кернеген ашу, ыза кеудемді тепкілеп жылатып жатыр. Алыс жаққа, тым алысқа кеткім келді. Анамды өзіммен алып кетер ем, ағамды да інімді де қалдыратын ойым жоқ. Бірақ қайда баруым мүмкін. Анам болса ауруханада. Басынан қатты соққы алған дейді. Өзін әлі көргенім жоқ. Әкем..... әкем кінәлі бәріне. Бірнеше күн бұрын ескі әдетіне басып арбаның доңғалағымен анамның басынан ұрған. Есін жоғалтқан анамды ауруханаға кім алып барғанын анық білмеймін. Әйтеуір сол күні үйге милиция қызметкерлері келген. Әкемізді алып кетті. Ініміз екеуміз әлдебіреуді күткендей қақпа сыртында ұзаааақ отырдық. Екеуіміздің көкейімізде бір сұрақ, оны кез келген адам көзімізден оқып ала қояр еді. Ары қарай не болады? Міне екеумізді мазалаған сұрақ осы.

- Шынымен соттайма?

- Білмеймін.

Бағана күндіз көрші балалардың әңгімесінен ұққанымыз әкемізді соттайды екен. Бұл хабарға қуанбадық, өкінбедік. Себебі біз үшін әкеміз әкеміз сияқты емес, құдды жағымсыз кейіпкер секілді еді. Үйге кіруге беттемей інім екеуіміз далада сенделіп жүргенімізде машина келіп тоқтағандай болды. Бала емеспіз бе, құдды бізге Құдайдың өзі келгендей қуана басып қақпаға жақындадық. Бұл келген анамның ағасы екен. Үмітіміз жанып жәутеңдеген көзімізбен машинаның ішіне қарағыштап, жалтақтап тұрмыз. Бар үмітімізбен анамызды күткен біз машинада ешкім жоғын аңғарған сәтте ақ көңіліміз су сепкендей басылды. Атам, яғни анамның ағасы ініміз екеуімізді ертті де ағамды үйге қалдырды. Ағам ол кезде есі кіріп қалған. Бізден гөрі сыр білдірмейтін сабырлы, өзін біздің қасымызда ересек адамдарша ұстайды. Бірақ оның да бізден жасырып жылайтынын титтей жүрегім сезеді. Сонымен, ағам мен әжем үйде, біз нағашымыздың үйіне кете бердік. Нағашымның үйі көрші ауылда, екі ауылдың арасы небәрі үш шақырым шығады. Бұл жаққа келгенімізге де екі күн болды. Анамды, ағамды ойлай бастадым. Ешкімге білдірмей тек ініме ғана оңашалап айтып, сағынғанымды жеткіздім. Менен гөрі інімнің шыдамы мықты екен, ол мен құсап жыламады.

- Қайтамыз ба?

- Қалай

- Жаяу

- Жарайды дедім қуана кетіп. Осылай келісіп алдықта жаздың аптап ыстығына қарамай шаңқай түсте үйден шығып кеттік. Барлығы да ұйқыда жатқан, біздің кеткенімізді білмей де қалды. Жаяу жүріп отырып ауылға да жеттік. Таныс үйлер, таныс көше, мектеп. Маған қарап қол бұлғап, шақырып тұрған сияқты.

- Қашан келесің дейді сыбырлап.

- Қыркүйекте қауышармыз. Інім маған жалт қарады. Сірә ішкі дауысым сыртқа ытқып шыққан секілді. - Мектепті сағындың ба?

- Ия

- Мен де.  Інім биыл біріншіні, мен үшінші сыныпты аяқтағанмын. Сабақты үздік оқыдым, тек ынжықтығым басым және жасық болдым. Үнемі бір үрейдің құшағында шырмалып жүретінмін. Мектептің жанынан өтіп он минуттан кейін үйге де жеттік. Алдымыздан анамыз шығып қарсы алатындай желпініп кірдік. Ағам мен әжемнен өзге ешкімді де көре алмадық. Міне содан бері де бірнеше күн өтті. Әжеме көмектесіп оны мұны тірліктің басын шалғаным болмаса ісімнің бәрі шала. Жаңағы қолымды күйдіріп жүргенімде соның айғағы. Араға бірнеше күнді салып әкем оралды үйге. Ал анам, бізді біраз сағындырды. Анам әкеме арыз жазбаған көрінеді, бәрін жылы жауып қойған. Туысқан сіңлісі мән жайды айтып қойғаны себепті милиция қызметкерлері әкемді алып кеткен, анам есін жиғанда басқаша түсінік берген. Сол себепті де әкеміз келіп қалды. Күн сайын түнде жұлдыздарға қарап сырласатынмын, құдайдан жалбарынып анамның ертерек келуін сұрайтынмын. Ол күндер, сірә, менің санамнан шыға қоймас.

Бір біріне сюжеті ұқсас, бірде ұзақ, бірде қысқа мерзімге созылатын осындай оқиғалар біздің үйде жиі болатын. Көз алдымызда қолына түскен затымен анамызды ұра жөнелгенде әкеміз бізге жебірейілдей көрінетін. Осындай күнделікті айқай шу мен арақтың күлімсіген иісінен әбден шаршаған менің «Жетімдер үйінде өссем ғой, шіркін» - деп армандаған кездерім де аз емес. Мен осылай балалықтың бал дәмін алаңсыз сезініп жүре алмадым. Ерте бойжеттім. Қатарластарымның арасында мен тұйық әрі ынжық болдым. Өмірдің қаншалықты ауыр екенін титтей жүрегіммен ерте сезіндім.

Анам өте жуас кісі. Біздің болашағымыз үшін өз өмірін аямады. Біздер өскенде әкесіз деп көзіне шұқымасын деп әкемізді тастап кетпеді. Анамыздың алдында сан мың миллион парызым бар, өтеуім бар. Анамның бұдан кейін бақытты түрін көргім келеді. Миллион мәрте алғыс айтсам да аздық ететін шығар. Ал әкеме келер болсам, ол бізді ақыры тастап кетті. Алдымен айырбастап кетті, кейіннен мәңгілікке тастап кетті.

Мен сабақты жақсы оқыдым, және армандарым өте коп болатын. Әдебиетті жан тәніммен сүйдім, бірақ, өмір мені басқа арнаға бұрып жіберді. Арманыма жете алмадым, мейлі, өкінбейін. Одан енді пайда жоқ. Тек өткен күннің елесінен құтылып, өкініштерімнің өтеуі ретінде әлдекімнің иығына басымды қойып отырып еркелегім келеді. Тек кімге? Маған көмектесе алатын жан барма? Маған көмектесе алатын бір ақ нәрсе бар. Ол – үміт.

Мен жаңбырды ерекше қатты жақсы көремін. Себебі, ол – бұл әлемде менен өзге де жылауық жаратылыстың бар екенін әрдайым есіме сап тұрады. Және өткен күндерден қалған жүректегі жараларды жуып жатқандай көрінеді.